Сенат отырысында Нариман Төреғалиев бастаған бір топ сенатор экс-премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған еді. Сенатор қауымды толғандырған дүние – жас артистердің жалақысы мен баспанасы.
Депутаттық сауалнамада сенаторлар елімізде 68 театр, оның ішінде 52 мемлекеттік және 16 жекеменшік театр жұмыс істейтінін, 52 мемлекеттік театрда 7533 адам, оның ішінде 1538 жас маман қызмет атқаратынын айтады. «Мәдениет саласының, соның ішінде театр қызметкерлерімен кездесу барысында үнемі көтеріліп жүрген бірқатар мәселелерге тоқталғымыз келіп отыр, олардың бірі – еңбекақы. Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес, театрда қызмет істеп жүрген жас артистердің шығармашылық құрам үшін орташа лауазымдық айлық жалақысы 59 мың теңгеден 76 мың теңгеге дейін, ал техникалық құрам үшін қосымша төленетін ақыны қоса есептегенде – 43 мың теңгеден 49 мың теңгеге дейін ғана. Ал қолдарына тиетін еңбекақы одан да төмен. Келесі мәселе Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 209 бұйрығына сәйкес артистер театрда 3 жыл қызмет атқарған соң, ең төменгі категорияны алуға құқығы бар. Ал жоғары категория алу үшін жас мамандар бірнеше жыл еңбек ету керек, осы уақыт ішінде олар жас мамандар қатарынан шығып қалуда. Тағы бір жағдай, баспана мәселесі, республика бойынша 1538 жас артистеріміздің 3,7% қызметтік пәтермен, 9,7% жатақханамен қамтылған, ал 33,8% ата-аналарымен бірге, қалған 42,5% пәтерді жалға алуға мәжбүр. «7 – 20 – 25» және «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін төлем қабілеттілігі, яғни несиені төлеуге мүмкіндік беретін жеткілікті және тұрақты табысының болмауы, олардың тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігінің жоқтығы және басқа мамандықтар сияқты тұрғын үйді әлеуметтік жалға алу мүмкіндігінің қарастырылмағаны айқын» дей келе, «бұл жағдайлар өз кезегінде театрдағы жас мамандарды ешқандай ынталандырмайтыны анық, керісінше, жас мамандардың басқа салаларға кетуіне әсер етіп, әсіресе, ауылдық жерлерде мамандардың жетіспеушілігі байқалады» дейді. Сенатордың ойынша, аталған жағдайдың қалыптасуына театр жұмысшыларына әлеуметтік қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібі мен тетіктерінің жоқтығы, екіншіден жауапты мемлекеттік органдардың тарапынан қолдаудың болмауы әсер етіп отыр деп есептейді. «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына театр артистерінің жалақысын өсіруге қатысты өзгерістер енгізуді сұраймыз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 209 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мәдениет ұйымдары басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына» сәйкес қатегорияларын алу мерзімдерін қысқарту, «7 – 20 – 25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан алғашқы жарна сертификаттарымен қамтамасыз ететін мүмкіндіктерді қарастыру қажет екенін, «Нұрлы жер» бағдарламасымен қарастырылған тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берудің жолын табу керек екенін мәселе қылып көтереді. Артистер қауымы да бұл мәселенің орынды шешілгенін құп көреді.
Жартылай аш адамнан тамаша туынды күтпеңіз
Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының артисі Бақыт Тушаев жаңа жасақталған Үкімет құрамы бұл мәселеге салғырттық танытпаса екен деген ниетін білдірді. «Бұл – өте өзекті мәселе. Өнер адамына шығармашылығын шыңдау үшін көңіл күй керек, үй-жайы болуы қажет. Жартылай аш адамнан тамаша туынды күту – бекершілік. Жалпы, шығармашылық адамында материалдық тоқырау болмауы тиіс. Актер шығармашылыққа еркін көсілу үшін, жағдайы жақсы болуы тиіс. Театр өнері – кәсіби өнер. Жүрдім-бардым, арзан күлкіге құрылмаған. Қазір театр актерлеріне қарағанда, «күлдіргіштердің» жағдайы әлдеқайда жақсы. Болар-болмас арзан күлкімен қарық қылып жүргендері бар. Ал сахнада тер төгіп, жанкешті еңбек ететін театр актерлерінің айлығы да, баспана мәселесі мәз емес. Айлығы еселеніп, басына баспана алып жатса, құба-құп емес пе?! Өз басым айына 70 мың теңге аламын. Қаншама жылдан бері күткен, мәселені сенатор орынды көтерген екен. Еліміздің көк байрағын көтеретіндер – спорт пен өнер майталмандары. Меніңше, спорт саласына барынша қомақты қаржы бөлініп, қолдау көрсетіп жатыр деп ойлаймын. Кенжелеп қалғаны – театр өнері. Сондықтан да театр өнеріне Үкімет тарапынан үлкен қолдау қажет. Әр бастамаға, өнерге Үкімет дем берсе, жөн емес пе?!», – дейді актер. Ал Жастар театрының артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әділ Ахметов депутаттардың «Жастар» театрына келгенін, «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін тамашалағанын айтады. «Біздің ұстазымыз, театрымыздың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбаймен сөйлескен. Әрине, қазір жас актерлердің, жалпы театр актерлерінің айлығы өте төмен. Соны естігеннен кейін, мәселені Сенатта көтергені, әрине, біз үшін қуантарлық жағдай. Оң шешімін күтеміз, бұйыртса. Актерлерге баспана алу мәселесі жеңілдесе екен дейміз», – деген еді актер.
