Биыл ел экономикасын коронавирус бір шаршатса, оған мұнай бағасының құлдырауы қосылып, тағы соққы тиді. Елімізде дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары қабылданып, экономиканы тұрақтандыру шаралары басталып та кетті. Биылғы дағдарыстың бұрынғы дағдарыстардан айырмасы қандай? Үкіметтің дағдарысты еңсеру шаралары қандай нәтиже беруі мүмкін? Мұнай бағасы көтеріле ме? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білу үшін GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықты әңгімеге тарттық. – Мақсат мырза, ел экономикасы коронавирус пен мұнай бағасының қайсысынан көбірек зардап шегеді деп ойлайсыз? – Бұл екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. Таяқтың екі ұшындай болып тұр. Бұл жолғы әлемдік дағдарыстың пайда болуына коронавирустың таралуы себеп болды. Ал сандық көрсеткішке қарасақ, онда мұнай бағасының төмендеуінен зардап шегіп жатырмыз дер едім. Өйткені мұнай бағасының құлдырауынан бюджет кірісі 10,5 пайызға азайды. Бұл – бір. Екіншіден, мұнай бағасының төмендеуінен теңгеміз құнсызданды. Теңгенің құнсыздануы халықтың төлем қабілетін нашарлатады. Бұл халықтың өмір сүру сапасына кері әсер етеді. Азық-түлік қымбаттағанын көріп отырмыз. Инфляцияның белгілі бір дәліз шегінен асып кеткенін Үкімет те мойындады. Бұл халықтың кедейлене бастағанын айғақтайды. Кез келген елдің жалпы ішкі өнімінің жан басына шаққандағы көлемі 10 мың доллардан аз болса, онда ол кедей елдер қатарына жатады. Жыл басында біздің елдегі ЖІӨ халықтың жан басына шаққандағы көрсеткіші 10 мың долларға жетіп еді. Міне,табысы орташа елдер қатарына қосылдық деп қуана бастап едік,теңге құнсызданып, бізді қайтадан кедей елдерге қосып қойды. Ал шындап келгенде,былтыр да халықтың табысы өспеді. Мысалы,өткен жылдың қорытындысы бойынша,халық табысы 5,5 пайызға өсті деді, бірақ инфляция да сондай көлемде болды ғой. Демек, нақты табыстың нақты өсімі 0 пайыз деуге болады. Осындай көрсеткіштер елдің нағыз кедейленгенін көрсетеді. Бұл –мұнай бағасының төмендеуінің еліміз үшін кері салдары. – Мұнай бағасы демекші, өткен аптадағы ОПЕК+ келісімі мұнай бағасына қаншалықты әсер етеді? Мексиканың мінез танытуы мұнайдың қымбаттауына кедергі болады дейді ғой? – ОПЕК+ келісімі бағаның тұрақтануына септігін тигізеді деген үміт болды. Бірақ Мексика мұнай бағасының төмендеуіне мүдделі ойын ойнап отыр. Егер желтоқсанға дейін мұнайдың 1 баррелі 45 доллардан аспаса, Мексика 6 млрд доллар көлемінде табыс көреді. Бұл мұнайлы елдер ішінде мұнай бағасының өсуіне қарсы ойнайтын ойыншылардың пайда болғанын айғақтайды. Бұл ойын нарықта тұрақсыздықтың орнауына ықпал етеді және мұнай бағасының 40 долларға оралуына тосқауыл болады. Bloomberg мәліметінше, ОПЕК+ ұйымына мүше елдер де, оған мүше емес мемлекеттер де мұнай өндіру көлемін қысқартуға келісіп отыр. Келісімді орындаса, мұнай бағасы 40 долларға оралуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ ол болжамның мерзімі белгісіз. Сондықтан мұнай бағасы жақын арада көтерілмейді. Мұның салдары бюджетімізге соққы болып, бюджет тапшылығы арта бере ме деген қауіп бар. Себебі Ұлттық қорға қаржы мұнайдан түсетінін білесіз. Ұлттық қордан трансферттен бөлек, Дағдарысқа қарсы бағдарламаға да аударым жасадық, биыл сонда Ұлттық қордан жалпы 4,7 трлн теңге аударылыпты. Соның өзінде бюджетте әлі тапшылық бар. Себебі 3 млрд долларды шетелдік