Олар қазақты қалай оятты?
Олар қазақты қалай оятты?
530
оқылды

Қайбір күні түркиялық профессор Hülya Kasapoğlu Çengel-дің түркі әдебиетіндегі «оян» мотиві туралы айтқан ой-пікірі әлеуметтік желілерде желдей есіп кетті.

Ол: «Түркі дүниесінде «оян» мотиві өте маңызды» дей келе, түркі әлемінде «оян» сөзін ұтымды қолданған ақындар түрік Mehmet Аkif Ersoy мен ұйғыр Абдухалиқтың өлеңдерін мысалға келтіріп, «оян» рухының бастауында Міржақып Дулатұлының тұрғанын шегелеп айтты. Шынында, Mehmet Аkif Ersoy-дың Uyan жыры 1915 жылы жазылса, Абдухалиқ Уйғурдың Oygan өлеңі 1921 жылы дүниеге келді. Ал Міржақыптың «Оян, қазақ» өлеңі 1909 жылы Орынбордан жеке жинақ болып шыққан болатын. – Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал хараб боп, Қарағым, енді жату жарамас-ты. Міржақып «Оян, қазақ!» кітабы арқылы қазақты білім-ғылымға шақырды. Соны­сымен қазақ зиялыларының, дін адам­да­рының, қарапайым халықтың көңілінен шықты. Алайда Ресей патшалық үкіметінің шымбайына қатты тиді. Содан болар, Патша үкіметі «Оян, қазақты» оқуға тыйым салды. Патша тыйым салды екен деп, кітаптың таралуы тоқтап қалған жоқ. Оны халық қолмен көшіріп таратты. Тіпті дін адамдары қолжазба кітапты мешіттер мен медреселерде тарата бастады. ХХ ғасырдың басы біздің қазақ үшін «ояну дәуірі» болды. Міржақып бастаған «оян» мотивін қазақтың сол замандағы қайраткер ұл-қыздары өз өлеңдеріне арқау етіп, одан ары жетілдіре түсті. Соның бірі – «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы. Міржақып ол кезде Ахаңның орынбасары болатын. Ахмет Міржақыптың «оян» мотиві негізінде «Қазақ» газетінің 1913 жылғы санында «Жиған-терген» деген өлеңін жариялады. Өлеңінде ол ұйқышыл жұртты оятуға ұмтылып, қараша халықты осы жағдайға жеткізген «түксиген мұртты» Сталиннің солақай саясатын сынайды. – Ұйқышыл жұртты, Түксиген мұртты, Обыр-обып, сорып тұр. Түн етіп күнін, Көрсетпей мінін, Оятқызбай қорып тұр. Бұл жыр ары қарай «обырдың» елге қам­қор болғансып, сорын қайнатып жатқанына, ал азаттықты көксеген ояу ерлер – Алаш зиялыларына ұйқыдағы халықтың ермей­тініне, тіпті өздеріне серік көрмейтініне қатты қынжылады. Сөйтіп, досы мен қасы кім екенін ажырата алмай, пұшайман халге түскен қазақты жұлқылап оятуға тырысады. – Қазағым, елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып. Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді, оянып. Қанған жоқ па әлі ұйқың, Ұйықтайтын бар не сиқың?! Ахмет Байтұрсынұлының 1911 жылы Орынборда жарық көрген «Маса» жинағы тұп-тұтас қазақты оятуға арналған туындылардан жинақталды. Мұндағы маса – Ахаңның өзі. «…Мен – сары маса, халықты оянсын деп сөзбен шаққан» дей келіп, сол кездегі қоғамның қасіретін сөзбен қағытып, қазақты қамшылап, өнер-білімге шақырды. Ахаңның мысалдарды (басни) қазақшаға аударып, жинақ қылып басқандағы мақсаты да сол – ұйқыдағы жұрттың көзін ашу, көкірегіне елдіктің тұқымын себу болатын. Міржақыпты шәкірті Мағжан да жыры­мен демеді. «Жауға түскен жанға» деген өлеңінде Мағжан былай деп жырға қосты: – «Оян! – дедiң жұртыңа, – Бас көтерiп, тiрлiк қыл!» Ақыл айттың ұлтыңа: «Таста талас, бiрлiк қыл!» Міржақыптың «оян» мотивін жырымен қолдаған тағы бір арыс Сұлтанмахмұт Торайғыров болатын. Ол да ұйқыдағы қа­зақ­ты оятуды өзіне міндет санады. Сұлтанмахмұттың «Анау-мынау» өлеңін оқысаңыз, бұған анық көз жеткізесіз. – Анау қырда татар тұр, Басқалармен қатар тұр. Мынау ойда қазақ тұр, Қастарында азап тұр. Ұйқысы көп, ояу аз Бұл не деген ғажап тұр? Бұл ұйқысын ашпаса, Надандықтан қашпаса, Басқаларға мазақ тұр, – дей