Жәнібек Кәрменовті «ән академигі» атанған Жүсіпбек Елебеков үлкен сахнаға алып шықты. Жәнібек те Жүсекеңдей аяулы жанды әкесінен кем көрген жоқ. Түрлі ән мектебін зерттеп, зерделеп, ұлттық өнер көкжиегін барынша кеңейтуге тырысты.
«Қазақ елінде қанша ән дәстүрі болса, соның бәріне дендеп барды. Ақселеу Сейдімбек ағасы екеуі жасаған оншақты телевизиялық хабар бар. Сонда білікті маман ретінде Мұхит, Кенен әндері, өзге де халық ақындарының шығармалары, Шәкәрім мен Сәкен мұраларын зерттеп, бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі бағыттағы дүниелерді жан-жақты саралады» дейді Жәнібек Кәрменовтің аяулы жары Тұрар апай. Биыл ән еркесіне – 70 жыл. Мерейтойы қарсаңында белгілі журналист Дәулет Сейсенұлы «Жәнібек» атты деректі кітап жазып, «Жәнібек ән салады» атты пьесаны өмірге әкелді. Бүгінде бұл пьеса Семейде облыстық театрдың сахнасында қойылып жүр.
Бес жасында Ақылбайдың әнін айтқан
«Жәнібек қайтыс болғаннан кейін 2001 жылы естеліктер жинағы шықты. Оны құрастырған – Тұрсын Жұртбай мен жолдасы Тоты. Жәнібек екеуміз бір өңірдің, Абай ауылының тумасымыз. 1949 жылдың ақпан айында туғанбыз. Ол кездері дәл туған күніңді көрсетпейді ғой. Қай күні құжат аласың, сол күнді белгілеп береді. Жәкеңнің туған күні құжат бойынша 22 наурыз деп естіген едік. Екеуімізде полигонмен таласып туған ұрпақпыз. Бала кезінде Жәнібекті «кішкентай шал» деп атайды екен. Ол менен он күндей кіші болғанымен, өзін он жастай «ересек» сезінетін еді. Ол Абай ауданының орталығы Қарауылда оқыды. Айымыз да, жылымыз да бір болғанымен, екеуміздің білім алған мектебіміз екі бөлек. Туғаннан бір-бірімізді білеміз десек, өтірік болар, Жәнібекті алғаш көргенім жетінші сыныпта ғана. Жәнібектің ұстазы Кәмен Оразалин деген атақты жазушы. Ол кісі Мейірғали Ыбыраев дейтін талантты ақынның да алғашқы ұстазы. Роллан Сейсенбаев дейтін атақты жазушы бар. Кітаптары шет елдерге де таралған. Мейірғали – ақын, Роллан – жазушы. Осындай бір шоқ жастар өсіп шықты. Алды – 41-42 жылғылар. Жәнібек жастайынан алғыр болды. Ауданда «Абай ұрпақтары» атты журнал шығады. Мұхтар Әуезовтің бастамасымен жарық көрген қолжазба журнал. Қолжазба журналдың негізгі жетекшісі Кәмен Оразалин болғанымен, оң қолы – Жәнібек. Оның екі қыры бар: біріншісі – әншілік болса, екіншісі – жазушылық қабілеті. Он екі-он үш жастағы бала болса да, оның екі қабілетін де бірден аңғардық. Кәмен аға оған Кененнің әндерін айтқызды. Кенен Әзірбаев «Бозторғай» әнін он бір жасында шығарған екен. Жәнібек те ол әнді он бір жасынан бастап орындаған. Жәнібектің әнін тыңдағанда аузымыз ашылып, көзіміз жұмылып қалады. Ол кезде ән айтумен бірге, әңгіме де жазып жүрген. Ең алғашқы әңгімесі «Ақылбайдың әні» деп аталады. Ақылбай – Абайдың ұлы. Одан қалып отырған – бір ғана ән. Оны жеткізуші – Жәнібек. Оның қаламгерлігіне келер болсақ, өнер тақырыбын көбірек жазған. Өнер адамдары туралы көбірек толғады. Көзі тірісінде үш кітабы шықты. Алғашқысы – «Ақылбайдың әні», екіншісі – «Ғашықтың тілі», үшінші кітабы – «Махаббат әні». Бес жасында айтқан алғашқы әні – әнші, сазгер Манарбек Ержановтың «Қойшының әні». Жәнібектің әнге, сөзге бейім болатын себебі, анасы Мағрипа сөзге шешен, тапқыр кісі болыпты. Өзінен екі жас үлкен Бану дейтін апайы да керемет әнші болған. Кенжегүл қарындасының да сөзге шешендігі, әншілігі бар. 14-15 жасында «Ақылбайдың әнін» жазады. 