институттардан қарызға қарастырамыз дегенге дейін келдік. Әлемде дефолт жағдайында тұрған мемлекеттер бар. Мысалы, Украина халық алдындағы әлеуметтік төлемдерді төлеуге дәрменсізбіз деп мәлімдеме жасады. Оларға қарағанда біздің елде резерв бар – Ұлттық қор, алтын қорымыз дегендей. Жағдайымыз тәуір, бірақ солай екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Осы резерв таусылмай тұрғанда экономиканы аяққа тұрғызудың жаңа амалын жүзеге асыруымыз керек. Осы салдарға қарасақ, мұнай бағасының ел экономикасына тигізген кері әсері басым екенін бағамдаймыз. Бірақ бұл коронавирустың ықпалы бәсеңдейді дегенді білдірмейді. Себебі коронавирустың әлі де тигізер зардабы болады. Бірінші кезекте жұмыссыздар көбейеді. Ұлттық экономика министрі жұмыссыздық 4,8 пайыздан 5,8 пайызға өсті деді. Ал бұл санға тәуелсіз экономистер, оның ішінде өзім де бармын, сенбейтінімізді айтып жатырмыз. – Неге? – Біз коронавирустан бұрын, тіпті карантин жарияланбай тұрып елдегі жұмыссыздық деңгейі 15 пайызға жуық деп болжаған едік. Ал мұны бүгін дәлелдеп отырған бір фактор бар, ол 42 500 теңгеге 4 миллионға жуық өтініштің түсуі, бұл – нақты картинка. Осы азаматтардың барлығы жұмыссыз қалды, арасында арнайы әлеуметтік топқа кіретін азаматтар болуы мүмкін. Оларды алып тастағанның өзінде, егер бізде еңбекке жарамды 10 млн адам бар десек, оның 30 пайыздан астамы жұмыссыз қалып отыр. Демек, қазіргі уақытта жұмысынан, тұрақты табысынан айырылғандар 30 пайыз деуге болады. Бұл – экономикамыз үшін үлкен соққы. Өйткені ондай көлемдегі жұмыссыздықты қалпына келтіру оңай емес. Сондықтан да коронавирустың салдарынан туындайтын мәселе күрделі болады. Осы тұста таразы басы коронавирусқа қарай басылып кетуі мүмкін.
2008 жылғы дағдарыстың салдары бізде әлі күнге дейін бар. Өйткені банктеріміз ауру болып қалды. Банк өзі берген үш несиенің біреуі қайтпайтынын біледі. Сондықтан ұтылып қалмауы үшін қайтармайтындардың несиесін дұрыс төлеп жүрген екі адамның мойнына іледі, сондықтан да бізде пайыз жоғары. Бұл іскерлік белсенділіктің тұралауына әкеліп отыр. Өткен жылы банктердің ШОБ-ты несиелендіруі 18 пайызға түсіп кетуі – соның дәлелі.
–Үкімет те қарап отырған жоқ, экономиканы тұрақтандыру үшін дағдарысқа қарсы шараларды қабылдады. Сіз осы шараларды қалай бағалайсыз, мысалы шағын және орта бизнесті қолдау тетігі қаншалықты нәтиже береді деп ойлайсыз? – Иә, дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірленді. Оған бөлінген қаражаттың көлемі 4,4 трлн теңге, долларға шаққанда 10 млрд доллар. 2007-2009 жылдары болған дағдарыста «Бес батыл қадам» деген дағдарысқа қарсы бағдарлама жасалып, оған Ұлттық қордан 10 млрд доллар бөлінген еді. Қазір де сондай көлемде қаржы бөлініп отыр. Осы тұста бір мәселені айту керек, 2007-2009 жылы бөлінген қаржы өзін ақтап, ел экономикасын да, халықты да дағдарыстан алып шықты.Алайда кейбір экономистер сол кезде 10 млрд доллардан да аз ақшаға дағдарыстан шығуға болар еді деген сын айтты. Бүгін 10 млрд доллармен көп нәрсе шешуге болады. Сонымен қатар Үкіметтің төтенше жағдай кезінде жұмысынан айырылғандарға 42 500 теңге көмек көрсету арқылы халықтың төлем қабілетін сақтауды қолға алғанын айту керек. Бизнесті қолдау үшін 1 трлн теңге бөлініп отыр. Осы тұста «бұл ақша шын мұқтаж кәсіпкерге жете ме?» деген сұрақ бар, себебі бұл жұмыстың операторы – екінші деңгейлі банктер осы процесті