Қазақ «қазақ» болғалы...

Қазақ «қазақ» болғалы...

1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезі Ақмешіт қаласында өтті. Сол съезде Киргиз АКСР-і болып жүрген республика өзінің «қазақ» атауын қайтарып алды. Бұл – қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі еді. Биыл тарихи оқиғаға 95 жыл болды. Қазақ атауын қайтаруда ұлт қайраткерлерінің де атқарған рөлі орасан зор.  

Қожановтың ерлігі

«Киргиз» болмай, «қазақ» болу – әр қайраткердің арманы-тұғын. 1913 жылы «Қазақ» газе­тінде Міржақып Дулатов «Тү­рік баласы» деген бүркеншік атпен «Қа­зақтың тарихы» атты мақа­ласын жа­риялайды. Бұл ма­қала газеттің бірнеше нөміріне басы­лып шығады. Дулатов өз мақа­ла­­сында: «Қияметке шейін қазақ – қазақ болып жасамақ. Осы ға­сыр­дағы ғылым жарығындағы қа­­зақ көзін ашып, бетін түзесе, өзі­нің қазақшылығын жоғалтпа­ған­дай және өзіміздің шарық әде­тіне ың­ғайлы қылып, «қазақ мәде­ниетін» құрып, бір жағынан қазақ әдебиеті тұрғызып, қазақ­шы­лығын сақтамақшы» дей келе, қазақ халқы қырғыз нәсілі­нен емес екенін айтып, ол бар­лық ме­кемеде «киргиз» деген атау­дың орнына «қазақ» деп жазуды ұсы­нады. Одан кейін араға бірнеше жыл салып, Сәкен Сейфуллин де бұл мәселені қозғап, «Еңбекшіл қазақ» газетіне мақала жазады.   Ұлт зиялылары армандаған бұл атауды қайтару нақты қалай жүзеге асты? Белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаев бұл атаудың оңай қайтарылмағанын айтады. «Қазақ халқының этностық та­рихи аталымы ресми түрде 1925 жылғы сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің кезекті 5-ші съезінде қай­тарылды. Мұның қалай жү­зеге асырылғаны жайында мен Алаш қайраткерлеріне қарсы жүр­­гізілген репрессиялардың алғашқы толқынында ұсталған, 1917 жылғы Алаш партиясы Ақмола облыстық комитетінің мүшесі, 1920 жылғы алғашқы КирЦИК-тің – Қазаткомның мүшесі, Ішкі істер халық комис­сарының орынбасары міндетін атқарушы, бүгінгі М.Әуезов атын­дағы академиялық қазақ драма театрының 1925-1926 жыл­дарғы тұң­ғыш директоры, көркемдік же­текшісі, бас режиссері Дінмұхамед Әділовтің ОГПУ тергеушісіне 1928 жылғы желтоқсанда берген көр­сетулерінен білген едім. Діншенің айтуынша, съездің аяқталуға бет алған күндерінің бірінде, түс­кі асты бірге ішкен бір топ де­ле­гат ара­сында байырғы ұстаз, қоғам қай­раткері Қоңырқожа Қожықов сол тарихи құрылтайды түйін­дейтін шешімдер, атап айт­қанда «киргиз» делініп жүрген қазақ хал­қының өз атын қайтару және жаңа астананы Қызыл-Орда деп атау жайында ұсыныс айтады. «Қызыл» большевиктерге жағады, ал «Орда» өзіміздің ұлттық атауы­мыз дейді. Мұны ұнатқан Қазақ өлкелік партия комитетінің екін­ші хатшысы, съезді дайындап, өткізу істеріне партиялық бас­шы­­лық жасаған Сұлтанбек Қожанов түстен кейінгі құрылтай отыры­сына кел­ген бетте сөз алады да, солар­ды делегаттар алдында жан-жақ­ты дәйектеп жария етеді. «Кир­гиз» аталып келген хал­қы­мыз­дың атауын «қазақ» деп тарихи дұрыс түріне алмастыру, «Киргиз рес­публикасын» – «Қазақ респуб­ли­касы» деп жазу, қа­зақтың жер-суы, халқы бір шаңы­рақ астына жинағандағы тұң­ғыш құрылтайы өтіп отырған Ақмешітті – «Қызыл-Орда» деп өзгерту жөніндегі қау­лылар қызу қолдау тауып, бірауыз­дан қабылданады. Бұлар 5-съездің Қызылордада кітапша болып шыққан стенограммасында ашық та анық жазылған. Ақмешіт съезі ұлттық республика мүддесін көз­дейтін көптеген маңызды қарар қабылдаған-тын, бірақ соларды түгелге жуық (негізінен халықты жерге орналастыру хақындағы қарарларды) кері қаға отырып, Мәскеудің еріксіз мойындағаны осы тарихи шешімдер еді», – дейді.  

