Ақ тер, көк тер – актер
Ақ тер, көк тер – актер
286
оқылды

Сенат отырысында Нариман Төреғалиев бастаған бір топ сенатор экс-премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған еді. Сенатор қауымды толғандырған дүние – жас артистердің жалақысы мен баспанасы.

Депутаттық сауалнамада се­наторлар елімізде 68 театр, оның ішінде 52 мемлекеттік және 16 же­кеменшік театр жұмыс іс­тей­­ті­нін, 52 мемлекеттік театр­да 7533 адам, оның ішінде 1538 жас маман қызмет атқаратынын айтады. «Мәдениет саласының, соның ішінде театр қызметкерлерімен кездесу барысында үнемі көте­ріліп жүрген бірқатар мәселелерге тоқталғымыз келіп отыр, олардың бірі – еңбекақы. Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес, театрда қызмет істеп жүр­ген жас артистердің шығар­ма­шылық құрам үшін орташа ла­уа­зымдық айлық жалақысы 59 мың теңгеден 76 мың теңгеге дейін, ал техникалық құрам үшін қосымша төленетін ақыны қоса есептеген­де – 43 мың теңгеден 49 мың теңгеге дейін ғана. Ал қолдарына тиетін еңбекақы одан да төмен. Келесі мәселе Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 209 бұй­рығына сәйкес артистер театрда 3 жыл қызмет атқарған соң, ең тө­менгі категорияны алуға құқығы бар. Ал жоғары категория алу үшін жас мамандар бірнеше жыл еңбек ету керек, осы уақыт ішінде олар жас мамандар қатарынан шығып қалуда. Тағы бір жағдай, баспана мәселесі, республика бойынша 1538 жас артистеріміздің 3,7% қыз­меттік пәтермен, 9,7% жатақ­ха­намен қамтылған, ал 33,8% ата-аналарымен бірге, қалған 42,5% пәтерді жалға алуға мәжбүр. «7 – 20 – 25» және «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін төлем қабілеттілігі, яғни несие­ні төлеуге мүмкіндік беретін жет­кілікті және тұрақты табы­сының болмауы, олардың тұрғын үй бағ­дарламаларына қатысуға мүм­кіндігінің жоқтығы және басқа мамандықтар сияқты тұр­ғын үйді әлеуметтік жалға алу мүм­кін­дігінің қарастырыл­мағаны ай­қын» дей келе, «бұл жағдайлар өз кезегінде театрдағы жас ма­мандарды ешқандай ынта­лан­дыр­майтыны анық, керісінше, жас мамандардың басқа салаларға кетуіне әсер етіп, әсіресе, ауыл­дық жерлерде мамандардың же­тіс­пеушілігі байқалады» дейді. Сенатордың ойынша, аталған жағдайдың қалыптасуына театр жұмысшыларына әлеуметтік қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібі мен тетіктерінің жоқтығы, екіншіден жауапты мемлекеттік органдардың тарапынан қолдау­дың болмауы әсер етіп отыр деп есептейді. «Азаматтық қызмет­шілерге, мемлекеттік бюджет қа­ражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 2015 жыл­ғы 31 желтоқсандағы № 1193 қау­лысына театр артистерінің жа­лақысын өсіруге қатысты өз­герістер енгізуді сұраймыз. Қа­зақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жыл­ғы 17 шілдедегі № 209 бұй­рығымен бекітілген «Мемлекеттік мәдениет ұйымдары басшылары, мамандары және басқа да қыз­метшілері лауазымдарының үл­гілік біліктілік сипаттамаларына» сәйкес қатегорияларын алу мер­зімдерін қысқарту, «7 – 20 – 25» және «Нұрлы жер» бағдарлама­ларына қатысу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан алғашқы жарна сертификат­та­рымен қамтамасыз ететін мүм­кін­діктерді қарастыру қажет еке­нін, «Нұрлы жер» бағдарлама­сымен қарастырылған тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берудің жолын табу керек екенін мәселе қылып көтереді. Артистер қауымы да бұл мәсе­ленің орынды шешілгенін құп көреді.