орындауға қаншалықты жауапты болады? Ал ШОБ-қа жасалған салықжеңілдіктері тиімді құрал болды деп санаймын. Себебі ШОБ қазіргі уақытта салық төлеуге қауқарсыз, корпоративті табыс салығы, қосылған құн салығын шегеру дұрыс қадам болды. Жеке табыс салығы, әлеуметтік төлемдер, медсақтандыруға аударылатын аударымнан босатқаны да оң шешім. Себебі кез келген кәсіпкер бизнес тоқтағанда бірден жұмысшыны қысқартады, ақысыз демалысқа жібереді, себебі бизнестің басты принципі – шығын болмауы керек. Ал олардың еңбекақы қорына жеңілдік жасалған соң, кәсіпкер де адамгершілік танытады. Мемлекет маған жеңілдік жасады, мен де жұмысшымды қысқартпайын дейді. Бұл жұмыссыздықтың өсуін тежейді. Несиеге каникул беруге қатысты өз пікірім бар: мемлекет қатты қиналып тұрған кәсіпкерлердің несие шегеретін үш айдағы несиесін төлеп бере салса жөн еді. Себебі банктер несиені 3 айға шегергенімен, оның пайызының өсуі тоқтамайды. Негізгі қарызды айға созғанда, кесте өзгереді, қайта шарт жасалады, сол кезде инфляцияның өсуінен қорыққан банктер тағы да пайыз қосуы мүмкін. Сондықтан несиені шегеріп, кәсіпкерге салмақ салған сол үшін айдың несиесін жауып төлеп беру дұрыс шешім болар еді. Алайда осы тұста екінші мәселе туындайды: несиесі жоқ кәсіпкерге қандай қолдау жасалады деген. Арасында осындай бөлу болмауы үшін несиесі жоқ кәсіпкерге арзан несие беру тетігін қарастырса. Мысалы, жергілікті әкімдіктер қосалқы қарыз алушы ретінде кәсіпкердің ақшаны қайтаратынына кепіл болса. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы несие беруді ұйымдастырса, кәсіпкер үшін көп жеңіл болар еді. – Банктерде несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары ғой. Пайыздық ставка дегеннен шығып отыр, мұнай бағасы күрт төмендегенде басқа елдер пайыздық ставканы төмендетті немесе сол күйінде қалдырды, ал біздің Ұлттық банк 12 пайызға бір-ақ көтерді. Ұлттық банктің бұл әрекетін сынаушылар арасында сіз де барсыз. Бір қызығы, 6 сәуірде Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені 9 пайызға төмендетті. Мұны қалай түсінуге болады? – Пайыздық мөлшерлемені көтеруге шетелдік инвесторлардың Ұлттық банктен 80 млрд доллар нотаны шешіп алғаны туралы ақпарат ықпал етті деп ойлаймын. Инвесторлар ақымақ емес, әлемдегі тұрақсыздықты көрді, ақшам қолымда тұрсын деді. Ал олардың ақшасын «шешіп алуы» теңгемізге қысым жасап жіберді. Сондықтан теңгені ұстап тұру үшін Ұлттық банк тарапынан 1,5 млрд долларға интервенция жасалды. Меніңше, Ұлттық банк пайыздық ставканы көтермей, керісінше 8 пайызға дейін түсіруі керек еді. Сонда бұл бизнеске де, халыққа да, несие нарығына да оңтайлы әсер етер еді. Өйткені несие нарығының қолжетімді болуы экономикадағы ақша айналымының жылдам жүруіне, халықтың қолында арзан ақшаның пайда болуына септігін тигізеді. Ал пайызды көтерген соң экономика заңына сәйкес, несие алушылар азаяды. Бұл өндірістің де төмендеуіне әсер етеді. Солай болып жатыр да. Өз басым Ұлттық банктің бастапқы шешімін әлі күнге сынаймын. Пайыздық мөлшерлемені сол уақытта ұстап қалу керек еді. Әрі кетсе 0,25 пайызға көтерсе жетер еді. – Кезінде 2008 жылғы дағдарысты 1930 жылғы Ұлы депрессиямен салыстырды. Себебі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік ЖІӨ алғаш рет 2009 жылы теріс динамика көрсеткен.