Қазақстан Doing Business рейтингінде биік тұғырларға көтерілуі мүмкін. Ұлттық экономика министрлігінің сендіруінше, бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзету енгізетін жаңа заң жобасы соған ықпал етпек. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары құжатты І оқылымда мақұлдады. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жобаның жаңалықтарына тоқталды. Заң қабылданғасын жер учаскелері дайын сәулет-жоспарлау тапсырмасымен, топографиясымен және техникалық шарттарымен бірге берілетін болады. Қожайындарының келісімінсіз-ақ үшінші тұлғалар үшін жылжымайтын мүліктің кепілге қойылғаны, бұғатталғаны туралы ақпарат ашық етіледі. Яғни, мұндай ақпаратқа бұқаралық қолжетімділік енгізіледі. Дегенмен бірқатар нормалар депутаттар сынына ұшырады. Мәселен, министрлік техникалық күрделі емес нысандарды салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және сараптамадан өту рәсімдерін жоймақ. Мәжіліс бұған келісім бермеді және ол норманы жоюды талап етті. Өйткені компаниялар 5 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерді, оқушылар саны 600-ден кем мектептерді, 800 адам сыятын сауда, ойын-сауық орталықтарын тұрғызу үшін сараптамаға да бас қатырмайтын болады. – Бұл ретте әзірлеушілер өз сөзіне еш күмәнданбай-ақ, негіздемеге былай жазыпты: «бұл нысандар көп адамның келуін және тұрақты болуын қарастырмайды». Сонда Мәжіліске енгізілгенге дейін осы жобаға келісімін берген министрлер мен ведомство басшыларының ең болмаса біреуі осыны оқымаған ба? – деп кейістік білдірді Нұрлан Нығматулин. Оның байламынша, техникалық күрделі емес нысандар салу үшін қажетті құжат санын оңтайландырған дұрыс, бірақ тұрғын үй, мектеп, сауда орталықтарының құрылысы үшін ЖСҚ қажет. Сондай-ақ заң жобасы бойынша тіпті мемлекеттік кәсіпорын саналмайтын жеке компанияларға Үкімет өз атынан қандай да бір тауарды өндіріп, сатуына құқық бермек. Депутаттар бұл бапты да алып тастау керек деп табандады. Себебі бұл норма шенеуніктерге бәсекелі тауарлық нарықтарда жасанды түрде монополист құруға, бар құқықты жеке біреудің компаниясына басыбайлы ұстатуға мүмкіндік береді. Мәжіліс төрағасы кейінгі жылдары Қазақстанның ішкі нарығында бәсекелестік орта айтарлықтай нашарлағанын мәлімдеді. Бүгінде небәрі 24 АҚ пен ЖШС баға қалыптастыру мәселесін монополиялы жағдайда, өз қалауынша шешіп жатыр. Нұрлан Зайроллаұлы атқарушы билік ұсынған түзету Қ.Тоқаевтың тапсырмасына қайшы келетінін нұсқады. – Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент тек мемлекеттік қана емес, жеке монополиялар да нарықты жайлап алғанын атап өтті. Ол демонополизация шараларын қабылдауды жүктеді. Ал сіздер не істеп отырсыздар? Тура керісінше жасағалы отырсыздар! – деп Ұлттық экономика министріне сын айтқан Н.Нығматулин бұл норманы заң жобасынан алып тастау керегін нықтады. Оның айтуынша, әзірлеушілер меморгандарға, аудандық деңгейге дейінгі барлық әкімге барлық салада жеке фирмалардың қатысуымен жаңа монополиялар құрудың айрықша құқығын бере жаздады. Мәжіліс депутаттары министрліктің ауылдағы әмбебап байланыс (сымды телефон) қызметін субсидиялауды жою туралы түзетуіне де келіспеді. Осы норманың күшіне енуі салдарынан ауылдықтар жалғыз байланыс көзінен айырылады. Өзгеріс ауылдағы шамамен 630 мың абонентті немесе телефоны бар ауылдықтардың 98%-ын қамтиды. Оған жол берілсе, монополист тариф көтеруге мәжбүр болады. Мысалы, бұған дейін ауыл тұрғындары орташа есеппен ай сайын 670 теңге төлеп келсе, ол төлем екі есеге және одан да қымбаттауы мүмкін. Н.Нығматулин екі жол ұсынды: не «Қазақтелеком» өз табысы есебінен ауылды телефондандыру шығынын көтеруі керек немесе мемлекеттік бюджеттен субсидиялау әрі қарай сақталуы тиіс. Жауапты министрліктер ІІ оқылымға дейін бір шешімін табуға міндеттелді.
Айхан ШӘРІП