Ерлан Қарин: «Ұзын құлаққа» сенбеңіздер!
Ерлан Қарин: «Ұзын құлаққа» сенбеңіздер!
Фото: Интернеттен алынды
Соңғы уақытта адамдарды арандатуға шақыратын телеграм арналары көбейді. Атап айтқанда, «Ұзын құлақ», «Ұлы жүз», «Ақсақалдың жазбалары...» және тағы басқа. Осы арналар көбінесе жасырын атпен жалған саяси ақпарат таратып жатыр.   Бұл арналарда ақпарат жариялайтындардың белгілі бір мақсатпен әдейі ақпараттық шабуылға машықтанғаны көрініп тұр. Олардың тапсырыспен жұмыс істеп отырғаны айтпаса да түсінікті. Жалған ақпарат таратуда «Ұзын құлақ» арнасы ерекше белсенділік танытып отыр. Анық-қанығына көз жеткізбей, көпе-көрнеу жалған сараптамаларды оқырманға ұсынады. Бұл арна тұрақты түрде Елбасы, Президент, мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды тұлғаларына және кәсіпкерлерге қатысты шындыққа жанаспайтын ақпараттарды жиі жариялайды. Олардың басты ұстанымы – жалғанды шындай қылып жеткізу арқылы «ақиқатты айтып отырмыз» деп елді үрейлендіруге үндеу. Халықтың санасына қорқыныш ұялататын ақпараттарды таратуды негізгі қағида ретінде ұстанады. Олар үрейге толы ақпарат арқылы «шындықты айтып отырмыз» деп ойлайды. Мұндай ақпараттық соғыс халық пен билікті бір-біріне қарсы қоюды көздейді. Әдейі жалған ақпарат арқылы ел ішіне іріткі салады. Қоғам коронавирусқа қарсы күресіп жатқан кезде мұндай мысықтілеулестердің аяқасты пайда бола кетуі, ақпаратты белсенді түрде таратуы, елдің назарын өздеріне аудартуға әрекеттенуі  кездейсоқтық емес. Таратқан жалған ақпараты мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына кері әсерін тигізеді. Қазіргідей кезеңде кез келген жалған ақпарат вирус сияқты қоғамға зиян. Вирус сияқты дүрбелең туғызып, жаппай бей-берекетсіздікке алып келеді. Арандатушылар оның салдарының ауыр зардабы бар екенін түсінбейді. Сондықтан кез келген арандату, алауыздыққа жол бермейміз. Құқық қорғау органдары ел ішіне іріткі салатын арандатушылардың кім екенін анықтап, заң шеңберінде шара қолданады деп сенемін.