Биылғы экономикалық ахуалымызды 2008 жылғы дағдарыспен салыстыруға бола ма? – Көптеген халықаралық рейтинг агенттіктері коронавирустан туындаған дағдарыс 2008 жылғы дағдарыстан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Рас, себебі 2008 жылғы дағдарыстың табиғаты басқа. Ол дағдарыс АҚШ-тың ипотекалық несие дағдарысынан туындаған. 2008 жылға дейін АҚШ банктері көптеген елге «Америкалық арман» деп үйлерді 2 пайызбен таратты. Ипотекалық шартты бір пулға жинап, ипотекалық облигация шығарды. Оны құнды қағаз ретінде инвесторларға сатты. Кезінде осы құнды қағаздың рейтингі өте жоғары болды. Алайда кейін ол үйлер төлем қабілеті жоқтарға да берілгені белгілі болды. Ол адамдар несие қайтармаған соң қарыз арта берді. Сол уақытта Американың жүйе құраушы банкі, бір ғасырдан астам тарихы бар Lehman Brothers банкі дағдарысқа ұшырады. Артынан Американың басқа банктері де дағдарысқа ұшырап кетер еді, АҚШ үкіметі қаржы құйып құтқарып қалды. Бұл үдеріс Еуропада жалғасты, сосын біздің банктерге де келді. Ұлттық қордан 10 млрд доллар қаржы бөлініп, 4 млрд долларды біздегі банктерді құтқаруға жұмсадық. Сол кездегі банктерден қазір атауы сәйкес келетін бір ғана банк қалыпты. Басқа банктер біріктірілді, қалғаны дағдарысқа ұшырады, қысқасы 2008 жылы басталған проблемалы несиелер ірі банктердің басын жұтты. Мысалы, проблемалы несиесі бар БТА банк Қазкомға қосылды да, Қазкомның жағдайын нашарлатты. Ал Қазком Халық банкке өтетін кезде банк басшысы Үміт Шаяхметова мәселелі несиелерді алмаймын, оны бөлек шығарыңыздар деген талап қойды. Содан кейін ғана Халық банк сақталып тұр. Ал енді проблемалы несиелер бөлек институт ретінде жұмыс істеп жатыр.Біз коронавирустан бұрын, тіпті карантин жарияланбай тұрып елдегі жұмыссыздық деңгейі 15 пайызға жуық деп болжаған едік. Ал мұны бүгін дәлел деп отырған бір фактор бар, ол 42 500 теңгеге 4 миллионға жуық өтініштің түсуі, бұл – нақты картинка. Осы азаматтардың барлығы жұмыссыз қалды, арасында арнайы әлеуметтік топқа кіретін азаматтар болуы мүмкін. Оларды алып тастағанның өзінде, егер бізде еңбекке жарамды 10 млн адам бар десек, оның 30 пайыздан астамы жұмыссыз қалып отыр.
2008 жылғы дағдарыстың салдары бізде әлі күнге дейін бар. Өйткені банктеріміз ауру болып қалды. Банк өзі берген үш несиенің біреуі қайтпайтынын біледі. Сондықтан ұтылып қалмауы үшін қайтармайтындардың несиесін дұрыс төлеп жүрген екі адамның мойнына іледі, сондықтан да бізде пайыз жоғары. Бұл іскерлік белсенділіктің тұралауына әкеліп отыр. Өткен жылы банктердің ШОБ-ты несиелендіруі 18 пайызға түсіп кетуі – соның дәлелі. Біздің банктер үшін ШОБ-ты несиелеудің тәуекелі басым, ол бизнес аяқ алып кете ме, ақшаны қайтара ма деген күдігі басым. Банктерге не тиімді? Олар үшін Ұлттық банктің пайыздық ставканы жоғары қойғаны тиімді. Сонда банк бар қаржысын Ұлттық банктің ноталарына салып қойып, сол жақтан табыс табады. Базалық пайыздың жоғары болуын құптамайтыным сол. Себебі банктер ақшаны экономикаға емес, Ұлттық банктің құнды қағазын алуға жұмсайды. Егер базалық пайыз мөлшерлемесі төмендесе банктер Ұлттық банктің нотасына емес, ақшаны кәсіпкерлерге беруге тырысар еді. Қазіргі дағдарыстың 2008 жылғы дағдарыстан табиғаты бөлек дегенім, қазіргі дағдарыс коронавирустан басталып отыр.Moody's, Fitch агенттіктері коронавирусты «экономикадағы қара аққу» деп бағалады. Бұл экономикалық бестселлерлер авторы Нассим Николастың енгізген термині. Қара аққу табиғатта сирек кездеседі, сол сияқты экономикада да сирек әрі аяқасты кездесетін оқиғаны қара аққу дейді. Былтыр коронавирустың болатынын ешкім күтпеді. Бірақ осы вирус экономикаға үлкен соққы жасап жатыр. Ең қызығы, кей экономистер биыл әлемде рецессия басталатынын былтыр болжаған. – Үш күн бұрынғы Үкімет отырысында баяндама жасағандарға сенсек, алаңсыз жүруге болатындай ғой. Мысалы, қаңтар-наурыздағы жалпы ішкі өнімнің өсуі 2,7 пайызды құрады деді.