16 сәуірден бастап Ішкі істер министрінің Қазақстандағы көлік құралдарын тіркеу ережелеріне түзетулер енгізу туралы бұйрығы күшіне енді. Аталған құжатқа сәйкес Қазақстан территориясына кіргізілген көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу енді бастапқы тіркеу болып саналмайды.
Енді ЕАЭО елдерінен, нақты айтқанда Армениядан келген машиналарды уақытша тіркеу барысында бастапқы тіркеу алымын төлеудің қажеті жоқ. Бұл көлік иелері үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ. Себебі олар осы уақытқа дейін машинасын заңдастырудың қымбатқа түсетінін айтып, ондай жағдайға дайын емес екенін жеткізген. Мәселен, көлік иелерінің уәжіне сүйенсек, ол автокөліктің шыққан жылына қарай 663 теңге мен 1 325 500 теңге аралығында. Ал 2021 жылдың 1 наурызына дейін төленуі керек утилизациялық алым көліктің қозғалтқышының көлеміне байланысты 397 650 теңгеден 3 048 650 теңгеге дейін барады. Оған қоса, шекарадан кіріп қойған машиналардың 70-80%-ы Кедендік одақтың техникалық регламентіне сай емесі анықталған.
13 наурыз күні дәл осы мәселе бойынша сенаторлар сауалына жауап берген Премьер-Министр Асқар Мамин біраз жайдың бетін ашып көрсетті. Асқар Ұзақбайұлының айтуынша, Арменияда тіркеуде тұрған автокөлікті мініп жүрген қазақстандықтар көлігінің техникалық жағдайына қарамастан түгел заңдастырып беруді сұрап отыр. «Бірақ мұндай ұсыныс Қазақстанның заңнамасына ғана емес, ЕАЭО-қа мүше басқа да елдердің мүддесіне әсер етеді. Қазір осы мәселені қолданыстағы заңнаманы, мемлекеттік бюджет пен көлік иелерінің мүдделерін ескере отырып шешу жолдарын қарастырып жатырмыз» деп атап өткен еді А.Мамин.
Иә, ешқандай төлемсіз тегін тіркеу мемлекет бюджеті үшін тиімсіз болары анық. Шекарадан заңсыз кірген автокөліктердің тіркелмеуінен ел Үкіметі кедендік салықтан түсетін 170 млн доллардай қаржыдан қағылып отыр. Ал ресми статистика Армения мен Қырғыз Республикасынан біздің елге 170 мың автокөлік кіргенін растайды. Оған қоса, шетелдік нөмірмен жүрген машиналар жол ережесін бұзса, айыппұл төлеуден жалтарып кететіні де мәлім болған.
Бұл тұрғыда Армения шетелдің мінілген 189 мың машинасын ЕАЭО елдеріне сатып, кедендік рәсімдеу арқылы 200 млн доллар (95 млрд драм) пайда түсірген. Өйткені Армения ЕАЭО-ға кіргенде 2020 жылға дейін автокөлікке салынар кеден салығына байланысты жеңілдік алған болатын. Яғни, бұл сәтті тиімді пайдаланған армян алыпсатарлары түрлі айламен Қазақстан мен Ресей нарығына көлік сатып, ақшаға кенелгені рас.