Достықты ұлықтаған ескерткіш
Достықты  ұлықтаған ескерткіш
313
оқылды

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Петерборда қазақ халқының мақтанышы, Кеңес Одағының Батыры, снайпер қыз Әлия Молдағұловаға ескерткіш ашылды. Ерен ерлігі мәңгілік тағдырына айналған батырға арналған бұл мүсін – достықты, бейбітшілікті, сондай-ақ қазақ халқының ұлы қызын ұлықтап тұрғандай.

Ескерткіштің салтанатты ашылуында сөз алған Қазақ­стан­ның Ресейдегі төтенше және өкі­летті елшісі Иманғали Тасма­ғамбетов: «Батырлық – басқа қонатын бақ емес, жүректен ер­лік боп шығатын сындарлы шақ. Ал біздің халқымыз үшін бұл – ұланына ғана емес, қызда­ры­на да бірдей дарыған ұлттық қасиет. Сондықтан да тарихымыздың әрбір беті ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, жауға шапқан батыр рухты апалары­мыздың есімімен хатталып, ел есінде сақталып келеді. Бүгін, міне, сол даңқты дәстүрді жал­ғасты­рушы, қазақтың қайсар қызы – Әлия Молдағұловаға Петербор қаласының төрі­нен еңселі ескерткіш ашы­лып отыр», – деді.

Әлия Молдағұлованың ескерт­кіші Петербордың Красногвардия ауданындағы өз атына берілген көшенің 5-үйінде орна­ласқан. Биіктігі 3 метр қола­дан жасалған мүсіндік компози­ция қызғылт гранитті тұғырға орнатылған. Онда батырдың есімі мен батырдың жапсырма жұлдызы бедерленген. Поста­мент­тің сыртқы жағында мерген қыздың ерлігінің қысқаша сипат­тамасы қашап жазылған.

Ескерткішті тұрғызу Петер­бор Үкіметінің, Қазақ­станның Ресейдегі елшілігінің, Ақтөбе және Атырау облысы әкімдіктері­нің ынтымақтаса күш жұмсауы­ның арқасында жүзеге асты.

Шығармашылық жобаның авторы – белгілі қазақ мүсінші Едіге Рахмадиев. Ол батыр қыз­дың бейнесіне оның қанығырақ сақталған фотосуреттерін пайда­ланыпты. Постамент Алматы облысындағы Күрті кен орнынан жақсы және сапалы граниттен жасалған. Мүсінге арналған қола да Қазақстаннан шыққан. Сәулет композициясын құру жұмыстары Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауы­лында жүргізілген.

Петербор жұрт­шы­лығы Әлия Молдағұлованың есімін, оның ерлігін жақсы біле­ді. Қалада батыр­дың атында көше де бар.

Салтанатты рәсімге ардагер­лер, әскерилер, саясаткерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен өнер қайраткерлері қатысты. Олардың арасында алғаш «Әлия» әнін шырқап елге танылған қазақ­­тың күміс көмей әншісі Роза Рымбаева да болды. Әлия Молдағұлованың туыстары мен жерлестері де қатысты.

Бұл – мереке қарсаңында қа­һар­ман апамыздың рухы мен ұлт­­тың кеудесіне мақтаныш бо­лып орныққан ерлігіне көрсе­тіліп отырған тағзым ғана емес, екі елдің бірлігін паш ететін елеулі іс болды. Шара барысында батыр қыздың ерлігін еске алып қана қоймай, Ұлы Отан соғысы­ның бар­лық батырлары­на, со­ның ішін­де Ленинград қор­ғау­­шыларына да құрмет көр­сетілді.