1966 жылы Алматыға барып, әншілердің байқауына қатысады. Онда Жәнібектің жасы – 17-де. Сол жолы атақты өнертанушы, ғалым Ахмет Жұбановтың назарына ілігеді. Сонда Ахаң: «Қарауылдан керемет, дауысы өзгеше бір бала келді», – деп Жүсекеңе айтады. Арада бір ай өткенде Сапарғали Бегалин жетпіске толып, қасында Жүсіпбек Елебеков бар, Абай ауданына келеді. Ауданның бірінші хатшысы – Кәрім Нұрғораев. Кәмен Оразалин Алматыдан келген қонақтарға таныстыру үшін Жәнібекті арнайы алып барады. Алғашқы кезде жолдан қатты шаршаған болуы керек, онша мән бере қоймайды. Сол күні кешкісін Сапарғали Бегалиннің 70 жылдығына орай Қарауылда үлкен кеш өтеді. Кеште сахнаға домбырасын алып, Жәнібек те шығады. Сонда Жүсекең елең ете қалып: «Әміренің жалғасын Қарауылдан таптым», – дейді. Ауданның бірінші хатшысы да Елебековке «осы баланы Алматыға ала кетсеңіздер» деп, өтініш айтады. Сөйтіп, Жәнібек 17 жасында Алматыға келіп, Қазақконцертке қабылданады. Жүсекеңнің қасында жүріп, бір жыл бойы ел аралайды. Ол қай өңірге барса да, сол өңірдің тумасы екен деп ойлайтын көрінеді. Өйткені оның айрықша қасиеті – халық әншілерінің өмір тарихын жетік білген. Жәнібек Алматыға келгеннен кейін, Жүсекең оқуға түсірді. 20 жасында алғашқы пәтеріне қол жеткізді. Жәнібектің аса танылған кезі – өткен ғасырдың 70-жылдары. «Асыл мұра» атты бағдарлама жүргізді. Оны көрнекті жазушы Ақселеу Сейдімбек екеуі бірге жасады. Өкінішке қарай, ол хабардың көбі сақталған жоқ. 1984 жылы Жәнібекке Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1985 жылы Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің ХІІ фестиваліне қатысты. Сол жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның жаңадан ашылған дәстүрлі ән кафедрасының бастауында болды. Сөйтіп, атақ-даңқы шыққан Жәкеңе 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағы берілді. Жастайынан өтірікке жаны төзбейтін, шыншыл адам еді. Айналдырған үш-төрт-ақ жылда шет елдерді аралап, ән шырқады. 1990 жылы «Өнер» баспасынан «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» деген екі томдық антология шығарды. 1992 жылы 43 жасында өмірден озды. Жәнібексіз таңды атырғанымызға 25 жылдан асыпты. Жәнібек туралы кітап, пьеса жаза қоямын деп ойлаған емеспін. Негізгі мамандығым – журналист. Жәнібектің 70 жылдығына орай деректі дүние жазсам деп ойладым. Оның қаламгерлік, әншілік, ұстаздық қырын көрсеткім келді. Ол әнші-қаламгер ғана емес, ұстаз болатын. Бекболат Тілеухан, Әділет Мұса – Жәнібектің төл шәкірттері. Кітап жазбас бұрын «Жәнібек ән салады» деген пьеса жаздым. Кітапты да, пьесаны жазар алдында Тұрсын Жұртбаймен ақылдасып, кеңесіп алдым. Пьесаның атауын «Жәнібек ән салады» деп неге атадым? Ақын Жарасқан Әбдіраштың «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөзі елдің арасында афоризмге айналып кеткен. Соған байланысты «Жәнібек ән салады» деп қойдым. Пьесаны облыстық драма театры қойды. Семейде қойған спектакльді Жәнібектің жолдасы Тоты келіп, тамашалады. Бір пьесада Кәрменовтің бүкіл өмірін қамти алдық деп айта алмаймыз. Ол бар-жоғы 25 беттік шығарма ғана. Оның студияда оқыған кездегі қиындықтары, автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарған кездері, ел аралаған тұстарын толық қамту мүмкін емес. Сондықтан Жәнібектің аты ұмытылмасын, есімі ел аузында айтыла берсін деген мақсатта сахнаға шығардық. Өнерге қызмет еткен аяулы жанның ұлтына жасаған жақсылығы ұмытылмайды деген ойдамын» дейді Дәулет Сейсенұлы.
