Түркістанда төтенше жағдай талабын сақтау күшейтілді
Түркістанда төтенше жағдай талабын сақтау күшейтілді
Фото: Интернеттен алынды
126
оқылды
Түркістан қаласында төтенше жағдайға байланысты сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Атап айтқанда, еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда көшеде жүріп-тұру тәртібі еркіндеу болған рухани қалада енді бұдан былай Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Қаулысына орай шектеулер күшейтіледі. Қала әкімдігінде қала әкімі Рашид Абатұлы Аюпов Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің Қаулысына орай жедел штаб жиынын өткізіп, әкімдікте қалалық ситуациялық орталық ашу бойынша тапсырма берді. Дүйсенбіден жұмысын бастайтын орталықта полиция, төтенше жағдай, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау (СЭС), дәрігерлер және әкімдіктің әр сала мамандары тартылып, бейнекамера сондай-ақ, диспетчерлік байланыс нөмір қарастырылады. Айталық, қоғамдық көліктерге шектеу қойылады: олар тек таңертең 7.30-10.00 және кешкісін 17.30-20.00 аралығында бір рет қана бағыт жасайды. Тұрғындарға «Алтын бұлақ» көтерме сауда базарынан дүкендерге жөнелтілген азық-түліктер жеткізіледі. Одан бөлек, тапсырыс арқылы қазіргі уақытта қызмет көрсетуге 22 көлік дайын. Алдымен, күріш, макарон, картоп, сәбіз, орамжапырақ, пияз, тұз, күнбағыс майына тапсырыс қабылданса, сұраныс бойынша тізімі ұлғаятын болады. Сондай-ақ, химиялық тұрмыстық заттар да бар. Жеткізу қызметіне дәріхана, кафе-ресторандарда да қосылады. Ол үшін телефоныңызға Amazing Turkistan қосымшасын жүктеп, керекті затқа тапсырыс бере аласыз. Ал, қала әкімдігінің 6 мобильді тобы мен полиция қызметкерлері қажеттіліксіз сыртқа шықпау бойынша түсіндірме жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ, блок-бекеттердегі бақылау жұмыстары қатаң қадағаланады. Тельман БЕЙСЕНОВ,  Түркістан қаласы