Жалған сөйлеу – ауруды жасырғанмен бірдей

Жалған сөйлеу – ауруды жасырғанмен бірдей

Елімізде коронавирус жұқтырған науқастардың ара­сын­да дәрігерлерге жалған ақпарат беріп, кіммен бай­ланыста болғанын жасырғандар бар. Олардың кейбірі инфекция анық­талғанына қарамастан «үйден шықпағанын, шетелге бармағанын» айтып ақталған. Ал, шындығында, науқастар­дың жалған сөзі әшкере болып жатыр. Олардың шындықты жасыруының кесірінен туыстарына індет жұқтырғандар жетерлік.  

Шындығын бүккендер

4 сәуір күні Түркістан облы­сындағы Жетісай ауданының 1956 жылғы тұрғыны вирустан көз жұм­ған болатын. Кейін белгілі бол­ғандай, ер азамат Алматы облысы­ның Қарасай ауданында бір ай қонақта болған екен. Дертке сол кезде шалдығыпты. 15 наурызда туған жеріне оралған азамат өзін нашар сезініп, үйінде болған. Науқас 26 наурызда ауруханаға түс­кен кезде бұл мәліметтің бар­лығын дәрігерлерге айтпаған. Осы ақпаратты жасырып қалғаны се­бепті дәрігерлер азаматтың вирус­ты кімнен жұқтырғанын білмей сарсаңға түскен еді. Шындықты бүгіп қалғандардың қатары мұны­мен біткен жоқ. 3 сәуірде Көкше­тау қаласында 5 жастағы баланың коронавирусқа шалдыққаны анық­талды. Баланың ата-анасы бүл­діршіннің Нұр-Сұлтан қала­сынан келгенін 10 күн бойы жа­сыр­ған екен. Яғни, дәрігерлер ба­ланың дерт жұқтырғанын 10 күннен кейін ғана анықтапты. Жуырда індетке шалдыққан ақтө­белік науқастың екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін екені хабар­ланды. Себеп – тағы да сол жалған сөз. 2 сәуір күні коронавирус жұқтырғаны белгілі болған азамат оған дейін туыс­тарының үйіне қонаққа барғанын жасырып кел­ген. Енді қонаққа барған үйдегі ер мен әйелден індет табылып отыр. Аталған азамат Қыл­мыстық ко­декстің 309-бабы бойынша екі жылға дейін сотталуы мүмкін. Егер онымен байланыста болған адам­дар көз жұматын бол­са, жаза мер­зімі 10 жылға дейін созылады. Соңғы кездері дәрігерлер де ви­рус жұқтырып жатыр. Оған әрине себеп көп. Сол көп себептің біріне науқастардың жалған сөй­леуі десек, қателеспегеніміз. Өйт­кені жалған ақпараттың кесірінен дә­рігерлер жағдайды толық ба­ғам­дай алмай отыр. Бұл сөзді меди­цина ма­маны да жоққа шығар­майды. – Өз басым бізге өтірік айтқан науқастарды көрген емеспін. Қы­зуы көтеріліп, тұмау секілді бел­гілері бар науқастар жедел жәрдем қызметіне хабарласқанда, қабыл­дау бөліміндегілер «жуырда шетел­ден келдіңіз бе немесе басқа адам­дармен араластыңыз ба?» деп сұ­рақ қояды. Сол кезде көбі мән-жайды ашып айтпай, сасқалақ­тайды. Жедел жәрдем қызметі ал­дын ала осы сұрақтарды қоюға міндетті. Себебі коронавирусқа ұқсас белгілері барын айтса, дә­рігерлер жұқтырып алмас үшін оның үйіне арнайы медициналық киіммен баруы керек. Мұның бәрі сақтық шарасы. Біз аурудың белгісі байқалған науқастарды емханаға жеткіземіз, қалған диагноздарды арнайы тест анықтайды. Дегенмен жеткізілген науқастың бәрі жедел жәрдем қызметінен өтеді ғой. Сол үшін қауіпті. Дәрігерлер де инфек­ция жұқтырып жатыр. Сондықтан қазіргі кезде жедел жәрдем қызметі амалсыз шақырған үйлерге меди­циналық киіммен барып жүр, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық жедел жәрдем қызметінің фельдшері Абзал Майлыбаев.  

Жаза жеңіл ме?

17 наурызда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауру жұқтырған азаматтарға айыппұл­дың көбейетінін айтқан болатын. Министр вирусқа шалдығып, оған байланысты ақпаратты ашып айтпаған науқастарға 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 250 мың теңге айыппұл салынатынын баян­даған еді. Әйтсе де, бұл сөзді елеп-ескеріп жатқандардың қатары аз. Сондықтан әлі де жазаны күшейту керек пе дерсіз. Ауруын жасырғандар ісін қыл­мыстық әрекетке балап, небір ауыр жазаны қолданып жатқан мем­лекеттер де жетерлік. Мысалы, Қытайда ақпан айында дерт өршіп тұрған шақ болатын. Сол кезде ел билігі індетке шалдыққанын бүгіп қалған жандар үшін өлім жазасына дейін қарастырды. Ал Үндістанда вирусқа байланысты кез келген заңбұзушылықтың түрін жасаған адамдарға дүре соғылды. Бірақ біз бұл жаза түрлерін үлгі етіп алуды ұсынбас едік. Осы орайда, заңгер пікіріне жүгінгенді жөн көрдік. – Вирусқа шалдыққанына байланысты ақпаратты жасырған ақтөбелік азамат жайлы білгенде, мені де бұл тұрғыдағы жаза мә­селесі толғандырған. Ондай аза­мат­тарға Қылмыстық кодекстің 309-бабы, «Адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнді­ретін мән-жайлар туралы ақпа­рат­ты жасыру» жазасы көзделген. Ақ­төбелік азаматқа да қарасты­рылып отырған дәл осы бап. Мен ауруына қатысты деректерді жа­сырған науқастарды осы баппен жазалағанды жөн көрер едім. Егер жазаны бұдан да қатаңдату керек дейтін болсақ, басқа мәселені ескергеніміз жөн. Менің айтпағым, әр адам қатерлі ауруға шалдық­қанын білсе де, илана салып, мо­йындағысы келмейді. Демек, мо­ральдық соққы болады деген сөз. Сондықтан сөзін бұрмалап айтуы әбден мүмкін. Осы жағын да ба­ғам­даған дұрыс шығар деп топшы­ладым, – дейді Асылхан Едірісұлы.   Түйін:

Қазіргідей қысылтаяң шақта әрбір адам қоғам алдындағы жауап­кершілігін мықтап сезінгені жөн. Яғни, адамдар бір-бірінің өмірі үшін сұралады. Дәрігерлерден дертке қатысты ақпарат жасырған науқас адамдарға жаза қолданудың меңзе­гені осы. Шындығын жария ету – жамандық шақырудың жолы емес. Жұмыр басты пенденің барлығы жұртшылықтың аман болғанын қалайтыны белгілі.

 

Мадияр ТӨЛЕУ