Тулайды жүрек, қимайды…
Тұрар апай жұбайы өмірден озған соң, «Жәнібек» атты естеліктер кітабын шығарды. Әншінің дауысы сақталған әндерді жинақтап, аудиотаспаға басты. Қолындағы бар құнды мұраны жарыққа шығаруға тырысты. «Оның жазушы болмауы мүмкін емес. Қарауыл ауылында туып-өскен Жәнібек Шәкәрімнің көзін көрген, Мұхтар ағамыз үзеңгі қағыстырған қариялардың сөзіне зейін қойып өсті. Ұстазы Кәмен Оразалин қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болған кісі. Осының бәрінің ықпалы тимей қоймады. Өзі әкеден алты жасында жетім қалыпты. Көңілін тербеген мұң да жоқ емес. Оның үстіне Абай елі ежелден ән мен жырдың қасиетті бесігіндей киелі өлке. Соның бәрі бала Жәнібекке әсер етпей қоймаса керек», – дейді Тұрар апай. Кәрменовті жазушы еткен – белгілі ғалым, жазушы Рымғали Нұрғали. Әнші інісінің бұл жағынан да қаражаяу емес екенін жақсы білсе керек, түрлі тақырыптарды жиі ұсынып, қоярда қоймай жүріп, қолына қалам алдыртқан көрінеді. «Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» – осының жемісі. Алғашқы кітабын 1980 жылы шығарады. «Түнімен отырып жазатын. Ол ұйықтап жатқанда, ұрланып оқуға құмартушы едім. Өзінен де «әлгі кейіпкерің кім туралы, ол неғып жүр, неге олай жаздың?» деп жиі сұрақ қоятын едім. «Жазушының қиялы деген болады. Ол кейіпкерді нақ бәлен, тура сол адам деп айта алмаймын» деп жауап беретін», – дейді Тұрар апай. Ол кімі жазушының газет-журналда жарияланған мақалаларын жинақтап, «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» деп, кітап шығарады. Жәнібек Кәрменовтің Тұрар апайға, бауырларына арнап жазған хаттары, мақалалары әлі күнге сақтаулы. Сондай хаттың бірі қолымызға тиді. «Рымғайша, Мейраш! 21 декабрь күні жазған хатыңызды 13 январь күні алдым. Ұзақ жүріп қалған екен. Бұдан бұрын хат алмадым. Хабарсыз кеткесін алаңдап жүргенімде, мына хат қолыма тиді. Амандықтарыңды біліп, қуанған жай болды» деп жазады.Туыс-туғанның халін біліп, өзінің жағдайынан да хабардар етеді. Хат соңында: «Жүрек мазалайды. Бір күні оянбай қалатын секілді қорқамын да тұрамын. Ең болмаса, екеуін бір оқуға іліктіріп үлгерсем, арман жоқ. Шешем жиі түсімде жетелеп мазалайды. Құдайдың жазғанын көремін де» деп аяқтайды… Жүрек ауыртатын тұсы да – осы. Әнші өзін сұм ажал алып кететінін сезгендей, іштегі арпалысын хатқа жазады. Одан бөлек, әнші өзінің «Жастық шақ» өлеңінде де осы тербелісін хатқа түсіреді. – Жалындап келдім өмірге, Жайлауын кешіп жастықтың, Адасып қалдым бұл күнде, Білмеймін қайда асықтым. Зулайды күндер зулайды, Тулайды жүрек, қимайды. Жас дәурен мойнын бұрмайды, Жастығым қолын бұлғайды… Ал «Өмір» туралы толғанысында: – Мұңайма, Жәке, мұңайма, сабыр ет енді жүрегім, Бір күні сен де тоқтайсың, оны да жақсы білемін. Бас имей жүрген тағдырға, дертті жанның бірі едім. Адам боп кеп ем өмірге, Адам боп өтсем – тілегім, Бәріңе соны тіледім! – деп жырлайды. 43 жасында асыққан жүрек тоқтады. Елдің еркесіне айналған әнші жалындап келіп, жалындап кете барды. «Жәнібектің дауысы әлі күнге жадымда, жүрегімде сақталып қалды. 1986 жылы Ленин комсомолы сыйлығын алған кезде қуанышқа жиналған отырысты толықтай жазып алған едім. Кейін сол жазбаны қайта-қайта тыңдап жүрдім. Тіпті «әй, Тотай!» деп, мені шақырған дауысы да жазылып қалыпты. Уақыт емші деп жатады. Бірақ жан жарасын уақыт қалай емдесін», – дейді Тұрар апай. Апайдың ендігі алданышы – балалары, немерелері. Жәнібек Кәрменовтің жалғасы – Әсет, Ақбота, Шаһкәрім. Әкесінің жолын жалғап, Шаһкәрімнің телевизия саласында жүргені – анасына алданыш. «Атақты әнші бола қоймаса да, өзі үшін әкесінің әндерін тербетіп отыратын кездері дәтке қуат», – дейді Тұрар апай. Көзі тірісінде Тұрар деп атамай, «Тоты», «Тотай» атандырған аяулы жарының әндерін тыңдап, жүрегін жылытады, көңілін жұбатады.
