Зейнеткерлер де 42 500-ге тапсыра алады
Зейнеткерлер де 42 500-ге тапсыра алады
© сурет интернеттен алынды
147
оқылды
Қарағанды облысында 102 мың адамға ТЖ кезінде табысынан айырылуына байланысты 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек тағайындалды. Өңірде барлығы 229 мыңнан астам адам төлем тағайындауға өтініш берген. 89 мыңға жуық өтініш түрлі себептермен қабылданбаған. 102 мың адамға тағайындалды. - Көп жағдайда табысын жоғалтпаған немесе ТЖ режимін енгізгенге дейін айтарлықтай жоғары табысқа ие болған адамдардың өтініштері қабылданбады. Сондай-ақ, бұл төлем осы күнге дейін әлеуметтік жәрдемақы алатындарға да берілмейді. Басты мақсат - ТЖ режиміне байланысты еңбекақысыз қалған адамдарға көмек көрсету. Мысалы, кәсіпкерлік қызметті тоқтатуға немесе ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр болғандарды қолдау, - деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов. Алайда, егер зейнеткерлер, мүгедектер немесе басқа да мемлекеттік жәрдемақы алушылар төтенше жағдай режиміне дейін ресми түрде еңбек етсе, ал қазір жұмыссыз қалса, оларға да 42 500 төленеді. Әлеуметтік төлем алуға ниет білдірушілерге өтінішті 30 сәуірге дейін тапсырып үлгеру қажет. Қарағанды облысында 76 мыңнан астам адамға азық-түлік-шаруашылық жиынтықтары тиесілі. Олар атаулы әлеуметтік көмек алушылар, барлық топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі балаларды күтетін ата-аналар. Олардың есеп-шотына 4 АЕК-ке тең сома аударылады. Бүгінгі күнге дейін оны облыста 16 мыңнан астам адам алды. Бұл санаттағы азаматтарға қабылдау алуға өтініш беру қажет емес - тізім автоматты түрде қалыптастырылады. Сондай ақ, биылғы жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алғандар өтінішін ұзарту үшін қандай да бір органдарға жүгініп, өтініш жасауы қажет емес. Олар алып отырған АЕК ТЖ біткенше автоматты режимде жалғасады. АӘК алуға өтінішті алғаш рет беретіндер оны egov.kz электрондық үкімет сайтында жүзеге асыра алады.   Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы