Сый-сыяпат жасады
Сый-сыяпат жасады
306
оқылды

Бүгінде Түркістан облысы бойынша ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген­дер саны он екі мыңнан асса, соның ішінде 60-тан астамы сұрапыл соғыс дала­сынан келгендер. Ал тыл ардагерлері тоғыз мыңнан асылып жығылады. Ұлы Жеңістің 74 жылдығы мерекесі қарсаңында Түркі­стан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар ҰОС ардагерлерінің шаңырақтарына барып, арнайы құттықтады.

Өңір басшысы әуелі Ұлы Отан соғысы ардагері Әбжаппар Дай­ра­бай­ұлының шаңырағына аялдады. Ол 1927 жылы 1 қаңтарда Сыр бо­йын­­дағы Тартоғайда дүниеге кел­ген. 1943 жылы майданға алы­нып, Беларусь, Украина майдан­да­рында Польшаны азат етуге қатысқан. «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен ма­ра­патталған. Елге оралғаннан соң ұстаздық жолда еңбек еткен. Арда­гер 3 қыз бен 2 ұлдан 6 немере тәрбие­леп отыр.

Кейін облыс әкімі Ұлы Отан соғысы ардагері Немет Абдра­си­лов­тың шаңырағында болды. Ол 1922 жылы 1 қаңтарда Түркістан қала­­сында дүниеге келіп, 1-гвар­дия­лық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі бол­ған. Украина, Бе­ло­рус­сия май­дан­дары мен Сталинград, Курск шай­қастарына қатысқан. «І дәре­желі Отан соғысы», «ІІ және ІІІ дәре­желі Даңқ» ордендерімен, екі «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен, «Гер­ма­­нияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» сынды медальдармен ма­рапатталған. Ардагер 5 ұл мен 1 қыз­дан 20 немере, 18 шөбере сүйіп отыр.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы ардагерлердің соғыста көрсеткен ерлігін бүгінгі ұрпақтың қамы үшін жасалғанын айтып, айтулы мерекемен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Батырларға деннің саулы­ғын, ғұмырдың ұзақтығын тіледі.

Айта кетерлігі, Түркістан об­лы­сы бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оларға теңестіріл­ген­дер саны – 12 849, соның ішінде 63-і – соғысқа қатысушылар мен мү­ге­­дектер, 3-еуі – қаза тапқан жауын­­герлердің жарлары және 9445-і тыл ардагерлері бар.

Мереке қарсаңында барлық аудандар мен қалаларда жергілікті бюд­жеттер есебінен Ұлы Отан со­ғы­сына қатысушыларға 100 ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерін­де, яғни 252 500 мың теңгеден, оларға теңес­ті­ріл­ген азаматтарға 5 АЕК (12 625 теңге) мөлшерінде біржолғы мате­риалдық көмек берілетін болады.

 

Түркістан облысы