Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті Нұр-Сұлтанға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, Ұлттық банктің орталық аппараты 1 шілдеге дейін Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына көшуі тиіс. Еліміздің бас қаржы реттеуші мекемесін астанаға көшіру туралы әңгіме бұған дейін де қозғалған. Ол кезде қаржыгерлер өз уәжін алға тартып, қарсылық білдірген.
Дағдарыс кезеңінде Ұлттық банкті Нұр-Сұлтанға көшірудің тәуекелі қандай болады, бұл шешім Алматының қаржы орталығы мәртебесіне кері әсер етпей ме деген сұрақты сарапшыларға қойған едік.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ,
экономист:
– Жалпы, Ұлттық банктің Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына көшуі туралы саяси шешім былтыр қарастырылған. Бұған дейін Ұлттық банк Алматыда болуы керек деген пікірлер көп айтылды. Мұның себебін еліміздегі салық төлеуші компаниялардың үштен бірінің Алматы қаласында орналасқанымен түсіндіретін. Ол рас, отыздан астам трансұлттық компания, біздегі екінші деңгейлі банктердің бас кеңселерінің 86 пайызы, бірлескен және ірі халықаралық ұйымдардың 43 пайызы Алматыда орналасқан. Алматы қаласы экономикасының өзі 36 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның үстіне, Алматы Орталық Азиядағы дамыған ең ірі мегаполис. Бірақ саяси шешім қабылданды.
Ұлттық банктің қоныс аударуы Алматының қаржы орталығы мәртебесіне қандай да бір кері әсер тигізетіндей себеп көріп тұрған жоқпын. Себебі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас кеңсесі Алматы қаласында қалады. Ол қаржы секторын тікелей қадағалайтын орган болғандықтан, Алматының қаржы орталығы мәртебесі сақталады. Ұлттық банктің банкаралық есеп айырысу бөлімшелері, Депозиттерге кепілдік беру қоры, Қазақстанның қор биржасының Алматыда қалуы қаланың қаржы орталығы статусын сақтайды.
Еуропалық одақта орталық банктердің 90-95 пайызы ел астанасында орналасқан. Біз Ұлттық банкті астанаға көшіруден көп нәрсе ұтамыз. Себебі дағдарысқа байланысты Ұлттық қордан 10 млрд доллар бөлініп жатыр, оны тиімді жұмсау, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруда, әлеуметтік мәселелерді шешу кезіндегі оперативті іс-қимылдарды бақылау үшін Ұлттық банктің бас әкімшілік қалада болғаны дұрыс. Жалпы, мемлекеттік басқаруға тікелей әсерін тигізетін мемлекеттік органдардың барлығы да елордада орналасқаны жөн.
Нұржан БИЯҚАЕВ,
банк мәселелері бойынша
тәуелсіз сарапшы:
– Ұлттық банк мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Президентіне есеп береді және қызметін Үкіметпен үйлестіре отырып атқарады. Ұлттық банктің бас кеңсесін көшіру мәселесі көптен бері талқыланып келеді. Әрине, Үкімет отырысына келуге және мәселелердің жедел шешілуіне Ұлттық банк басшысының астанада болғаны дұрыс-ақ. Егер Ұлттық банктің орталық аппараты елордаға қоныс аударса, онда еліміздегі екінші деңгейлі 27 банктің бас кеңселерін де осында көшіруді қамтамасыз ету қажет болады.
Бүгінгі таңда астанада ForteBank-тің ғана бас кеңсесі жұмыс істейді. Ал JysanBank (бұрынғы ЦеснаБанк – авт.) керісінше бір жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтаннан Алматы қаласына көшіп кетті.
Екінші деңгейлі банктердің бас кеңселерінің Ұлттық банк орналасқан қалада болуы екінші деңгейлі банктерге Ұлттық банк тарапынан жүргізілетін кезеңдік тексеру кезінде туындайтын мәселелерді шешуде өзара жедел байланысу үшін аса қажет.
Егер екінші деңгейлі банктердің бас кеңсесі елордаға көшпесе, онда Ұлттық банк екі қала арасына тексеруші қызметкерлері мен үйлестіруші топты тұрақты қызметтік іссапарларға жіберу үшін шығындануына тура келеді.
Әсіресе, қазіргідей төтенше жағдай кезінде, яғни қарыз алушылардан несиені кейінге шегеру және қайта құрылымдау туралы өтініштер толассыз түсіп жатқанда бұл мәселе банктің барлық штатын ең өзекті мәселелерді шешу кезіндегі жұмыс уақытына кедергі келтіріп, қосымша шығын шығаруға алып келеді. Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің бас кеңсесі астанаға көшетін жағдайда банктерге қажетті ғимарат пен орын-жай іздеу мәселесі туындайды. Себебі мұндай кеңселердің ғимараты жоғары сапалы телекоммуникациямен жабдықталған және бас кеңселердің қызметкерлері толық сыятындай болуы керек.
Уәлихан ДИДАРБЕКОВ,
қаржыгер:
– Ұлттық банктің ел астанасында – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқанын қолдаймын. Себебі Прездент Әкімшілігі, басқа да мемлекеттік органдар астанада орналасқан. Бүгінгідей кризис кезінде шұғыл жағдайларда бірауыздан шешім қабылдау үшін Ұлттық банктің бас кеңсесінің елордада болғаны дұрыс. Алайда Ұлттық банктің дәл қазіргі уақытта көшуі дұрыс емес деп санаймын. Себебі көшу үшін де қаржы қажет болады. Ал дәл қазіргідей мұнай бағасы төмендеп, коронавирусқа қатысты Ұлттық қордан қомақты ақша жұмсалып жатқан кезеңде Ұлттық банктің көшіп жүруін құптамаймын. Бұрын көшіп келетін мүмкіндігі де, уақыты да болды, сол кезде көшпегеннен кейін, дәл қазіргі кезеңде орнынан қозғалуын қолдамаймын.
Сарапшылар тарапынан Ұлттық банктің соңынан Алматыдағы екінші деңгейлі банктердің бас кеңселері де көшіп келсе деген ұсыныс айтылып жатыр. Мен ол ұсыныспен келіспеймін. Өйткені, Алматыда БҰҰ, Дүниежүзілік банк, түрлі қаржы орталықтары, халықаралық ұйымдар Ұлттық банк Алматыда орналасқандықтан ғана сол жақта отырған жоқ. Алматы - адам саны және бизнес көлемі бойынша да ең үлкен қала. Адамдардың өмір сүруіне географиялық тұрғыда өте қолайлы. Сол себепті ол жер Қазақстаннын бизнес орталығы болып қала береді деген сенімім зор.
Дайындаған
Айдана БЕГІМ