Алматы межесі – 2 миллион

Алматы межесі – 2 миллион

Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалының Jas Otan Жастар қанаты еріктілері мұқтаж жандарға бетперде таратуды бастап кетті. Елбасының бастамасымен құрылған Birgemiz қорынан  көмек алатындар – I-III топтарға жататын мүмкіндігі шектеулі жан­дар, асырауында мүгедек балалары бар отбасылар мен ме­дициналық-әлеуметтік мекемелер. Бетперде тарату – партиялық­тар­дың кезекті акциясы. Карантин енгізілгелі нұротандық волонтерлар қа­ланың жүздеген отбасына барып, халін білді, көмек қолын созды. Бұл шара аясында негізінен дүкенге азық-түлік үшін баруы қиын мүм­кін­дігі шектеулі жандар мен қарт­тар ес­керілді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерік­тілердің жасап жатқан жұмыс­та­рына жоғары баға беріп және көмек­ке мұқтаж жандардың жағдайына бей­жай қарамай, қол ұшын созған­дар­ға алғысын білдірді. Партия ерік­тілері көмек қажет ететін отбасыларға жәрдемдесуді одан әрі де жалғастыра береді. Бұл жолы біз медициналық бет­перде таратуды қолға алдық. Бет­перде – коронавирус инфекциясынан қорғанудың басты құралы. Әлеу­мет­тік әлсіз топқа жататын 40 мың отба­сыға 50 бетпердеден таратылады. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен күн сайын жүр­гізіледі, – дейді Nur Otan партия­сы­ның Алматы қалалық филиалы­ның Jas Otan Жастар қанатының тө­ра­ғасы Мәди Ахметов. Атаулы көмек республикалық Birgemiz қорынан қаржы­ланды­ры­лып отыр. Almaty Birgemiz қоры кө­мек­ке зәру алматылық отбасылар­ға 50 мың теңгеден беруді бастап кет­ті. Осы күнге дейін 23 мыңнан ас­там азаматқа қаржылай көмек көр­сетілді. Бұл жолы республикалық қор­дан 2 миллион бетперде тарату көз­деліп отыр. – Медициналық бетперде қала­ның 8 ауданындағы мұқтаж жандарға та­ратылады, – дейді Мәди Ахметов. – Бұған дейін біз осы санатқа жататын отбасыларды азық-түлікпен қамта­ма­сыз еткенбіз. Сосын қордан 50 мың теңгеден берілді. Біз бұл жолы да бастаған ісімізді сәтті аяқтаймыз деп сенеміз. Birgemiz бастамасының бас­ты мақсаты – біздің бірлігіміз, әсі­ресе осындай қиын сәтте бір-бірі­міздің қасымыздан табылу.  

Гүлнар ТӘЖИЕВА