Ақсақалдан бата алды

Ақсақалдан бата алды

«Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысынан Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасын таныстыруды елорданың кіреберісіндегі Құлагер ескерткішінің жанында өткізді. «Биыл «Құлагер» поэмасының авторы Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толады. Құлагер ескерткіші идеясының авторы әрі оны орнатқан Сәдібек Түгел ескерткіш жанында ақсақалдардың батасын алып, өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттерге тоқталды.

Нұр-Сұлтан қаласы мен Шортанды ауда­нының құрметті ақсақалдарымен өткен бұл кездесуде жастарды ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен отан­сүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілді дамыту және халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау тұр­ғысындағы ұстанымдарын жеткізді. Үміткердің атына еңбек ардагерлері Камеляш Шошай, Шайзанхан Құмария және Арыққара Қапи, мемлекет және қоғам қайраткері Қыдырбай Нұрпейісов, Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер Алдаберген Омарбеков жылы лебіз білдіріп, бата берді.

Кездесуге «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы, штаб жетекшісі Марат Нәбиев қатысты.

Ал сенбіден жексенбіге қараған түні Сәдібек Түгел елордадағы үш түнгі клубта өткізілген қоғамдық рейдке қатысты. Биылғы Жастар жылында жас буынның бос уақытын қалай өткізетінін көзімен көріп, оларға адамгершілік пен ізгілік жайлы, отансүйгіштік, елдік мәселесі тұрғысында сөз қозғады.

Қазақстан Президенттігіне үміткер, қоғам қайраткері, журналист-жазушы ұлттық ат спорты ойындарының негізін қалаушы Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасында басым бағыттардың бірі жастардың ұлттық құнды­лықтарды ұлықтауға негізделгендіктен, мұндай іс-шаралардың өткізілуі маңызды деп санайды.

Жастармен сөйлескен кезде ол бос уақытты тиімді пайдалану мен көңілді өткізудің де қаже­тіне тоқтала келе, жас­тар қоғамның қозғау­шы күші   болған­дықтан, ар-намысты бәрінен биік қою қажет деп түйіндеді. Кандидат С.Түгел эко­логиялық жағдайға назар аударуға шақы­рады. Бұл идеяны оның сайлауалды штабының мүшелері де ұстанады. Сол себепті кеше үміт­кердің сайлауалды штабының өкілдері ерекше экологиялық жүгіру (плоггинг) ұйымдастырды. Эко­логиялық жүгіру кезінде адамдар қоқыс қалтасына қоқыстарды жинап жүгіреді.


 Айдана БЕГІМ