Қазақстан Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанға гуманитарлық көмек жіберуді жоспарлап отыр. Көмектің жалпы құны 3 млн доллардан асады. Пандемия салдарынан әлем елдері бір-біріне көмек қолын созуға әзір. Гуманитарлық көмек беру – халықаралық тәжірибе. Мемлекеттер арасында өзара қолдау білдірудің жарқын үлгісі. Сондықтан Қазақстан да барымен бөлісуге дайын. Коронавируспен күрес кезінде көршілес елге экономикалық қолдау көрсету игі іс. Сол себепті Мемлекет басшысы гуманитарлық көмек ретінде қырғыз елі мен Тәжікстанға 5 мың тонна ұн жөнелтуге шешім қабылдады. Бұл шешімге Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз және тәжік тараптарының ресми өтінішіне сай қарар берді. Президентпен телефон арқылы сөйлескен Тәжікстан Президенті Э.Рахмон тәжік халқына осы қиын кезеңде қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол, сонымен бірге ел азаматтарына Қазақстан аумағы арқылы жүкті тасымалдауға көмектескені үшін ризашылығын жеткізді. Қырғыз халқы да Президентімізге қысылтаяң шақта қолдау білдіргеніне дән риза. Мұны Қазақстан және Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлері М.Тілеуберді мен Ч.Айдарбеков телефон арқылы сөйлесу барысында білуге болады. Қырғыз тарапы бауырлас елдің азаматтық танытқанына шын қуанды. Гуманитарлық жүк жақын арада Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанға жеткізіледі. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде қолдан келгенін аянып қалмайды. Пандемия жағдайында серіктес елдерге қажетті гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырады. Аталған көмек жомарт жұрттың алғашқы қадамы емес. Қытайда COVID-19 індеті өршіп тұрған кезде еліміз алғашқылардың бірі болып Қытайға медициналық қорғау құралдары түрінде гуманитарлық көмек көрсеткен. Жалпы, гуманитарлық көмек көрсету – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Өткен жылдары Қазақстан Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғыз Республикасы, Молдова, Моңғолия, Мьянма, Пәкістан, Сербия, Сирия, Түркия, Жапония және тағы басқа елдерге түрлі көмек жіберген еді. Сондай-ақ сырттан Қазақстанға да қолдау ретінде гуманитарлық көмек келіп жатыр. Елімізге 17 наурыз-12 сәуір аралығында АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия мен БАӘ-ден гуманитарлық жүк келді. Ал 13 сәуір күні Польшадан чартерлік рейспен көп мәрте қолданылатын бетперде мен компьютерлер жеткізілді.
Айбике ЖАНАСЫЛ