Әлемді селт еткізіп, әбігерге салған коронавирус, бірқатар былықтың бетін ашып берді. Мысалы, елімізде онлайн сабақ өткіземіз дегенде ауыл тұрмақ кей қалаларда интернеттің әлсіз екені ғана емес, мүлдем жоқ екені де белгілі болды. Оны айтасыз, кей ауылдар пошта қызметі арқылы оқушыларға тапсырма тарата бастады. Бұл біздің елдің дәуірлеген мемлекеттерден әлдеқайда артта қалғанын білдіреді. Біз тіпті шетелден келген азаматтардың қайда барып, қайдан келгенін де бақылай алмадық. Кеден, шекара қызметі, көші-қон қызметі мен денсаулық сақтау тәрізді салалардың өзара байланысының тым төмен екенін, олардың барлығына ортақ болуы тиіс деректер базасының жетілмегенін байқадық. Әдетте, ортақ ақпараттық база дегенде қоғамдағы кез келген салаға, азаматқа қатысты деректер қоры жиналатын кешен еске түседі. Заманауи техника дамыған қазіргі кезде сіз шекарадан өттіңіз бе, елге келгеніңіз немесе кеткеніңіз жайлы мәліметтер ортақ базада тұруы тиіс. Оны қажет болған жағдайда дәрігерлер, құқық қорғау қызметкерлері көріп, біліп отырмағы керек. Әрине, адамның бостандығы, жүріп-тұру еркіндігі қатарлы бірқатар мәселе ортақ деректер базасына қолжетімділіктің моральдық жағының бар екенін көрсетеді. Дегенмен коронавирус пандемиясы кезінде смарт технологиялар мен ортақ деректер қоры бірқатар елдің індетті дер кезінде ауыздықтауына мүмкіндік берді. Ал біз індет алғаш тарай бастағанда ескертулерге қарамай шетел асқан отандастарымыз жайлы толық мағлұмат ала алмадық. Дұрысы, ондай мәлімет тиісті мекемелердің базаларында болды. Бірақ шетелден оралған азаматтардың ел ішіндегі әрекетін дер кезінде бағдарлай алған жоқпыз. Ел кезіп, той-томалаққа барғандарды көрдік. Тіпті, індет жұқтырғандардың да ел аралап кеткендері кездесті. Сонымен қатар ортақ деректер базасының дұрыс жұмыс істемей қалғанын мемлекет әлеуметтік әсіз топтарға, жұмысынан айырылған азаматтарға төлем жасауға бекінген кезде байқадық. Байланыс операторлары да, «Электронды үкімет» де қауқарсыз болып қалғанын көрдік. Серверлер жұрттың бір мезгілде сұраныс бергенін көтере алмады, ел ішінде қауесет тарап кетті.
«Ештен кеш жақсы» дейміз бе?
2020 жылдың 4 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді. Осы кеңесте бірқатар жұмыстың дұрыс жолға қойылмағаны айтылды. Өйткені Мемлекет басшысы кеңеске дейін Smart Data Ukimet жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен «Ұлттық ақпараттық технология» акционерлік қоғамы атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысқан болатын. – Цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес, ең алдымен экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажет. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құру маңызды, – деді Президент. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегеніміз де айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен. – Big Data технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескірген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объективті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып, Smart Data Ukimet жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлы қызметтер кез келген қарапайым адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс екенін де айтып өткен еді. Алайда коронавиурс пандемиясы кезінде бізде ортақ деректер базасы мәселесінде олқылықтың көп екенін байқадық. Өзгені айтпағанда, мемлекет жәрдеміне мұқтаж болып қалған азаматтарға арналған 42 500 теңгені үлестірудің өзі қиынға соқты. Масс-медиа жалақылары жоғары мыңдаған адамға әлгі көмек берілетіні туралы СМС тарағанын жазды. Енді біреулер тиісті құрылымдар ұсынған интернет ресурстарымен кері байланыс мүлдем нашар екенін айтып шағымданды. Ақпараттық технологиялар маманы Нұрлан Құлымбетовтың айтуына қарағанда, ортақ деректер базасының қалыптаспауына мемлекеттік мекемелермен қатар халықтың да белгілі мөлшерде айыбы бар. Бұқара әлі күнге онлайн жүйеге, ортақ деректер базасына сенбейді. Соның да кесірі тиіп жатқанын айтады маман.Шетел тәжірибесі қандай еді?
Жаһандық пандемиямен күресте шетелдерде түрлі тәсіл қолданылғанын жұрт біледі. Дегенмен біздің назарымызға бірден Азияның бірқатар елі ілікті. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Тайвань тәжірибесі пандемияны ауыздықтауға тәуір үлгі екені анық. Әрі бұл елдерде ортақ деректер қорын пайдаланудың озық үлгісін де көрдік. Әрине, әлемнің көптеген елі тәрізді аталған мемлекеттер де елге келетіндердің санын шектеген болатын. Дегенмен олар медицина, кеден және миграция салаларының ортақ деректер базасын қалыптастыра алды. Мысалы, Тайваньда осылай топтастырылған деректер азаматтардың жүріс-тұрысын бақылауға мүмкіндік берді. Ал Оңтүстік Корея болса, азаматтарды бақылайтын заманауи жүйелер енгізді. Атап айтқанда, смартфондар үшін арнайы қосымшалар әзірлеп, сол арқылы вирус жұқтырғандарды бақылады. Карантинге жабылған аймақтарды да назардан тыс шығарған жоқ. Әрі ақпараттарды жасырмады. Сонымен қатар азаматтарды тексеру жүйесін күрт күшейтті. Медициналық тексерулерді жиі қайталау арқылы да вирусты дер кезінде анықтап, індет жұқтырғандарды қоғамнан оқшаулаудың тиімді тәсілін пайдаланды. Қысқасы, олар жоғары технологияның пайдасын індетпен күресте де көрді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай тәсілді қолдануға ұмтылғандарды байқай қоймадық. Бізде пандемия туралы ақпарат тарататын арнайы сайт, Telegram желісінде арна ашылды. Болды. Азаматтардың жүріс-тұрысын, вирус тараған аймақтардың картасын көрсетіп тұратын жүйе болған жоқ. Рас, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, интернет ресурстарда кейбір қалаларда вирус жұқтырған адамдар тіркелген өңірлер туралы карталар тараған. Кейін оны түрлі мекеме жоққа да шығарды, одан соң қайта растады. Ал тұрғындар болса, баяғыдай той-томалаққа, құдалыққа баруын жалғастыра берді. Жалпы, ортақ деректер базасымен жұмыс істеу технологиялық алгоритмнен бастап, түрлі мекеменің тізе қоса қызмет жасауына дейінгі сансыз қатпарлардан құралады. Біз сөз еткен Тайвань өз тарихындағы бірнеше эпидемиядан кейін қуатты база қалыптастырып алды. Қазақстанның да дәл сондай болмаса да соған жетеғабыл негіз қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Тек түрлі құрылымның үйлесімді жұмысы жоқ. Шетелден көргенімізді өзімізге пайдалана алмай, тек тамсанумен ғана келеміз.