Жартылай аш адамнан тамаша туынды күтпеңіз

Ғ.Мүсірепов атындағы Жас­тар мен балалар театрының артисі Бақыт Тушаев жаңа жасақталған Үкімет құрамы бұл мәселеге сал­ғырт­тық танытпаса екен деген ниетін білдірді. «Бұл – өте өзекті мәселе. Өнер адамына шығарма­шылығын шыңдау үшін көңіл күй керек, үй-жайы болуы қажет. Жартылай аш адамнан тамаша туынды күту – бекершілік. Жал­пы, шығармашылық адамында материалдық тоқырау болмауы тиіс. Актер шығармашылыққа еркін көсілу үшін, жағдайы жақсы болуы тиіс. Театр өнері – кәсіби өнер. Жүрдім-бардым, арзан күлкіге құрылмаған. Қазір театр актерлеріне қарағанда, «күлдір­гіштердің» жағдайы әлдеқайда жақсы. Болар-болмас арзан күл­кімен қарық қылып жүргендері бар. Ал сахнада тер төгіп, жан­кешті еңбек ететін театр актер­ле­рінің айлығы да, баспана мәселесі мәз емес. Айлығы еселеніп, ба­сына баспана алып жатса, құба-құп емес пе?! Өз басым айына 70 мың теңге аламын. Қаншама жыл­дан бері күткен, мәселені сенатор орынды көтерген екен. Еліміздің көк байрағын көтере­тіндер – спорт пен өнер майтал­мандары. Меніңше, спорт сала­сына барынша қомақты қаржы бөлініп, қолдау көрсетіп жатыр деп ойлаймын. Кенжелеп қал­ға­ны – театр өнері. Сондықтан да театр өнеріне Үкімет тарапынан үлкен қолдау қажет. Әр бастамаға, өнерге Үкімет дем берсе, жөн емес пе?!», – дейді актер. Ал Жас­тар театрының артисі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың иегері Әділ Ахметов депутаттардың «Жастар» театрына келгенін, «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін тамашала­ғанын айтады. «Біздің ұстазымыз, театрымыздың көркемдік же­текшісі Нұрқанат Жақыпбаймен сөйлескен. Әрине, қазір жас ак­терлердің, жалпы театр актерле­рінің айлығы өте төмен. Соны естігеннен кейін, мәселені Сенат­та көтергені, әрине, біз үшін қуан­тарлық жағдай. Оң шешімін күтеміз, бұйыртса. Актерлерге баспана алу мәселесі жеңілдесе екен дейміз», – деген еді актер.

