Сайлау бойынша семинар өтті
Сайлау бойынша семинар өтті

Бүгінде елімізде Қазақстан Президентін сайлау бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Осыған орай, Түркістанда сайлау заңдылығын насихаттау бойынша ашық семинар өтті. Семинар мақсаты – БАҚ өкілдерінің сайлау заңдылықтарын тұрғындар арасында кеңінен насихаттау.

Облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаевтың төрағалы­ғы­мен Қазақстан Республикасы Пре­зидентін сайлау бойынша БАҚ беттерінде сайлауды ақпа­рат­тандыруда заңдылықты сақтау жөнінде семинар өтті. Семинарды облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Аталған семи­нарға облыстық сайлау комис­сиясы төрағасының орынбасары және БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен сөз алған облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев ОСК тарапынан жүргізіліп жат­қан жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ семинарда Түркіс­тан облыстық Ішкі саясат басқар­масының басшысы Бейсенбай Тәжібаев БАҚ-та сайлауды ақпа­раттандыру жөніндегі заңдылық­ты сақтау бойынша баяндама жа­сап, журналистер қауымына сайлау науқанында БАҚ өкіл­дерінің ресми тіркелу мәселесін атап өтті.

«Еліміздегі маңызды қоғам­дық-саяси процесті БАҚ мұқият қарап, белсенді түрде ақпарат таратқаны дұрыс. Бұл тұрғыдан бірқатар редакцияның белсен­ді­лігі орташа деңгейде қалып отыр. Сондай-ақ қоғам сұранысына орай жаңа медиа талабымен жұ­мыс жүргізу керек. Аудандық және облыстық БАҚ өкілдері сай­лауға дейін 7 жұмыс күні бұ­рын жеке куәлігін және жұмыс жа­сайтын редакциясының сай­лауға қатысты бағыттамасын алып, өздеріне тиісті сайлау ко­миссиясына барып аккреди­та­циядан өтуі тиіс. Арнайы тіркеу­ден өткен тілшілер сайлау күні учаскелерден ақпарат тарата ала­ды», – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Келесі кезекте сөз алған ақпа­раттық-талдау орталығының ди­ректоры Сейдулла Айкөзов сайлау тақырыбы жөнінде БАҚ-қа шолу жасады.

Журналистер қауымы және әкімдік өкілдерінің еркін фор­мат­та өзара пікір алмасуынан соң Қа­зақстан Журналистер одағы­ның Түркістан облыстық филиа­лының төрағасы Ғалымжан Ел­шібай 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері кү­ніне орай өткізілетін спартакиада туралы хабарлама жасады. Биыл жарысты 10 спорт түрі бойынша облыс және Шымкент қаласы­ның журналистері бірлесе өткі­зуге келісті. Спартакиаданың ашылуы 14 маусым күні Түркіс­танда бас­талып, 22 маусым күні Шым­кент­те қорытындыланатын болады.

Жиын соңында облыс әкі­мінің орынбасары М.Отарбаев халықты елімізде маусым айында өтетін президент сай­лауына жергілікті тұрғындардың барын­ша қатысуын қамтамасыз ету және БАҚ-та заңдылықтарды қа­таң сақтауда белсенді болуға шақырды.


Түркістан облысы