Театр – мәдениеттің төрі
Талантты артистеріміздің бірі Динара Абдуллина: «Жалпы, кез келген мамандық иесінің жалақысы өзіне жететін болса, ол адам жоғары деңгейде жұмыс істейді деп ойлаймын. Адамның жұмыс істеу деңгейі кіріске де байланысты. Актерлермен қоса басқа да мамандық иелерінің жалақысын көтерсе, жақсы болар еді. Аллаға шүкір, осы театрдың арқасында үй алдым. Әрине, актердің жалақысының да жоғары болғаны жақсы. Кез келген елдің ертеңі – жастар. Жастарды қолдап жатқанына қуаныштымын. Себебі, жастар аянбай еңбек етеді, болашаққа ұмтылады. Елдің алдында жүретіндер – өнер адамдары. Сондықтан өнер адамдары арқылы халықтың жағдайы белгілі болады. Театр актерлерінің жалақысы мардымсыз. Орта есеппен алғанда – 100 мың теңге көлемінде. Өз басым қосымша кіріс көзін іздеймін. Қатты қиналып жүргенім жоқ. Бірақ театрда ала таңнан қара кешке дейін жұмыс істейтін кездер болады. Жас болса да, кейбірінің жанұясы бар. Соларға бәріне үлгеру қиынға соғады. Театр актерімен салыстырғанда, Жайдарман ойнап жүргендердің айлық табысы – жоғары. Еңбекақыға қанағаттанбаған жас актерлер той-томалақ жағалайды. Театр – ел мәдениетінің ордасы. Шетелдіктер мәдениетті театрмен байланыстырады. Сондықтан Үкімет тарапынан сауалға қолдау болса, жөн болар еді. Талантты жастар тұрмыс құрсауынан құтылып, еркін көсілер күн туғанын қалаймын» десе, жас актриса Аида Жантілеуова: «Үкіметтен алатын үй болсын, Президенттік стипендия болсын, жүгіріп жүріп алдым. Жалақымызға келсек, еріксіз күлкің келеді. Шынымызды айтсақ, айлығымыз бір аптаға жетеді. Ары қарай, жолдасымыздың ақшасына өмір сүреміз. Қазіргі таңда театр актерінің айлық табысымен айдан-айға жету қиын. Балалары балабақшаға, мектепке, университетке баратындары бар. Олардың тамағы мен жолы бар. Мұның бәрі кәдімгідей жалақыны талап етеді. Бұл мәселенің биік деңгейде көтеріліп жатқаны қуантады. Бізден бөлек, бір ғана жалақымен өмір сүріп жатқандар қаншама? Оның үстіне, несиенің бітпейтін жыры бар. Қарап тұрсаң, артист байғұс сахнаға жарқырап шыққанымен, сырттағы шешілмей тұрған шаруа шаш-етектен. Елдің алдында керемет көрінгенімен, жағдайы мүшкіл артист өте көп. Сондықтан депутаттық сауал діттеген жеріне жетсе, шын жүректен қуанамыз. Шын мәнінде іске асса, шексіз алғыс айтар едік. Өз басым, алғашында, 3 ай бойы тегін жұмыс істедім. Содан кейін келісімшарт бойынша 18 мың теңге айлық алып жүрдім. Негізі, өзіңді көрсеткеніңе де байланысты. Қалай басты рөлдерді сомдай бастадым, солай жалақым көтерілді. «Қызыл орамалды шынарымнан» кейін штатқа жұмысқа тұрдым. Соның өзінде 1,5-2 жыл көлемінде 33-40 мың теңгенің айналасында айлық алдым. Топта ән айтып, телевидениеде жүрген соң, айлығымның аз екені білінбеді. Ал сондай сомамен өмір сүріп жүрген әріптестерім жеткілікті. Жаңадан келген актерлер жағдайын жасауға ұмтылады. Түрлі түсірілімдерге сұранып, қосымша жұмыс іздейді. Бұл режиссерлерге жақпайды. Олар да рөлдің мінсіз сомдалғанын қалайды. Еңбек сіңірген қайраткер атанған қайраткерлердің өзі мардымды жалақы алмайды. Тер төгіп жүрген белгілі актерлер Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева болсын, солардың барлығы 100 мың теңге жалақы алады. Театрға жан-тәнімен берілген адамдар бәріне шыдап келеді. Басқа жақтан табыс келіп тұрса да, театр аурасын алмастырғысы келмейді. Менің де алдымда кезінде таңдау тұрды: не театр, не еркін жұмысты қалауым қажет болды. Театрды таңдағаныма еш өкінбеймін. Ақшаның азына, жағдайдың жоғына қарамадым. Өйткені өнерді, театрды жаныммен жақсы көремін. Өзің бір нәрсеге қатты берілгенде, кем-кетігін ұмытасың. Бірақ театр актерлерінің бүгінгі жай-күйін көргенде, қынжыласың. «Менмін» деген актердің айлығы – 80-100 мың теңге. Жаныңа батады», – деп қынжылады.
