"Қайырым-садақаны ең көп беретін де әншілер": Қарақат Әбілдина халыққа назын айтты
"Қайырым-садақаны ең көп беретін де әншілер": Қарақат Әбілдина халыққа назын айтты
© сурет интернеттен алынды
576
оқылды
Белгілі әнші Қарақат Әбілдина Instagram-дағы парақшасында әріптестерін сынның астына алатын көпшілікке қатысты пікірін айтып, халық алдында өнер адамдарының қаншалықты жауапкершілік арқалап жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, көпшіліктің пікірінше елдегі болып жатқан бар жағдайға әншілер кінәлі. "Не істейміз енді? Еш шақыруға бармайық, концерт бермейік, әлеуметтік желіден көрінбейік пе? Қазір онсыз да бәрінен көңіліміз қайтты. Негізінде, әншілер жарқырап жүрсе, өнер талабы сол емес пе? Сахна шартына сай жарқырап жүруге бар тапқан табысымды саламыз, көрермен алдындағы жауапкершілік деген бар. Айыбымыз да осы шығар. Алайда бұл әншілердің төрт құбыласы тең дегенді білдірмейді ғой. Барлығымызда басымыздан асатын мәселе жетеді, ағайын-туысқа қарасамыз, бала-шаға бар", - деген әнші халыққа өкпесі қара қазандай екенін жасырмады. Қарақаттың айуынша, бұл аяқасты жазылып отырған әңгіме емес, көптен бері қордаланған мәселе. "Басында баспанасы жоқ әріптестер қаншама.Бірақ, елдің алдында ешкім әлсіздігін көрсетпеуге тырысады. Онсыз да негатив көп заманда, ең болмаса, бізді көріп,халықтың көңілі жадырасын, еңсесі түспесін дейді. Ауырған баласын, жалмаңдаған кредитін т.б. сұрақтарды ойлап жүрегі жылап тұрса да, ел алдына күліп, жадырап шығатындары қанша?! Табыс тапсақ, ешкімнен тартып алып жатқанымыз жоқ, ұзақ жылғы еңбек, Алланың берген несібесі. Қайырым-садақаны ең көп беретін де әншілер, бірақ, оның бәрін жариялап отчет беру міндет емес шығар.Амалың Аллаға аян.Жұрттың бәрін жарылқау тағы мүмкін емес. Өкінішке орай, себепті-себепсіз әншілерге тіл тигізу көбейді. Бұл менің ғана емес, жоғарыда айтқаным біраз өнер иелерінің назы деп түсінерсіздер", - деп жазды ол.