Алматыдан бастады
Алматыдан бастады

Кезектен тыс Президент сайлауына «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ұсынылған Дания Еспаева екі күн бұрын сайлауалды тұғырнамасын жариялады. Үш бағыттан тұратын тұғырнамада еліміздің ішкі және сыртқы саясаты мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты ұстаным айқындалған.

Үміткер Дания Еспаева өзінің сай­лауалды үгіт науқанын еліміздегі ірі нау­байхана – «Ақсай-нан» ЖШС-нан бастады. Кандидат пен Республикалық штаб жетекшісі Азат Перуашев бастаған оның жақтаушылары кәсіпорын ұжы­мына сайлауалды бағдарламаны та­ныс­тырды. Кәсіпорын ұжымы Д.Еспаева­ның әлеуметтік өнім кәсіпкерлеріне (тамақ өнімдері, киім-кешек, балаларға арнал­ған тауарлар) арналған салықты төмен­дету, бизнес несиелеудің үстем­ақысын төмендету туралы бағдарламалық ұсыныс­тарына алғыс білдірді.

Д.Еспаева ІІМ өкілдерінің тіркеуде жоқ азаматтардың жұмыс орны арқылы тіркеуге алыну мүмкіндігін қарасты­ра­мыз деген мәлімдемесін аяқсыз қалдыр­майтынын жеткізді. «Бұл мәселені қа­растыруға уәде беремін. Көптеген кә­сіп­орынның жұмысшылары – қалада тір­кел­меген ауыл азаматтары. Олар ұжым­ның жартысы болуы мүмкін. Егер олар­­­­­­ды жұмыстан шығарсақ – кәсіп­орын­дар жұмысы тоқтайды», – дейді Д.Еспаева.

Ақжолдық үміткер Алматы база­рындағы кәсіпкерлермен де кездесті. «Жібек жолы» базарында өткен кез­де­суде шағын және орта бизнестің өзекті мәсе­лелері сөз болды. Бұдан бөлек, Д.Еспаева Алматыдағы «Темірбетон-1» ЖШС ұжы­мына бас сұқты. 65 жылдық тарихы кә­сіп­орында бүгіндері 400-ге жуық қыз­меткер жұмыс істейді. Ал кеше Д.Ес­па­е­ва­ның Республикалық штабы Талды­қорған қаласындағы отандық аккуму­лятор өндіруші – «АКБ «Қайнар» АҚ ұжымымен жүздесті. Мыңнан астам адам еңбек ететін кәсіпорынның құрыл­ғанына 40 жыл болған. Соңғы жылдары өндіріс көлемін 11 есеге арттырған зауыт экспорт көлемін 14,5 есеге көбейтіпті. Сай­лауал­ды штаб жетекшісі А.Перуашевтің айтуынша, мұндай өндіріс нысандарына мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі керек, ал ол механизм Д.Еспаеваның сайлауалды бағ­дарламасында көрініс тапқан. Ал күннің екінші жартысында «Нұр Авиценум» емханасы қыз­меткерлерімен кездесті.


Айдана БЕГІМ