Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме
Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме
284
оқылды

Ұлы Абайдың айтқан сөзі тап қазіргі жағдайға қатысты дөп келетіндей. Астанада мерт болған балалар өлімінен кейін әлеуметтік желілерде, БАҚ-та көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген мәселе қалқып шығып жатыр.

Соның ішіндегі ең негізгісі – көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының аздығы, бала туғаны үшін берілетін бір реттік жәрдемақы мен жөргекпұлдың төмендігі. Көпбалалы аналарды баспанамен қамту да өзекті мәселе. Мұның бәрі баспасөзде талай рет жазылып, көтеріліп келе жатыр. Әйтсе де, осы ахуалды көріп тұрса да әлсіз топтың жанайқайына аттан қосып, жағдайды ушықтыра түскісі келетін­дер де төбе көрсетіп қалады. Жөні мен жосығы бар, бірталайдан қорда­ланған мәселенің уыты ортақ шаңырағымыздың уығын шытынатпауы қажет. «Біздің мұң мен зарымызды жоғары жақ естімейді» деген алаң көңіл аналардың біразында бар сияқты. Байыптап қарасақ, мұ­ның жалпылама сипаттағы сөз екенін аңғаруға болады. «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының өзекті мәсе­лелері атап көрсетілді. Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын одан ары арттыру туралы нақты мін­деттер қойды. Мемлекет басшысы Үкіметке 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 28 мың теңге­ден 42 мың теңгеге дейін көтеруге тапсырма берді. Бұл түрлі салада еңбек ететін 1 миллион 300 адам­ның әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бюджеттік ұйым қызметкер­ле­рінің еңбекақыларын 35 пайызға дейін көтеру тапсырылды. Соны­мен қатар Президент шағын және орта бизнесті дамыту мәселесін қозғап, бұл бағытқа 30 миллиард теңге қаражат бөлінсін дегенді айт­ты. Бизнесті дамытудың 2050 жыл­ға дейінгі жоспары бойынша 22 мың азамат тұрақты жұмыспен қамты­луы тиіс. Мемлекет басшысы әлеумет­тік саланы жаңғырту және халық­тың аз қамтылған тобына қолдау көрсету шараларын тиімді жүзеге асыруға үнемі көңіл бөліп келеді. Ақпан айының басында Прези­дент азаматтардың табысын арт­тыру, тұрмыс сапасын жақсарту және көпбалалы отбасыларға қол­­­дау шараларын күшейту жө­нін­­де­­гі жұмыс тобын құру туралы тап­сыр­ма берді. Нұрсұлтан На­зар­баев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, бар­лық деңгейдегі бюджеттік шы­ғыстардың басымдықтарын қайта қарау қажетін көрсетті. Бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек алуға қолжетімділікті жеңілдету және көпбалалы от­басылар үшін жәрдемақы төлем­дерін жетілдіру, сонымен қатар айрықша қажеттігі бар көпбалалы отбасыларға му­ниципалды жал­дамалы пәтер­лердің қолжетімдігін арттыру мүмкіндігін қарастыру шараларын қабылдауды тап­сырды. Елбасы тапсырмасынан кейін бірқатар өңірлердің және респуб­ликалық маңызы бар қалалардың басшылары көпбалалы отбасы­ларға және өзге де көмекке мұқ­таж азаматтарға нақты көмек көрсету үшін қосымша мүмкін­дік­тер мен қаржы көзін тапты. Астанада 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 10 095 отбасы тұрады екен. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жө­ніндегі жұмыс тобының отыры­сын өткізді. Әкім «Жұмыспен қам­­тудың жол картасы», «Биз­нес­тің жол картасы» бағдарла­ма­ла­рының мүмкіндіктерін пайдала­на отырып, қиындықтарға тап бол­ған әрбір отбасыға әлеуметтік қолдау мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді тапсырды. Нә­тижесінде, аса мұқтаж отбасы­лар­дың деректер базасы жасалды. Бірінші кезеңде шұғыл түрде азық-түлік, көмір, мектеп керек-жарақтарымен қамтылып, ақпа­раттық-түсіндіру кеңестері өткі­зілді. Әрбір отбасын қолдау бойынша жеке шаралар жоспары әзірленді. Қызылорда облысы – 2014 жыл­дан бастап 520 түлекке Ре­сей­дің жетекші техникалық жо­ғары оқу орындарында Ресейдің гран­ты­мен оқуын ұйымдастырған елі­міздегі бірден-бір аймақ. 2013 жыл­дан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, әсі­ре­се, ауылдық жерден шыққан та­лап­ты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты тағайын­далған. 2018 жылы аталған грант саны 2 есеге артып, 205-ке жетті. Қазір 900 білімпаз аймақта еңбек ресурстары балансына сәйкес облысқа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есеп беруде қысқа мерзімде көпбалалы отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша арнайы өңірлік бағдар­лама әзірлеуді тапсырды. Астанадағы қайғылы жағдай­дан кейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Осындай қа­сі­рет қайталанбауы үшін әре­кет етуіміз керек. Бұл жайт қоғам­дағы кейбір өзекті мәселелерді кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәсе­лесінде әлі де болса же­тілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәр­демақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды», – деп жәрдем­ақы, баспана мәселесін үкіметпен бірлесе отырып шешу үшін «Нұр Отан» партиясының жанынан Ба­лалар құқығын қорғау жөнін­дегі кеңес құру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген болатын. Қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс басталды. Президент Әкімшілігі Мем­лекет басшысы жүктеген міндет­тердің орындалу барысын қатаң қадағалап отыр. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, өңір әкімдері көпбалалы ана­лар­дың әлеуметтік жағдайын жақсарту ісін назарда тұрақты ұстайтын болады. Әлеуметтік жағынан осал отбасыларды және көмекке аса мұқтаж, оның ішінде көпбалалы отбасыларды муни­ци­палдық тұрғын үймен қамта­масыз ету де өткір мәселе. Баспана алу кезегі жылдар бойы жылжы­май­ды. Азаматтардың табысы пәтер алуға несие алу үшін жет­кі­ліксіз, соның салдарынан 15-20 мың тең­геге бөлме жалдап, жатақха­на­лар немесе заңсыз құрылыстарда тұрып жатқан азаматтар қатары аз емес. Көпбалалы отбасылар мен басқа да азаматтардың өтініштері мен талап-тілектерін жедел тал­дауға не кедергі? Азаматтардың тұрғын үй кезегі ашық болуы тиіс. Көп ретте осы ашықтық үрдісі болмаған соң «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріледі. Жылдар бойы кезегі бір саты алға жыл­жымаған соң, көпбалалы аналар ашынбағанда қайтеді? Сөз басында Абай атамыздың «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме» деген сөзін келтірдік. Бізге бір нәрсені қаперде анық ұстау керек: өз игілігімізді өзіміз жа­саймыз, сырттан келіп біреу жағ­дай жасап бермейді; ел – ортақ, мемлекет – ортақ, жер – ортақ, ен­деше, «әрекетке – берекет» де­ген, қапы қалмайық, қарап отыр­майық, қамсыз қалмайық!