Мәжіліс төрағасы ливандық парламентшілерді Еуразия елдері парламенттері жетекшілерінің биылғы кеңесіне шақырды. Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Ливан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жискар әл-Хуриді қабылдады.
Жүздесушілер қазақ-ливан ынтымақтастығын, соның ішінде, парламентаралық қарым-қатынасты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Мәжіліс спикері «Ливан – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі» саналатынын және екі ел арасындағы қатынастар конструктивті диалог пен өзара түсіністік негізінде дамып келе жатқанын атап өтті.
Әңгіме барысында жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту тақырыбына айрықша назар аударылды. Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бейбіт өмір басымдықтарын атай келе, еліміз халықаралық деңгейде де осы мәселелерге баса мән беретінін нықтады.
Нұрлан Зайроллаұлының байламынша, Сириядағы қақтығысты реттеуге бағытталған келіссөздерге алаң ұсынуы, қазақстандық бітімгершілік контингенттің Ливандағы БҰҰ-ның бейбітшілікті ұстап тұру миссиясына қатысуы – Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі болып отыр.
Кездесу кезінде қос мемлекеттің парламенттері арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері де әңгімеге арқау болды. Н.Нығматулин ықпалдастықты дамытуға мүдделілік танытты.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында биылғы 23-24 қыркүйекте, «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Азия мен Еуропа елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне Ливан Ұлттық ассамблеясы делегациясының қатысуы, сондай-ақ палаталардың бейінді комитеттері мен ынтымақтастық жөніндегі топтар деңгейінде өзара сапарлар жасау –парламентаралық серіктестіктің нығаюына септеседі.
Өз кезегінде елші мырза Қазақстан мен Ливан арасындағы қарым-қатынастар жоғары деңгейде екеніне назар аударды және Бейруттың оны ары қарай кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Жискар әл-Хуридің пікірінше, Ливан Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлесін және бітімгершілік бастамаларын жоғары бағалайды.