Тарихи жазбалардағы деректер

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов: «95 жыл бұрын Қазақ совет авто­номиясының басында отырған қазақтың сол кездегі зиялылары өз ұлтының атын, сонымен бірге республика атауын, қазақтың табиғатына тән қалпына келтіру туралы қаулы шығарды. Бұл үл­кен жетістік деп санаймыз. Себебі Ресей империясы Қазақ ханды­ғын жойып қана қоймай, екі ға­сырдай қазақтарды өздерінің шын аты­мен атамай, мазақтап «қырғыз», «киргиз-кайсак», «кай­сак» деп бұр­малап келді. Ре­сейдің көп­теген мұрағатында жұмыс істеп жүр­генімізде, XVIII ғасырда қа­зақ­тың барлығын патша үкіметі «киргиз» немесе «киргиз-кайсак», «кайсак» деп жазғанын оқыдық, көрдік. Бірақ сол кездері қазақтар өздерін қа­зақ десе де, хаттарда «киргиз ба­тыры», «киргиз султа­ны», «киргиз ханы» деп тіл­маштар аудара берген. Әрине, бір кездері Шығыс Сібірде мекендеп жүрген нағыз қырғыздармен және орыс казактармен шатастырмау үшін бізді «киргиз» деп, ал нағыз қыр­ғыз­дарды «қара киргиз», «бурут», «дикокаменные киргизы» деп айта бас­тағаны мәлім. Ре­сей им­пе­риясы­ның белгілі ға­лым­­дары мен қа­зақ сахарасын зерт­­­теген ше­неу­ніктің біразы өз ең­­бек­терінде қа­зақтарды «қазақ» дей­тінін жазып отыр­ған. Мәселен, А.Тевкелев, И.Кирилов, И.Андреев, А.Левшин, С.Броневский, М.Красовский, А.Добросмыслов, В.Радлов, Г. Потанин, Г.Катанаев тағы бас­қалар. Дегенмен сол заманның бү­кіл заңында да қазақтар басқаша айтылып келді. Мысалы, «Устав о си­бирских киргизах», «Устав об орен­­бургских киргизах» тағы бас­­қалар.   Тарихи оқиға 1925 жылы сәуір айының 19-ы күні болған еді. С.Меңдешев төрағалық еткен мәжіліске 496 адам қатысады, оның ішінде 65, 5 %-ы түркітілді ха­лықтың өкілі, қалғаны – еуро­палықтар (орыс, украин, еврейлер т.б.). Әр облыс өз өкілдерін жібер­ген. Соның ішінде 51 қарақалпақ болған. 1936 жылға дейін олар біз­дің автономияның құрамында болғаны белгілі. Дауыс берген де­ле­гаттың 93 пайызы – ер аза­мат­тар. Сұлтанбек Қожанов де­ле­гат­тардың алдына шығып, нақты ұсынысын мысалға кел­тіріп, киргиз атауын қазақ аты­на көшіру туралы ұсыныс тас­тайды. Қожановтың бұл ұсыны­сына делегаттар тарапынан да қар­сылық болмайды. Дауыс берген­де ешкім де қарсы болмай, қа­­зақ­тарға өз тарихи атауын қай­тарып береді. Осы жолмен Киргиз рес­публикасы атауы «қазақ» бо­лып өзгереді. Осы съезде қазақ­тар­дың жаңа астанасы Акмешіт «Қызыл Орда» болып өзгертіледі. Ал 1925 жылғы 25 мамырда Жалпыресейлік орталық атқару комитетінің декре­тімен қазақ қалқының аты мен рес­публика аты жаңа атауымен бекі­тілген болатын», – дейді.  

«Қазақ» атауын қалай қайтарды?

