Қазақстан Коммунистік Халық партиясы атынан (ҚКХП) Қазақстан Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбековтің Республикалық сайлауалды штабы ашылып, жұмысына кірісті. Штабқа ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров жетекші болып бекітілді.
Ж.Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасы батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тартуды, барлық қашқын олигархты сотқа тартуды, кедейлікпен күресті, көрші елдермен экономикалық интеграцияны, сонымен қатар әділетті салық салу жүйесін енгізуді темірқазық тұтады.
ҚКХП қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайлауалды науқанды Ж.Ахметбеков қазақы дәстүрмен бастады. Ол республикалық сайлауалды штаб жанынан құрылған киіз үйде тұсау кесу рәсімін өткізді. Дамир есімді бүлдіршіннің тұсауын кесіп, оған бата берді және Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» сыйлады.
Ж.Ахметбековтің аймақтағы сайлауалды үгіт науқаны Ақмола облысынан басталды. Республикалық сайлау штабының өкілдері Ақмола облыстық ауруханасының қызметкерлерімен кездесті.
«ҚКХП – 15 жыл бойы бірнеше маңызды бағытта жүйелі жұмыс істеп келе жатқан саяси ұйым. Біздің партия бұған дейін бірнеше сайлауға қатысты. Осы тұрғыдан алғанда тәжірибе көп. Біз электоратпен қалай жұмыс істеу қажет екенін жақсы білеміз. Сіздерді алдағы сайлауға қатысуға және сайлауға коммунистердің атынан қатысып жатқан кандидат Жамбыл Ахметбековты қолдап дауыс беруге шақырамын», – деді Мәжіліс депутаты В. Косарев.
Сөз арасында ол Қазақстан Президенттігіне кандидат «Адал еңбек ел мүддесі үшін!» деген ұранды темірқазық тұтатынын айтты.
Жиын соңында республикалық сайлауалды штаб өкілдері сайлаушылар Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Президент сайлауына қатысып жатқан кандидатын қолдап, дауыс беретініне сенім білдірді.
Айдана БЕГІМ