Еліміздің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жағдайында адам құқықтарын қорғау және ынталандыру мәселесі жөніндегі арнайы баяндамашысы Ф.Ни Аолаинмен кездесті. Аолаин ханым Қазақстанға ресми сапармен келді.
Жүздесу барысында Қазақстандағы адам құқықтарын қамтамасыз ету, құқық қорғау саласындағы мемлекеттің міндеттемелерін жүзеге асыру, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның осы бағыттағы өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.
Тараптар барлық көріністегі экстремизмнің таралуына септесетін фактор туралы және осы құбылыстың профилактикасы ретінде ретінде адам құқықтарын қамтамасыз ету керектігі жайында пікір алмасты.
Омбудсмен халықаралық сарапшыны ұлттық құқық қорғау мекемесі қызметінің негізгі бағыттары мен ерекшеліктері жөнінде, сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан жан-жақты жаңғырулар аясында, Қазақстандағы мемлекеттік-құқықтық жүйедегі оның рөлі мен орны туралы хабардар етті.
Фионнуала Ни Аолаин Қазақстанның халықаралық антитеррористік тетіктерді жетілдіруді, оның ішінде халықаралық терроризмге қарсы күрес туралы жалпыға ортақ Конвенцияны қабылдауды қолдауының маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша омбудсменнің БҰҰ-ның мамандандырылған құрылымдарымен нақты құқық қорғау бағыттары бойынша өзара тиімді ынтымақтастығын жалғастыру қажеттігі туралы ортақ пікір айтылды.
Ерік ЕРДЕНҰЛЫ