«Бекіре – 2020» акциясының алғашқы екі аптасында табиғатты қорғау органдары мен шекара қызметінің мамандары 250 табиғатты қорғау заңнамасын бұзушыны анықтап, 100 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, 4 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 1,5 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынып, 3,7 тонна балық, оның ішінде 333 кг бекіре тұқымдас балық түрі, 15,4 кг бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы және 600 заңсыз аулау құрылғысы тәркіленді. Қазіргі уақытта акцияны өткізуге 800 қызметкер, 60 жүзу көлігі, 116 автокөлік, 2 тікұшақ жұмылдырылды. Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында 44 жылжымалы және стационарлы посттар құрылды. Сонымен қатар 14 сәуірде сағат 11:45 шамасында «Бекіре -2020» акциясы аясындағы рейдтік шара жүргізу барысында Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Дамбы бөлімшесінің инспекторлары Атырау қ. Жайық өзенінің бойындағы Еркінқала кентінің аумағында (ерекше қорғалатын табиғи аумақ) заңсыз балық аулап жүрген 4 заң бұзушыны анықтады. Балық қорғау қызметкерлері заң бұзушыларға өздерін таныстырып, іс жүргізу құжаттарын рәсімдеуге кіріскен кезде бұзушылар қарсылық көрсетіп, өздерінің Урал маркалы мотоциклдерін өрттеп, белгісіз бағытта бой тасалады. Бұл фактіні Дамбы бөлімшесінің қызметкерлері ұялы телефонға түсірді. Оқиға орнынан жалпы салмағы 270 кг болатын қара балық түрлері, 4 дана заңсыз балық аулау құралы - моноталшықты «қытай ауы», қолдан жасалған жүзу құралы және Урал маркалы мотоцикл айғақ зат ретінде тәркіленді. Балық ресурстарына келтірілген шығын 900 072 теңгені құрайды. Аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 335 бабымен қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдарына жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі үш мемлекеттік инспектордың өміріне қауіп төндіру фактісі бойынша ресми өтініш жолданды.