COVID-19 пандемиясының жайылуына байланысты Қазақстанда төтенше жағдайдың жарияланғанына да бір ай уақыт өтті. Өкінішке қарай, елде төтенше жағдай мен карантин ережелерін сақтамайтындар әлі де кездеседі. Сәйкесінше, карантин тәртібі күшейтілді. Жаза да қатаңдады. Енді балконда ән айтып түнгі тыныштықты бұзсаңыз, ойын алаңына апарып балаңызды ойнатсаңыз немесе бүлдіршіндерді бақылаусыз далаға жіберсеңіз, айыппұл төлейсіз. Сонымен қатар тәртіпке бағынғысы келмей, полициямен қарсыласқан тұрғындар да қатаң жазаланады. Бүгінге дейін елордада төтенше жағдай режимін бұзған 135 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов айтты.
– Өкінішке қарай, кейбір азаматтар айтылған ескертулерге құлақ аспай, карантин режимін бұзуда. Түрлі құқықбұзушылық үшін полиция бөлімдеріне 2 838 адам жеткізілді. Оның ішінде 1 770 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қамауға алынғандар – 166, айыппұл салынғандар – 1 126, ескерту алғандар – 408 адам, ал сот қарауында 70 материал бар. Әкімдіктің коммуналдық тұрағына 588 автокөлік қойылды. 36 жүргізуші мас күйінде ұсталып, жүргізуші құқығынан айырылды. 67 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды, 135 адам әкімшілік қамауға алынды, – деді департамент басшысы.Ол, сондай-ақ блок-бекеттердің шекарасын бұзғаны үшін 174 адам жауапқа тартылып,оның 124-і қамауға алынғанын атап өтті. Департамент басшысы ауладағы ойын, спорт алаңында жүрген баланың ата-анасына да айыппұл салынатынын хабарлады. Сондықтан барлық ата-анаға тәртіпке бағынуды, сақтық шараларын сақтауды ескертті.
– Балаларға ойын және спорт алаңында жүруге тыйым салынған. Әкімдікпен бірге барлық балалар және спорт алаңын арнайы лентамен қоршап қойдық. Ол жерде спортпен айналысуға, ойнауға болмайтыны туралы арнаулы белгі бар. Егер ойын алаңдарында ата-аналар балаларымен бірге жүрсе, онда олар жауапқа тартылады, – деді Ержан Сәденов.Қаланың бас полицейі аса қажет болмаса, үйден шықпау керегін қаперге салды. Сонымен қатар медициналық бетпердені тағу-тақпауға қатысты сұрақтарға да жауап беріп, карантин нормасын түсіндірді. Егер адам ауырғанын біле тұра бетперде тақпаса, онда бұл қылмыстық жауапкершілік болатынын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, ол кешкі және түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері жиі тіркеліп жатқанын, терезеден және балконнан ән айтып тыныштықты бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты. Ескертулерге құлақ асып, тәртіпке бағынғанымыз абзал. Әрі бұл бірінші ескерту емес. Бұған дейін де бірнеше ескертулер жасалды. Бірақ карантин нормасын сақтамай, жазаланып жатқандарды жиі байқаймыз. Мұндай басбұзарлықтар мен тәртіпсіздіктер барлық аймақтарда да бар. Әсіресе көктем мезгілінде балық аулаушылар, табиғат аясында демалушылардың қатары күрт көбейеді. Алайда, қазіргі уақытта төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты балық аулауға және табиғатта демалуға тыйым салынғанын ескергеніміз жөн. Өкініштісі, ескертуді елемей отырғандар көп. Таяуда Алматыда полиция қызметкері мен бала серуендетіп жүрген ер адамның жанжалы әлеуметтік желілерде жарияланды. Оқиға Медеу ауданындағы Қайырбеков пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған. Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, қаланың ішін жаяу аралап жүрген патруль қызметкерлері аулада жүрген үш адамды көреді. Олар полиция қызметкерінің ескертуіне құлақ аспай, қарсылық танытқан. Учаскелік инспектордың әскери киімін жыртқан азаматтың іс-әрекетіне байланысты Қылмыстық кодекстің 379-бабымен сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелді. 13 сәуір күні болған рейдтік шара кезінде карантин режимін бұзып, табиғат аясына шығып, балық аулаған елорда тұрғындары ұсталды. Нақтырақ айтар болсақ, полиция қызметкерлері Көктал-1 ауылындағы өзен жағасында уақыт өткізіп, карантин режимін бұзған 12 адамды қолға түсірді. Аудандық полиция басқармасына жеткізілгендердің үшеуі бір отбасы мүшелері. Олар табиғат аясында демалыс ұйымдастырған.
«Өзен бойында ұсталған 12 адамның тоғызы – балықшылар. Олар тәртіпті бұзып, өзен жағасына барып, балық аулаған. Азаматтарға 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды» деп жазылан Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.Жамбыл облысында да төтенше жағдай талаптарын бұзып, балық аулаған оннан астам азамат анықталды. Атап айтқанда, Жуалы ауданының Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында екі әуесқой балықшы ұсталған. Осы секілді Шу өзенінде Мойынқұм ауданының үш тұрғыны төтенше жағдай режимін бұзған. Ал Меркі ауданында тыйым салынған демалыс пен балық аулаудың сегіз фактісі тіркеліп отыр. Оларға қатаң ескерту жасалып, 27 780 теңге көлемінде айыппұл салынды. Құқық бұзушылықтың көбеюіне байланысты Ішкі істер министрлігі төтенше жағдай кезінде азаматтарды тәртіп сақтауға шақыруда. Министрліктің хабарлауынша, ТЖ жарияланған сәттен бастап тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 5 130 адам тартылған. Оның ішінде 2 479 адамға айыппұл салынып, 1 626 адам қамауға алынған. Ішкі істер органдары коронавирус туралы жалған ақпарат таратқандарды да жазасыз қалдырмауда. Бүгінге дейін 80 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліпті. Бәрінен әлем жұртшылығын әбігерге салған пандемия кезеңінде халық індетпен күресіп әлек болып жатқанда, карантин тәртібін сақтамағандар жұмысты одан әрмен ауырлатып, жағдайды қиындата түскені жанға батады.