Он мыңғы жуық «қара қағаз» таратылмай қалған
Он мыңғы жуық «қара қағаз» таратылмай қалған

Соғыс! Аты да, заты да суық. Ұлынан, жарынан, әкесінен, бауырынан айырылған қаншама жанның күңіреніс-күрсінісі бар онда! Бұл – тағдыр! От ортасы­нан оралмай қалған ұлын сарғая күткен кешегі «қара кемпірдің» образына сыйып кеткен ұлт тағдыры. Иә, Ұлы Жеңіске 74 жыл толса да, сол бір сұрапыл жылдардың ауыр зардабы жер үстінде әлі күнге жаңғырығумен келеді. Қаншама оғыланның еш жерден дерегі табылмай, қаншама үміт үзілді десеңізші...

Бір айта кетерлік жайт, соғыс жыл­дарында майдан даласында мерт болған он мыңға жуық жамбылдық боздақтың «қара қағазы» таратылмай қалыпты... Ал әскери комиссариаттарда сарғайған сол қағаз бүгінде том-том болып қатталып, мұрағат сөрелерінде тұр. Мұрағаттану­шылар мұның бірнеше себебі болуы мүмкін деседі. Әскери комиссариаттарда соғыс жылдары шақырылған азамат­тарды тіркеу кітабы төрт – әскер қата­рына шақырылғандар, қайтыс болған­дар, олардың артынан келген «қара қағаздар» және із-түссіз жоғалғандар тізімдері бойынша толтырылған. 
– Соғыс жылдары Сарысу мен Талас аудандарының азаматтары бір әскери комиссариаттан шақырылған. Облыс­тың Луговой-Меркі, Шу-Мойынқұм аудан­дарында да сондай жағдай қа­лып­тасты. Бір ғана Сарысу – Талас аудан­дық әскери комиссариаты арқылы 6 мың­­нан астам адам әскерге алынған екен. Әс­кери комиссариаттарда сол тұста орыс ұлты­ның азаматтары жұмыс істеген. Сон­дықтан жергілікті ұлт өкілдерінің аты-жөнін жазуда едәуір бұрмалау­шы­лықтар орын алған. Мысалы, Үсібәлиев «Усе­нов» немесе Қайпұлдаев «Кайипов» болып жазылып кетуі әбден мүмкін. Ал «қара қағаз» таратылғанда оны алған адамның қолы қойылады. Бүгінгі күні әскери комиссариаттарда арнайы аль­бом­ға тігіліп қойылған «қара қағаз­­дардың» дені – нақты иелеріне табыс­талма­ғандары. Жақын туыстарын іздеушілер болса, осы альбом­ды ақта­рып, қарап көрулеріне болады. Жалпы, соғыс жыл­дарындағы деректер әскери ко­мис­сариаттардың мұрағат­тарында сақтау­лы. Ұрыс даласында із-түссіз кеткен немесе әлі күнге хабар-оша­ры жоқ азаматтардың дерегін анық­тау­мен ко­миссариаттар қызмет­керлері ай­на­лы­суы керек. Бірақ бүгі­нгі күні бұл жұ­мыс­ты мұрағат саласы­ның қыз­­мет­­­­­­­кер­лері мойнына жүктеп қой­ған, – дейді мұрағаттанушы Мақұл­бек Рысдәулет.
Өткен жылы облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метовтың бастамасымен облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаң­ғыртылып, осындағы мемориалдық тақ­таға соғыс жылдарында қаза болған, май­дан даласынан оралған соң бейбіт өмірде еңбек еткен ардагерлердің тізімі жа­зылды. Әсіресе, сол жылы наурыз-мамыр айларында тынымсыз ізденіп, еңбек еткен мұрағатшылар соғысқа қатысқан 105 мыңға жуық жамбыл­­дықты анықтады. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.
– Майдангер жамбылдықтар есім­дерін анықтауда негізінен әскери комис­сариаттарда сақталған құжаттарға сүйен­дік. Сондай-ақ бұған дейін жарық көрген «Боздақтар», «Зерде» кітапта­рының да көмегі болды. Жоғарыда аталған 105 мың азаматтың 70 мыңға жуыға Жамбыл же­рінде өмірге келіп, осы аумақтан со­ғысқа аттанған. Ал қалған 35 мыңға жуы­ғы со­­ғыстан кейінгі жылдары Жам­был об­лысына көшіп келіп, еңбек еткен. Сон­дай-ақ «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» ме­мориалдық кешенінде тізімі жазып көрсетілген 39 Кеңес Одағы батырының 20-сы – жамбылдық, 19-ы – өңірімізге бертінде қоныс аударып келген азамат­тар, – дейді Мақұлбек Қайыпбекұлы. 
Биылғы наурыз-мамыр айлары ара­лығында аталған саябақтағы мемориал­дық тақта қосымша анықталған мыңға жуық майдангер тізімімен толықтыры­лыпты. Ал, жалпы, өңірімізде арамызда жүрген соғыс ардагерлерінің саны – 75-ті құрап отыр.

Ерман ӘБДИЕВ,

Жамбыл облысы