Бас санитардың сөзі дәрігерлердің шамына тиді
Бас санитардың сөзі дәрігерлердің шамына тиді
2,145
оқылды
Соңғы күндері ел наза­ры Алматыға, әсіресе Орталық қалалық клини­калық ау­ру­ханаға ауып тұр. Ем­деу мекемесі қазір ка­р­ан­тинде. 15 сәуір күнгі мә­лі­мет бойынша, ша­һарда ін­детті жұқтырған ме­дицина қызметкер­лері­нің жалпы саны – 218. Олар­дың 182-сі – Орталық қалалық клини­калық аурухана маман­дары. Осы жағ­дайдан кейін емдеу мекемесінің бас дәрі­гері Алмас Джувашев қыз­меттен кетті. Дәрігер де – адам, оның да кез келген уақытта ауру жұқтырып алу ықтималдығы осы індет етек жая бастағалы айтылып келеді. Дегенмен оларды әлеу­мет­тік желі қолданушылары «Мем­­лекеттен бөлініп жатқан қо­мақ­ты жәрдемақыны алу үшін әдейі ауру жұқтырып жатыр» деп бір кінәласа, енді қаланың Тауарлар мен қызметтердің са­па­сы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова тағы айып­та­ды. Оның «Дәрігерлер өз сал­ғырттығынан ауру жұқтырып жатыр» деген сөзі алматылық дә­рігерлердің шамына тиді. «Көк­­тем» шипажайында каран­тин­­ге жабылған отыз шақты мед­қыз­­меткер басшылық тара­пы­нан әді­летсіздік болды деп отыр. «Бәріміз Орталық қалалық кли­никалық ауруханасының қыз­меткеріміз. Қабылдау және ги­некология бөлімінде жұмыс істейміз. Бәріміз корона­ви­рус анықталғандармен бай­ла­ныс­та болғанбыз. Біздің ана­лиз­ден теріс нәтиже шықты, ал оң нә­ти­же шыққан әріптес­те­рімізді инфекциялық ауруха­на­ға алып кетті. Біз Айзат Молда­қасы­мо­ва­ны сотқа береміз. Өйткені ол «коронавирустың жұғуына дәрігерлердің өзі кінә­лі» деп бізді айыптады. Біз өз құқығымызды қорғап, өз ойы­мызда қаламыз» деді каран­тинде жатқан гинеко­ло­гия бөлі­мінің меңгерушісі Гаухар Әміреева. Коронавируспен күресіп жат­қан дәрігерлер бас­шы­­ларын шұғыл қайтаруды талап етіп, бейнеүндеу жария­лады. «Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының «Себеп­тердің бірі – медициналық қызметкерлердің барлық сақ­тық шарасын сақтамауы» деген мәлімдемесі – жала жабу. COVID-19 қаупі және сақтық ша­раларын қабылдау қажет еке­ні туралы медициналық қыз­меткерлерден артық кім біле­ді?» делінген үндеуде. Хат­та дәрігерлер белсенді түрде оқытылып, ко­ро­­навирус инфекциясының ал­дын алу бойынша тренинг өт­кізілгені, сондай-ақ жеке қор­ға­ныс құралдарымен толық қам­­там­асыз етілгені айтылған. Олардың жазуынша, әр кезек­шілікте бетперделер 10 рет ауыс­­­тырылған, төтенше қызмет өкіл­дері қорғаныс костюмімен жұмыс істеген. Жағдай ушығып бара жатқан соң осы мәселе бойынша ар­на­йы жұмыс комиссиясы құ­ры­­лып, қызметтік тексеру жүр­­­гізіле бастады. Денсаулық сақ­­тау вице-министрі Қамалжан Нады­ров Алматыға келіп, ме­ди­цина қызметкерлерінің коро­навирус инфекциясын жұқ­тыруына байланысты жағ­дайға түсініктеме берді. Ол Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігерін жұмыстан босату туралы жағдайға да тоқталды. «Менің білуімше, бас дәрігер өз еркімен өтініш жазды. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Еңбек кодексін де, мемлекеттік қызметкерге деген қарым-қатынасты да ешкім алып тастаған жоқ. Сондықтан егер біреуде қандай да бір сұрақ туын­даса, біз оларды құқықтық алаң­да қарастыруымыз керек», – деді. «Бұл жағдайлар, өкінішке қарай медицина қыз­мет­керлері арқылы да берілуі мүм­­кін. Немесе керісінше, эпи­де­миология нормалары сақ­тал­­май, медициналық ұйым ішін­дегі логистиканың бұзылуы сал­дарынан болуы да ғажап емес. Бұл жай­тқа сабырмен және түсіністікпен қарау керек. Біз­дің міндетіміз – жағдай­дың себебі мен салдарын табу. Тағы да айтайын, бұл жағдай Ден­­­саулық сақтау министрлігінің жеке ба­қылауында». Қ.Надыров медициналық ұйым­дарда қызметкерлердің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтауына бақылау жүргізілетінін атап өтті. Ол госпиталь ішіндегі қауіп­сіз­дікті бақылауды сақтау – эпидемия мен пандемия кезе­ңін­дегі негізгі талаптың бірі екеніне де тоқталды. Соңғы күндері қалада әскери оқу орындары, емханалардың, ста­ционарлық медициналық меке­­мелердің барлық қызмет­кер­­лері тексерілуде. Жедел жәр­дем және қабылдау бөлімінің қызмет­керлері, балалар үйлері­нің тәрбиеленушілері мен қыз­мет­­керлері, банк және пошта қыз­­меткерлері, полиция мен Қор­ғаныс министрлігінің қыз­­мет­­керлері, көпқабатты үй­лер­­­дің аулаларына шақы­ру­ға келетін көшелерді пат­руль­деуші, қандай да бір дәре­­жеде халықпен байланысуға мәж­бүр болған­дар­дың барлығы тек­се­руден өтуде. Адамдардың көп жиналатын жерін және халықпен тығыз бай­ланыста болатын адамдарды белсенді түрде тексеру корона­ви­рустың жаңа көзінің көбеюіне әкеп соқты. «Стратегиялық тұрғыдан біз тәуекел тобында жұмыс істей­ті­німізді анықтадық. Бірін­ші­ден, бұл – медициналық ұйым қыз­мет­керлері. Олар тестілеуден толығымен өтеді. Ол үшін бар­лық қажетті құралдар – тест­тер, шығыс материалы бар. Осы бағытта жұмыс жоспары жасал­ды. Статистика көрсеткішінің өсуі жағымсыз болатыны анық. Өкініштісі, біз әріптестеріміз немесе науқастар арасында жаңа инфекцияны анықтауымыз мүм­кін. Бұл шаралар адам көп жиналатын ошақтарда симптом­сыз науқастарды анықтауға және карантин мерзімін барынша азай­туға мүмкіндік береді», – деді Қ.Надыров. Қазіргі таңда Алматы қала­лық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеу­хан Әбілдаев та карантинде. Қазір ол жұмысына қонып жүр. Біраз күн бұрын қазір карантинге жабылған Орталық  қалалық клиникалық ауруханаға бір науқасты қарауға барған ол мекеменің бас дәрігері мен бөлім меңгерушісімен бірге болған. Т.Әбілдаевтың вирус жұқ­тырғандармен байланыста болуы ықтимал болғандықтан 14 күнге оқшауланған.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