Күләш Қыдыржанова, Майданда із-түзсіз жоғалған әкемнің зиратын таптым
Күләш Қыдыржанова,  Майданда із-түзсіз жоғалған әкемнің зиратын таптым

Жеңістің жетпіс төртінші көктемі де келіп жетті. XX ға­сыр­дағы ең алапат, ең ауқым­ды соғыстың аяқталға­ны­на да осыншама жыл болыпты. Мұрты тебіндеген шақта майданға аттанып, елге оралмай қалған боздақ қаншама. Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер Күләш Қы­дыржанова – өмір бойы әкесін іздеген жан. Ақыры арманына жетіп, майдан даласында қаза тапқан әке зиратын тауып, былтыр тәу етіп қайтыпты. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, қалалық ардагерлер емханасында 10 жыл бас дәрігердің орынбасары, сосын 12 жыл бас дәрігер болып жұмыс істеп, 65 жасында зейнетке шығыпты. Қазір екі бала, он немересі бар.

– Әкеңіздің жерленген мекенін табу қаншалықты қиынға соқты?
– 1945 жылы із-түссіз жоғалды деген қағаз келген. Ол уақытта бас көтеріп іздеу қайда. Соғыстан кейінгі жылдары ел есін енді-енді ғана жиып жатты. Былтыр қазан айында «Память народа» сайты арқылы іздеу салып, ақырында жерленген мекені туралы ақпарат таптық. Ол жерде Германияның Карницск қаласында жерленген деп көрсетіліпті. Алайда ол дұрыс болмай шықты. Кейін белгілі болғандай «Варшава келісімі» бойынша Карницск өңірі Польша иелігіндегі Пусточ елдімекеніне беріліпті. Онда кел­тірілген дерек бойынша, әкеміз 1945 жы­лы 10 наурызда қаза тапқан. Содан әуреміз басталып кетті. Алдымен виза рәсім­дедік. Негізі, әу баста Ішкі істер министрлігіне, сол арқылы Қорғаныс департаментіне хабарласып, хат жазған едім. 10 күн өткен соң департамент басшылығы Жеңістің 75 жылдығына байланысты майдан даласында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жерленген жеріне баратын адамдардың тізіміне енгізілгенімді хабарлады. Алайда мен 2020 жылды күте алмадым. Бала­ларыма: «Менің денсаулығым келмейді. Биылдан қалмай барып келуім керек» дедім. Сөйтіп, сапар шаруасына кірістік. Биыл наурыз айында Киев арқылы ұшып, 29 сағат дегенде межелі жерге де жеттік. Бірақ зират орналасқан жердің үстінен жол түсіп, сүйектерді Колобжег деген жерге қайта жерлепті. Бастапқыда туристік фирма ұсынған бағытпен жүреміз деп таппай қайттық. Содан кейін бургомистерге (аймақ басшысы) келіп, сол кісі тауып берді. Поляктардың орысша білмеуі біраз қиындық тудырды. Кеңес Одағынан шыққан жауынгерлер­дің бәрі бір плитканың астына жерленген екен. Бауырластар зиратында аты-жөні жоқ, тек нөмірлері ғана жазылған. Компьютердегі арнайы мәлімет арқылы әкеміздің қай нөмірге бекітіліп жазылға­нын анықтай алдық. Оның өзі біршама көмескі тартып қалыпты. Ол жерде хабар-ошарсыз кеткен 1 683 адам жатыр. Неміс те, поляк та, украин да, қазақ та жатыр. Бәрі аралас. Бәріне ортақ бір ескерт­кіш тақта орнатқан. Бұл 1945 жы­лы жасалған зират емес. Жоғарыда айтып өткенімдей қайта құрылымдауға байла­нысты Пусточ елдімекеніндегі бауырлас­тар зираты 1970 жылы Колобжег қала­сына жақын маңға ауыстырылыпты. Айналасы түгел орман екен. Сөйтіп, әкеміздің зиратын тауып, үш-төрт сағат қасында жүрдік. Ол кісі әуелі Белорусь жерінде, кейін Польшада соғысқан. Әкем бір жазған хатында: «Құжатымның жартысы күйіп кетті. «Жан» деген жалғауы жоқ. Мені қазір барлығы Қадыр» деп атайды. Айналамыз ми батпақ жерде соғысып жатырмыз. Мұнда күн өте суық, айналамыз қаптаған орман. Жартылай аш жүреміз» деген екен. Сондағы есімі туралы айтқан мәліметі де сәйкес келіп тұр. Колобжег қаласының бургомистрі интернеттен қарап, мәліметтерді тексе­ріп, бізді алып жүретін арнайы адам бе­кітіп беріп, көмектесті. Шынын айтқан­да, денсаулығым алыс жолға сапарлап жүруге жарамайды. Дегенмен жерленген зиратына топырақ салу – әкемнің де, әжемнің де алдындағы парызым деп білгендіктен, осы істі аяғына дейін жеткіздім. Тірі кезінде көрген жоқпын, тым құрыса өлген соң іздеп барып, қайда жатқанын білейін, көзбен көрейін дедім. Балаларым менің денсаулығыма алаңдап, біраз қарсылық танытқан. Бірақ ешкімді тыңдамадым. Өзімнің алдыма қойған ұлы мақсатымды орындағым келді. 