Театр – мәдениеттің төрі

Талантты артистеріміздің бірі Динара Абдуллина: «Жалпы, кез келген мамандық иесінің жала­қысы өзіне жететін болса, ол адам жоғары деңгейде жұмыс істейді деп ойлаймын. Адамның жұмыс істеу деңгейі кіріске де байла­нысты. Актерлермен қоса басқа да мамандық иелерінің жала­қысын көтерсе, жақсы болар еді. Аллаға шүкір, осы театрдың ар­қасында үй алдым. Әрине, ак­тердің жалақысының да жоғары болғаны жақсы. Кез келген елдің ертеңі – жас­тар. Жастарды қолдап жатқанына қуаныштымын. Себебі, жастар аянбай еңбек етеді, болашаққа ұмтылады. Елдің алдында жүре­тіндер – өнер адамдары. Сон­дықтан өнер адамдары арқылы халықтың жағдайы белгілі бо­лады. Театр актерлерінің жала­қысы мардымсыз. Орта есеппен алғанда – 100 мың теңге көле­мінде. Өз басым қосымша кіріс көзін іздеймін. Қатты қиналып жүргенім жоқ. Бірақ театрда ала таңнан қара кешке дейін жұмыс істейтін кездер болады. Жас болса да, кейбірінің жанұясы бар. Со­ларға бәріне үлгеру қиынға со­ғады. Театр актерімен салыстыр­ғанда, Жайдарман ойнап жүрген­дердің айлық табысы – жоғары. Еңбекақыға қанағаттанбаған жас актерлер той-томалақ жағалайды. Театр – ел мәдениетінің ордасы. Шетелдіктер мәдениетті театрмен байланыстырады. Сондықтан Үкімет тарапынан сауалға қолдау болса, жөн болар еді. Талантты жастар тұрмыс құрсауынан құты­лып, еркін көсілер күн туғанын қалаймын» десе, жас актриса Аида Жантілеуова: «Үкіметтен алатын үй болсын, Президенттік стипендия болсын, жүгіріп жүріп алдым. Жалақымызға келсек, еріксіз күлкің келеді. Шыны­мыз­ды айтсақ, айлығымыз бір аптаға жетеді. Ары қарай, жолдасы­мыздың ақшасына өмір сүреміз. Қазіргі таңда театр актерінің айлық табысымен айдан-айға жету қиын. Балалары балабақ­шаға, мектепке, университетке баратындары бар. Олардың та­мағы мен жолы бар. Мұның бәрі кәдімгідей жалақыны талап етеді. Бұл мәселенің биік деңгейде көтеріліп жатқаны қуантады. Бізден бөлек, бір ғана жалақымен өмір сүріп жатқандар қаншама? Оның үстіне, несиенің бітпейтін жыры бар. Қарап тұрсаң, артист байғұс сахнаға жарқырап шық­қанымен, сырттағы шешілмей тұрған шаруа шаш-етектен. Елдің алдында керемет көрінгенімен, жағдайы мүшкіл артист өте көп. Сондықтан депутаттық сауал діттеген жеріне жетсе, шын жү­ректен қуанамыз. Шын мәнінде іске асса, шексіз алғыс айтар едік. Өз басым, алғашында, 3 ай бойы тегін жұмыс істедім. Содан кейін келісімшарт бойынша 18 мың теңге айлық алып жүрдім. Негізі, өзіңді көрсеткеніңе де байла­нысты. Қалай басты рөлдерді сомдай бастадым, солай жалақым көтерілді. «Қызыл орамалды шы­нарымнан» кейін штатқа жұ­мыс­қа тұрдым. Соның өзінде 1,5-2 жыл көлемінде 33-40 мың тең­генің айналасында айлық алдым. Топта ән айтып, телевидениеде жүрген соң, айлығымның аз екені білінбеді. Ал сондай сомамен өмір сүріп жүрген әріптестерім жеткілікті. Жаңадан келген ак­терлер жағдайын жасауға ұмты­лады. Түрлі түсірілімдерге сұра­нып, қосымша жұмыс іздейді. Бұл режиссерлерге жақпайды. Олар да рөлдің мінсіз сомдалғанын қалайды. Еңбек сіңірген қай­раткер атанған қайраткерлердің өзі мардымды жалақы алмайды. Тер төгіп жүрген белгілі актерлер Азамат Сатыбалды, Айгүл Иман­баева болсын, солардың барлығы 100 мың теңге жалақы алады. Театрға жан-тәнімен берілген адамдар бәріне шыдап келеді. Басқа жақтан табыс келіп тұрса да, театр аурасын алмастырғысы келмейді. Менің де алдымда кезінде таңдау тұрды: не театр, не еркін жұмысты қалауым қажет болды. Театрды таңдағаныма еш өкінбеймін. Ақшаның азына, жағдайдың жоғына қарамадым. Өйткені өнерді, театрды жаным­мен жақсы көремін. Өзің бір нәр­сеге қатты берілгенде, кем-ке­тігін ұмытасың. Бірақ театр актер­ле­рінің бүгінгі жай-күйін көр­ген­де, қынжыласың. «Мен­мін» деген актердің айлығы – 80-100 мың теңге. Жаныңа батады», – деп қынжылады.