Тарихшы Сәбит Шілдебайдың айтуынша, мұндай идея қазақ қайраткерлеріне бірден келе қой­маған секілді. «Өкінішке қарай, Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Рес­пуб­ликасының территориясын анық­­тауға және оны құру туралы дек­ретті шығаруға атсалысқан қазақ қайраткерлерінің ойына пат­ша үкіметінің отарлық сая­саты таңған «киргиз» атауын «қа­зақ» деп өзгерту туралы идея кел­­меген сияқты. Егер қазақ қай­рат­керлері тарапынан мұндай ұсы­ныс жа­салса, Москва жоқ де­мес еді. Оған патша заманында «сарт» атан­ған «өзбектің» өз атын қайтарып алуы нақты мысал бола алады. Әрине, қиын-қыс­тау кезеңде территориялық авто­но­мия алу­ды бірінші орынға қой­ған қазақ қай­раткерлерін әбден түсінуге болады. Бір қы­зығы, 1925 жылға дейінгі орыс тіліндегі ресми құжаттарда «кир­гиз» деп жазылғанымен, қазақ тілін­дегі құжаттар мен мерзімді басы­лымдарда «қазақ» және «Қа­зақстан» атауы кеңінен қолда­нылды. Ең алғаш қазақ халқының тарихи атауын ресми түрде қай­тарып, оны дұрыс жазу мәселесін көтерген сол кездегі ҚАКСР Халком­кеңесінің төрағасы С.Сейфуллин болды. Ол 1923 жылы 15 ақ­панда шыққан «Ең­бекшіл қазақ» газетінде «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» ат­ты мақала жариялап, онда: «Біз­дің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қа­зақ» деген есімді қол­дануға жар­лық (декрет) шы­ғару керек. Қа­зақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» деп ұран тастады. Бұл кезде Түр­кіс­тан Республикасын ұлт­­тық бір­ліктерге бөліп, ұлттық-мем­­лекеттік межелеу жоспарланып жат­қан­дықтан, мәселе саналы түрде кейінге қалдырылған сияқты», – дейді.   Сол жылдары күйіп тұр­ған мә­селенің бірі – жаңа аста­наны бекіту болғаны анық. Ол жайын­­да тарихшы: «Орта Азия мен Қа­­зақстанда болған ұлттық-мем­­лекеттік межелеу сая­­саты ба­рысында қазақ қайрат­керлерінің Ташкент үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталды. Ежелден қазақ халқы қоныстанған 900 000 кв верст жердің 1/3-і Өзбек республикасының құрамында қалып қойды. Ташкентті астана ету үмітін Москва үзген ҚАКСР-інде жаңа астана мәселесі күн тәр­тібіне көтерілді. РК(б)П Қазобкомы бюросының Орын­бор-Торғай облысын құру және республиканың астанасы ретінде Орынбор қаласын қал­дыру туралы шешіміне Қазатком төрағасы С. Меңдешев қарсы болып, ҚАКСР-нің жаңа астанасы ретінде Ақмешіт қаласын ұсынды. Ақыры, Ақмешіт – біріккен қазақ жерлерінің жаңа астанасы болып белгіленді», – деді. Сонымен қатар зерттеуші біз сөз етіп отырған басқосудың күн тәртібінде ұлт атауын қайтару мәселесі әу баста болмағанын айтады. Шамасы, қайраткерлер жиын барысында төтесінен көтерген тәрізді. «1925 жылы 15-19 сәуір ара­лығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезі Ақмешіт қаласында өтті. Съездің күн тәртібінде қазақ халқына тарихи «қазақ» атауын қайтару мәселесі болған жоқ еді. 19 сәуірде өткен съездің 8-ші соңғы мәжілісінде тек Қазатком құрамын сайлау мәселесі қалған еді. Бірақ қазақ қайраткерлерінің бейресми жиынында қабыл­данған ортақ шешімге сәйкес, күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қазөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов қазақ хал­қына ресми түрде «қазақ» атын қайтару, республиканы «Қа­зақстан» деп атау және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсыныстарды біртіндеп жариялады. Съезд делегаттары бұл ұсыныстарға қызу қолдау көрсетіп, бірауыздан дауыс берді. Осылайша, 1925 жылы 19 сәуір­де қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдап, шешімді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК қарауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылы 15 маусымда ресми түрде мақұлдаған декрет қабылдады», – дейді С.Шілдебай.   Суреттер Сәбит Шілдебайдың Facebook парақшасынан алынды    P.S.  

Тарихи тұрғыдан алғанда өткен ғасырдың басында қалпына келтірілген «қазақ» атауын кешегі кеңестік кезеңде барынша ор­нық­тыру үрдісі жүрді. Алайда дүниежүзі қазақ деген халықтың бар екенін онша біле бермейтін еді. Еліміздің тәуелсіздік алуы­мен, Елбасымыздың жігерлі іс-қимылының арқасында қазақ халқының аты қайта аспан­да­ды. Он миллион қазақтан үш бірдей ғарышкер шықты. Қазақ мемлекеті әлемдік қауым­дас­тық­тың белсенді мүшесіне ай­налды. Тұңғыш Президент баста­­масымен астанамыз салын­ды, қазақ елінде қаншама ірі қоғамдық саяси оқи­ғалар болды.

Бұл күнде жаңарған, жасампаз жолға түскен Қазақ елін төрткүл дүние таниды. Біз қайда жүрсек те, қайда барсақ та, Қазақстан атты мемлекеттің азаматы болғанымызды мақтан етеміз. Бір ғасыр бұрын қайтарылған тарихи атаудың мәңгі өшпейтініне, Мәңгілік ел болу мұратында мақсатқа жететінімізге сенімдіміз.

   

   Гүлзина БЕКТАС