отец.JPG

– Сіз сонда әкеңізді көрмегенсіз ғой?
– Ол кісі ауылда бригадир болып жұ­мыс істеген. Бірақ тұрғындарға бидайдың қалдығы – масақты жинауға рұқсат беремін деп көзге түсіп қалады. Әлдебір адамдар колхоз байлығын тонап жатыр деп әкемді қаралап, ақыры «Халық жауы» деп айыпталып, екі жылға сотталып кет­ті. Түрмеде отырған жерінен бірден май­дан даласына жіберілді. Әкемді түрмеге алып кеткен соң бес айдан кейін өмірге келіппін. Өзіміз төрт ағайындымыз – ағам, әпкем және інім болды. Алдындағы жеті бала да қайтыс болып, әкем сегізінші болып тұрақтаған екен. Өзінен кейін екі қарындасы бар. Әжем өмір бойы баласын күтіп өтті. Ақырында 93 жасқа келіп, өмірден өтер шағында «мені далаға шығарыңдар, баламның келетін жолын көрейін» деп, екі күннен соң, 1963 жылы дүние салды. Құдайы тамақ бергізбей, аман-есен келіп қалар деп баласын өмір бойы күтті. Бауырларымның бәрі о дүниелік болған. Қазір жалғыз мен ғана қалдым. Сондықтан әке зиратын табу менің мойнымдағы міндет болған еді. 
– Шешеңіз біраз жыл өмір сүріп, бала-шағасының рахатын көріп кеткен шығар?
– Шешем 87 жасына дейін өмір сүрді. Өте қажырлы, пысық кісі болды. Әкем кеткен соң ауылда бригадир болып жұ­мыс істеді. Арбамен әйелдерді жинап шығады екен. Айтуынша, бір арбаға бала-шағаны қосқанда он бес шақты адам сыяды. Сонда мені де бесікке бөлеп, арбаға салып алып барады екен. Үлкен ағам мен әпкем де шешеме көмектесіп жұмыс істейді, ал кіші бауырым әжесімен қалады екен. Соғыс жылдарындағы бейнеттің бар азабын тартудай-ақ тартты. Сөйтіп жүріп денсаулығын да жоғалтқан. Алланың қолдауымен ұзақ жасап, 20 не­мере, 25 шөбере көріп кетті.
Шешемнің айтуынша, әкеміз матема­тикаға жүйрік болыпты. Бес сыныптық қана білімінің бар болғанына қарамастан, өте сауатты болған. Сосын қайырымды, жанашыр жан болған дейді. Әрі шаруа­шылыққа да мығым болған көрінеді. Әкем кеткен кезде шешем жүкті күйінде қал­ған. Сонда әкем «Ұл тусаң атын өзің қой, қыз тусаң атын Күләш деп қой. Со­ғыс­тан аман оралсам, еңбегіңді ақтай­мын» деп аманат қалдырған екен. Өкі­ніш­ке қарай, ол арманына жете алмай кетті. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Абай АЙМАҒАМБЕТ