Әке әлдиімен ержеткен ұл
Жәнібек Кәрменов Шәкәрім әндерін жинақтап, ел алдына қайта алып шықты. Өкінішке қарай, әнші түскен кей бағдарламалар сақталмай қалды. Тұрар апайды алаңдататын да – осы. Кенже ұлы Шаһкәрім әкесінен екі жасында жетім қалады. «Менің әлдиім – әкемнің әні. Қатар өскен құрдастарым сияқты әкемнің алдына отырып, әкенің жылы алақанын сезіне алмағаным өкінішті-ақ. Кейде кең дүниеге сыймай кетемін. Ондайда қиялға берілемін. Әкемді құшақтап, әкемнің құшағына тығылып, айналада не болып жатқанын ұмытқым келеді. Тіпті түнде ұйқыға жатқан кезде «бүгін әкем түсіме кірсінші» деп, Алладан тілейтінмін. Тым болмағанда түсімде болса да әкеммен бірге болғым келеді. Әкемнің асқақ дауысын суық үнтаспадан емес, тірідей, шынайы қалпында тыңдағым келеді. Данагөй де, қарапайым сөздерін әкемнің достарының аузынан емес, өз аузынан тыңдағым келеді», – дейді Шаһкәрім Кәрменов. Жәнібек Кәрменовтің ел аузында сақталған әндерінің бірі – «Өмір толғауы». «Өмірде адам қандай болуы керек, қалай өмір сүруі керек, қандай заттарға жақын болуы керек, неден сақтануы қажет?» десеңіз, «Өмір толғауын» тыңдаңыз. «Ойламаңдар, жігіттер, баста дәурен тұрмайды», «Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа», «Өмірдің соңы – өкініш, санамен ойлап білгенге», «Желігіп келсең өмірге, жерініп бәрібір өтерсің», «Байлықты қусаң базарлап, түбінде саған – сол қайғы», «Қулықпен тапқан мал арам, Түбінде қайыр болмайды», «Жолдас болма жаманмен, Көзің жетпей парқына», «Жалғыз шықпа сапарға, Өкініште қаларсың». Осынау тіркестің бәрі қаншалықты жүк, қандай аманат арқалап тұрғанын іштей бағамдап көріңіз. Тұрар апай Шаһкәрімнің 7-сыныпта жазған шығармасын тауып алады. Онда кенже ұлы былай деп толғанады: «Әке» – үш-ақ әріп. Бірақ осы сөздің бағасы мен құнын адамзат біле бере ме? Әкеңді құшақтап, басыңды кеудесіне қойып, бір еркелеп алғанның өзі шексіз бақыт екеніне елдің бәрінің көзі жете бермейді. «Қолда барда алтының қадірі жоқ» дейді ғой қазақ. Мен баға жетпес «алтынымнан» есім кірмей-ақ ерте айырылып қалдым. Мүмкін содан да шығар, апайым берген тақырыптан тыс әке туралы жазып отырғаным… Бұл жазғаным – мен үшін еріккеннің ермегі емес. Ішіме сыймай бара жатқан дерттің қысып, қинаған кезіндегі жүректен шыққан әкеме деген пәк, сазды сағынышым. Жасымнан құрбыларым сияқты әкемнің алдына отырып, әкемнің жылы алақанын сезбегеннен шыққан сағыныш. Кейде осындай кең дүниеге сыймай, ішімдегі дертіме шыдамай, әкемді құшақтап, әкемнің қанатының астына тығылып, бар әлемді ұмытқым келіп кетеді». Қазір Шаһкәрім – елге белгілі журналист. Әке үмітін арқалап, әке салған сара жолмен жүріп келеді. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» дейтін шығармасын бала кезімізде сүйсініп оқыған едік. Сол айтқандай, Жәнібек Кәрменов дейтін ұлы отаудың шырағы сөнген жоқ. Ол шырақ – Әсет, Ақбота, Шаһкәрім… Домбырасы – ұлының қолында! Әні – халқының жүрегінде! «Жәнібек ән салады» – пьеса болып өріліп, сахнаға шықты. Жәнібек салған ән көптің есінде қалды.