30-40 мың алатын жастар бар
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс та жас актерлердің жайына алаңдайды. «Ел қазіргі әншілердің жағдайын көреді де, бәрінің жағдайы осы екен дейді. Жұмысқа берілген, театрдан шыға алмайтын адамдар бар. Олар той-томалақта өнер көрсете алмайды. Бір жалақыға қарап отыр. Жас актерлердің жалақысы тіптен төмен. Баспаналары да жоқ. Театрдың тірлігін айтсақ, Шекспирдің сөзі есіме түседі. «Басыңда баспанаң болмаса, басым бар деп айтуға ұялады екенсің». Амалдап өмір сүріп жатқан жастар көп. Өздері таңдап алған кәсібі, жақсы көретін ісі болған соң, тастап кеткісі келмейді. Театрда еңбек еткісі келеді. Өнерге біржақты қарауға болмайды. Актерлер – театрға байланған адамдар. Олар театрға таңертең келіп, кешке бір-ақ шығады. Халық тойда жүр деп қалуы мүмкін. Театр актерлерінің тойға баратын уақыты жоқ. Ал әншілердің белгілі бір жұмысы жоқ. Сондықтан олар тоймен күн көріп отыр. Қазір 80-100 мың теңгеге өмір сүруге бола ма? Әншейінде, бәрін шетелмен салыстыруға құмармыз. Осындайда мәдениеттің дамуын неге әлем елдерімен салыстырмаймыз. Атақ-дәрежеге де тиын қосылады. Шығармашылықтың шарықтауына да материалдық құндылық қажет», – дейді Бекжан Тұрыс. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жомарт Зейнәбіл: «Театрдағы жастардың жағдайы мүшкіл. Жастарды келісімшарт бойынша 20-30 мың теңге айлықпен жұмысқа қабылдаймыз. Толық штатқа кіру үшін олар 6 ай немесе 1 жыл жұмыс істейді. Штатқа кірді дегенде, жалақылары 50 мың теңгенің үстінде болады. Өзімнің айлық табысым – 84 мың теңге. 25 жылдық еңбек өтіліме төленетін жалақының мөлшері осы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атақ, театр қосатын үстемеақымен 106-112 теңге көлемінде айлық аламын. Қалай күнелтетінімізді есептеп көріңіздер. Пәтерақыға 30-40 мың теңге төлеймін, қалғаны күнкөрістен аспайды. Осыдан кейін актерлер тойға шығады, кішігірім фильмдерге түседі. Халық өнер адамдарының жағдайы жақсы деп ойлайды. Ол – той-томалақ асырап жүрген шоубизнес өкілдерінің жай-күйі. Әнші, асаба, киноактердің жағдайына қарайды да, театр актерінің күйі де осындай екен деген ойға қалады. Қазір жасым 50-ге келді. Асаба болып тойға шықпаймын. Өнер, театр деп өмір сүріп жүрміз. Жағдайымыз мәз емес. Жаздыгүні кинофильмдерге түсіп, қор жинайтынымыз бар. Өздері билет алып, «спектакль көрейікші» деп келген депутат, әкімқараны көрген емеспіз. Арнайы билет алып, бала-шағасын ертіп, театрға депутат келер күн туатын шығар», – дейді.
Мәселенің тоқетері:
Қалай десек те, жастарға қолдау қажет. Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп тегін айтқан жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын Абай атындағы Опера және балет театрының артистері де жалақының аздығын айтып, мәселе көтерген еді. Еліміздегі 52 мемлекеттік театр артисінің жағдайын қазірден ойланған жөн. Өнер адамының ашқұрсақ жүргені жарамас.
Гүлзина БЕКТАС, Айзат АЙДАРҚЫЗЫ