келе, Сұлтанмахмұт қазақты алға сүйреген алашшыл жастарға еруге шақырды. Анау қырда жастар тұр, Алға қарай бастап тұр. Оян-дағы тез жүр деп, Дамыл таппай қақсап тұр. Аңдыған оны қастар тұр, Көңілі соқыр мастар тұр, – деп олардың жолын кес-кестеген сол кездегі сұмырай саясатты аямай сынап, дәрменсіз халықты жаңашыл, көзі ашық, көкірегі ояу жастар­дың соңынан еруге, солар сияқты өнер-білім қуып, алға қарай батыл қадам жасауға шақырды. Сұлтекеңнің «Оян-дағы тез жүр деп, Дамыл таппай қақсап тұр» дегені осы Міржақып болатын. «Оян» рухы діни-ағартушылық бағыттағы ақындардың да жырларынан көрініс берді. Бұған Ғұмар Қараш, Нұржан Нашаубайұлы, Әбілқасым Арғынидің жырлары дәлел бола алады. – Сен жатырсың қатты терең ұйқыда, Өзді-өзімен алысуда миқыда, Талас-тартыс үнемі ызы-қиқыда, Оянбастай жұртым саған не болды? Ғұмар Қараш осылай деп жырлап, ұйқы­дағы халықты қараңғылық қойнауынан жа­рыққа алып шығуға ұмтылыс жасаса, Нұржан Нашаубайұлы төмендегі жыр жол­дарымен алаш жастарын оятуға тырысып бақты. – Жайлау, қыстау жерді алып, Көңілді қылды жаралы. Ұйықтама, оян, Алашым! Қолыңда жоқ заманның, Амал қылар құралы. 1917 жылы Ташкентте басылған ƏӘбілқасым Арғынидың «Жатпа, қазақ» өлеңінде де Міржақыптың «оян» мотивінің әсері байқалады. Әбілқасым да қазақты ғапілетте, қараңғылықта жатпай, мағрифат­қа, яғни оқу-білімге шақырды. – Қазағым, ғапілеттен көзіңді аш, Ғапілетпен өтіп кетті бірталай жас, Осындай бостандық күн келген уақытта, Жастана жата бермей, көтерің бас. Міржақыптың өлеңдерінен əсерленген ақындардың бірі – Байбатыр Ержанұлы. Ол өзінің 1914 жылы Қазан қаласынан шыққан «Тұр, қазақ!», кітабында былай деп жазады: – Япырмай, ұймас па едің ұжмақ жерде, Ұжмақ жерде дегенім басың төрде, Оянбай бостан-босқа ұйықтап жатып, Секілді болып қалдың жатқан көрде. Байбатырдың бұл жырын қазақтың тұңғыш журналист қыздарының бірі Мәриям Сейдалина да қаламына арқау етті. Мәриямның «Айқап» журналына шыққан «Тұр, қазақ!», өлеңі – соның куәсі. – Тұр енді, қазақ, ұйқыдан, Ұйықтайтын емес бұл заман. Домбыра тартып, сауық құрған, Келмеске кеткен ол заман. 1925 жылы Мұхтар Әуезовтің тікелей бастамасымен Семейден «Таң» журналы ашылғанда, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы байғазы ән-жырын арнаған болатын. Сол жырда Шәкәрім қажы: – Кейіме, кәрі жан, Өмірің тозғанға, Оянып ұйқыдан, Әнге сал қозғал да, – деп жырлады. Аз ғана саны жарық көріп, ұзамай жабы­лып қалса да, жаңа журнал ұйқыдағы қа­зақты ояту миссиясын орындап кетті. Филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдырдың құрастыруымен үш жыл бұрын «оян» дәуірінің үш кітабы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» (Орынбор, 1909), Байбатыр Ержанұлының «Тұр, қазақ!» (Қазан, 1914) және Әбілқасым Арғынидің «Жатпа, қазақ!» (Ташкент, 1917) кітаптары бір жинақ болып қайта жарық көрді. Осы кітаптың алғы сөзінде Төрәлі Қыдыр: «Алаш жұртының сол кездегі ауыр жағдайына алаңдаған Байбатыр Ержанұлы мен ƏӘбілқасым Арғыни да өздерінің қоғамға айтар ойын Міржақып Дулатұлының əәдіс-тәсілімен жеткізгенді дұрыс көрді. Сондықтан да «Тұр, қазақ!» пен «Жатпа, қазақтың» құрылымы, көтерер тақырыбы мен ішкі мазмұнына қарап, «Оян, қазақтың» дәстүрлі жалғасындай көрінетіні бар. Расында ХХ ғасыр басындағы бейқамдық өмірді сын садағына алған ақындардың арман-тілегі, айтар ойы бір арнада тоғысып жатты», – деп жазған болатын. Шынында, Міржақып Дулатұлының «оян» мотиві әлі күнге дейін өзектігін жойған емес. Қазақты оятқан қазақтарды танып-білу, олардың зарлы үніне құлақ салу – бізге парыз.