30-40 мың алатын жастар бар

М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс та жас актерлердің жайына алаңдайды. «Ел қазіргі әншілердің жағдайын көреді де, бәрінің жағдайы осы екен дейді. Жұмысқа берілген, театрдан шыға алмайтын адамдар бар. Олар той-томалақта өнер көрсете алмайды. Бір жалақыға қарап отыр. Жас актерлердің жа­лақысы тіптен төмен. Баспана­лары да жоқ. Театрдың тірлігін айтсақ, Шекспирдің сөзі есіме түседі. «Басыңда баспанаң бол­маса, басым бар деп айтуға ұялады екенсің». Амалдап өмір сүріп жат­қан жастар көп. Өздері таңдап алған кәсібі, жақсы көретін ісі болған соң, тастап кеткісі кел­мейді. Театрда еңбек еткісі келеді. Өнерге біржақты қарауға бол­майды. Актерлер – театрға бай­ланған адамдар. Олар театрға та­ңертең келіп, кешке бір-ақ шы­ғады. Халық тойда жүр деп қалуы мүмкін. Театр актерлерінің тойға баратын уақыты жоқ. Ал әнші­лердің белгілі бір жұмысы жоқ. Сондықтан олар тоймен күн кө­ріп отыр. Қазір 80-100 мың тең­геге өмір сүруге бола ма? Әнше­йінде, бәрін шетелмен салыс­тыруға құмармыз. Осындайда мәдениеттің дамуын неге әлем елдерімен салыстырмаймыз. Атақ-дәрежеге де тиын қосылады. Шығармашылықтың шарық­та­уына да материалдық құндылық қажет», – дейді Бекжан Тұрыс. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Жомарт Зейнәбіл: «Театрдағы жастардың жағдайы мүшкіл. Жастарды келісімшарт бойынша 20-30 мың теңге айлық­пен жұ­мысқа қабылдаймыз. То­лық штатқа кіру үшін олар 6 ай немесе 1 жыл жұмыс істейді. Штат­қа кір­ді дегенде, жала­қы­ла­ры 50 мың теңгенің үстінде бо­­лады. Өзімнің айлық табысым – 84 мың теңге. 25 жылдық еңбек өтіліме төле­нетін жалақының мөлшері осы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атақ, театр қосатын үстемеақымен 106-112 теңге көлемінде айлық ала­мын. Қалай күнелтетінімізді есеп­теп көріңіздер. Пәтерақыға 30-40 мың теңге төлеймін, қал­ғаны күнкөрістен аспайды. Осы­дан кейін актерлер тойға шығады, кішігірім фильмдерге түседі. Халық өнер адамдарының жағд­айы жақсы деп ойлайды. Ол – той-томалақ асырап жүрген шоу­бизнес өкілдерінің жай-күйі. Әнші, асаба, киноактердің жағ­дайына қарайды да, театр акте­рінің күйі де осындай екен деген ойға қалады. Қазір жасым 50-ге келді. Асаба болып тойға шық­паймын. Өнер, театр деп өмір сүріп жүрміз. Жағдайымыз мәз емес. Жаздыгүні кинофильмдерге түсіп, қор жинайтынымыз бар. Өздері билет алып, «спектакль көрейікші» деп келген депутат, әкімқараны көрген емеспіз. Ар­найы билет алып, бала-шағасын ертіп, театрға депутат келер күн туатын шығар», – дейді.

Мәселенің тоқетері:

 Қалай десек те, жастарға қолдау қажет. Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп тегін айтқан жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын Абай атындағы Опера және балет театрының артистері де жалақының аздығын айтып, мәселе көтерген еді. Еліміздегі 52 мемлекеттік театр артисінің жағдайын қазірден ойланған жөн. Өнер адамының ашқұрсақ жүргені жарамас.

Гүлзина БЕКТАС, Айзат АЙДАРҚЫЗЫ