Карантиннен кейін экономикамыздың ахуалы қандай болады деп ойлайсыз? – Үкімет отырысындағы цифрларды менде көрдім, наурыздың ортасына дейін экономика жұмыс істеп үлгерді, бірінші тоқсандағы көрсеткіштің жақсы болуы содан. Ал екінші тоқсаннан бастап экономикада құлдырау басталады. Жыл соңына қарай экономиканың өсу қарқыны тежеледі. Рецессия басталды. Алдағы уақытта дағдарыс кемінде 2-3 жылға созылады. Осы процестің бәріне мемлекет дайын болуы керек. – Үкімет осы мақсатта 250 мың жұмыс орнын құрмақ. Сол үшін жол салу, тұрғын үй құрылысын жалғастыруға кірісті. Ал ауыл шаруашылығы сарапшылары қаржы ресурсын агросекторға бұру керегін айтады. Себебі күзде азық-түлік тапшылығы басталса, тығырыққа тірелуіміз мүмкін дейді. Қай салаға басымдық берген жөн? – Агросекторды қолдау туралы пікірге толық келісемін. Олар өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр.Оңтүстік өңірде көкөніс өсірушілерге бұрын шетелден жүк көліктері келіп, өнімді тиеп алып кететін. Ал қазір әр жерде блок-бекет бар, шектеу бар, көлік келмей жатыр. Өткенде қырыққабатқа қатысты мәселе – соның бір мысалы. Бұл жерде Үкіметтің үйлестіру саясаты, ұйымдастыру қабілеті рөл ойнайды. Қалада азық-түлік қымбат. Бұл – дефициттің салдары. Сұраныс көп, өнім жетпейді, сосын баға өседі. Ал ауылдағы фермерлер өнімін кімге сатарын білмейді. Енді өңірдегі өнімді ірі қалаларға тиімді жеткізудің логистикалық тізбегін ұйымдастыру маңызды. Көмектесеміз, бәрі жақсы болады деген сөз жүзіндегі қолдаудың керегі жоқ. Іспен дәлелдеу керек. 250 мың жұмыс орны «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде ұсынылып отыр ғой. Жалпы, рецессия кезінде құрылыс саласы дамиды. Мемлекеттің осы салаға бет бұрғанын дұрыс деп санаймын. Бірақ бір мәселе бар, құрылыстың шикізат ресурсын өзімізден шығарсақ деймін, егер шетелден әкелсек, ол шетел валютасымен келеді де, тиісінше тұрғын үйдің бағасы қымбаттайды. Сұранысты төмендетеді. Сөйтіп, экономиканың дамуын тежейді. Дағдарыс одан да күшеюі мүмкін. Сондықтан осы жерде мемлекеттің негізгі саясаты импорт алмастыратын тауарларды ұлғайту болуы керек. Сонда үй бағасы өспейді. Нәтижесінде, қолжетімді баспана тізбегі артады. Базалық мөлшерлеме алдағы уақытта түсер болса,7-20-25 бағдарламасынан да арзан бағдарламалар жүзеге асуы мүмкін. Сол кезде халық баспаналы болып, көңіл күйі көтеріліп, өзін бақытты сезініп, алдағы күнге сенім пайда болады. Әлеуметтік фон жақсарады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» тиімді жүзеге асса, онда кез келген дағдарыстың уақытша екенін сезінеміз және оны еңсеру жедел жүреді. Ал егер керісінше баспана бағасы өсе берсе, жұмыссыздық көбейе берсе, кедей халық көбейсе, онда наразылық күшейеді. Ең қиыны – сол. Оның түпкі салдары тәуелсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ең маңызды мәселе – мемлекеттің осы бағыттағы жұмысын дұрыс үйлестіру. Санадағы дағдарысқа жол бермеу. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