Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров СОVID-2019-ға күдікті және олармен қатынаста болған адамдарға арналған жаңа модульдік аурухананың құрылыс алаңында болып, медициналық ұйымның жоспарымен егжей-тегжейлі танысты.
Медициналық ұйым аумағында коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды оқшаулау және емдеу үшін 280 орын ашылады. Соның ішінде қарқынды терапия бөлімшесі жұмыс істейтін болады.
Ауруханада қызметкерлерге арнайы «таза» аймақтар белгіленген. Болашақ инфекциялық палаталарда бөлек желдету жүйесі қарастырылады.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау басқармасымен қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Медициналық қызметкерлерді жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша штат шамамен 280 дәрігер мен медицина қызметкерлерінен құралады.
Сапар барысында құрылыс жұмыстарының тарихи ғимараттар мен археологиялық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету нормаларының сақталуына баса назар аударылды.
Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахметжанов салынып жатқан госпиталь жақын орналасқан қорған кешеніне әсер етпейтінін баяндады.
«Қорған кешені тарихи-мәдени қордың бас жоспарына сәйкес қорғалуда. Ауруханадан қорғандарға дейінгі қашықтық 150 метрден асады. Қорғандардың күзет аймағы 50 метрді құрайды. Барлық ережелер сақталуда» деп уақытша құрылыстың жеңіл құрылымдардан салынатынын атап өтті Алматы қаласының бас сәулетшісі.