Өңірде коронавирустық инфекцияның белең алуына байланысты COVID-19 белгілері бар науқастарды қадағалайтын дәрігерлер санын көбейту туралы шешім қабылданды, — деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабы. Осылайша, COVID-19 белгілері бар адамдарды қарауға баратын дәрігерлер саны 40-қа дейін, коронавирусқа қарсы бригадалар саны 3-тен 5-ке артты. Олардың барлығы бір реттік және бірнеше реттік костюмдермен қамтамасыз етілген, сонымен қатар, індет жұқтырған науқастарды госпитализациялау алгоритмі бойынша арнайы оқытылған. Облыстық жедел жәрдем станциясының бастығы Ербол Иманғалиевтің айтуынша, күнделікті науқастарды қадағалауға «103» қызметінің 25 бригадасы жіберіледі. Ал, диспечерлерге жергілікті тұрғындардан күніне 800-ге жуық қоңырау келіп түседі.