Қандай құрмет көрсетсек те жарасады!
Қандай құрмет көрсетсек те жарасады!

Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында Жеңістің 74 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шара дүниеден озған майдан жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Кешегі жауынгерлер мен олардың ізін жалғастырған Отан қорғаушыларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады.

– Кешегі майдангерлерімізге, бүгінгі әскеріміздің айбынын асқақтатар сардарларымыз бен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Қай заманда болмасын, ата-бабамыз от пен оққа оранып, жанын қиса да арын сатпаған. Ел басына күн туып, «ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» заманда мыңдаған қазақ­стандық майданда кеудесін отқа төсеп, сол кездегі ортақ Отаны­мыз­дың бостандығы мен тәуелсіз­ді­гін қорғады. Сыр елінің 21 азаматы ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атанды, 20 мыңнан астам қызылор­да­лық жауынгер орден-медальдармен марапатталды. Осынау қасиетті мереке күні біз азаматтық арды ту етіп көтеріп, істерінің ақ та адал екеніне имандай сеніп, дүние­дегі ең қымбаты – өз өмірлерін құрбан­дыққа шалып, шейіт болған ерлердің әруақтары алдында терең ілтипат сезіммен бас иеміз. Майдан­да қар жамылып, мұз жастанған жауынгерлеріміздің жеңіске жетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, рухани демеу болған, осылайша, жеңіс сағатын жанқиярлық істері­мен жақындата түскен тылдағы еңбеккерлер де сүйіспеншілік пен ыс­тық ықыласқа лайық, – деді аймақ басшысы.

Бүгінгі күні өңірімізде Ұлы Отан соғысының 25 және 4800 тыл және еңбек ардагері бар. Биыл Ұлы Жеңіс мерекесіне орай оларға материал­дық және әлеуметтік көмек көр­се­туг­е облыстық және жер­гілікті бюд­жеттен 400 млн тең­ге­ден аса қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде ҰОС ардагерлеріне – 202 мың тең­ге­ден, соғыс жыл­дарындағы ерен еңбегі үшін орден-медальдар­мен ма­рапатталғандарға – 126 мың тең­геден, ҰОС кезінде 6 айдан кем емес жұмыс істегендерге 75 мың теңгеден берілді. Бүгінгі күні өңірі­мізде 25 Ұлы Отан соғысы ардагері және 4800 тыл және еңбек ардагері бар.

Сондай-ақ салтанатты шара барысында аймақ басшысы Отан қорғаушыларды құттықтап, тәуелсіз елдің тыныштығы мен бей­бітшілігін күзететін, хал­қы­мыздың қорғаны – ұлттық әс­керді ерекше атап өтті.

– Ел намысын өз тағдырынан жо­ғары қойған, жауынан тайынба­ған, алдында басын имеген, дұшпа­ны­на тізерлемеген Ұлы даланың бүгінгі ұрпағы да елінің еңсесі биік, шекарасы берік, халқы тыныш болуы үшін қолдан келгеннің бәрін аян­бауға дайын. Соңғы кездері әлем­де болып жатқан түрлі оқиға­лар, террорлық актілер, Таяу Шы­ғыс­тағы әскери қимылдар ықтимал қатерге дайын болу керегіне назар аудартумен қатар, сақтық шара­ла­рын жасауды қажет етеді. Сон­дықтан біздің әскеріміз әрқа­шан дайындықта жүруі тиіс,– деді аймақ басшысы.

Шара соғыс жылдарындағы әндердің концертімен жалғасын тапты.

 

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

Қызылорда облысы