Қосанов солтүстікте жүр

Қосанов солтүстікте жүр

Кезектен тыс Президент сайлауына «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған кандидат Әміржан Қосанов өзінің сайлауалды тұғырнамасын жария етті. Ә.Қосановтың сайлауалды тұғырнамасы: «Саяси бостандықтар», «Ұлттық болмыс», «Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздік», «Жемқорлыққа жол жоқ», «Өркениетті әрі халықшыл экономика», «Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет» атты 6 бөлімнен тұрады.

Кандидат сайлауалды тұғырнамасында сайлауда жеңіске жеткен жағдайда, мемлекет өмірінде қандай өзгерістер болып, еліміздің қай бағытпен дамитыны туралы жоспарымен бөліскен.

Президенттікке үміткер Әміржан Қосанов сайлауалды штабымен Солтүстік Қазақстанды аралап жүр. Аталған облыстың Булаево қала­сында Қазақстан Президенттігіне кандидат жер­гілікті тұрғындармен кездесті. Штаб өкіл­дері батыр Баян мен Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне барды. Тұрғындармен кездесуде кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамасының бағыттарымен таныстырды, солтүстік өңір тұр­ғындарының сауалдарына жауап берді. Сол­түстік Қазақстан облысының Бәйтерек ауы­лында өткен кездесуде де кандидат сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Халықпен кез­десуде Әміржан Қосанов сайлауалды платформасының негізгі бағыттарын атап, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Іс-шара барысында ауыл тұрғындары, ақсақалдар сөз сөйлеп, көзқарастарымен бөлісті. Бірқатар мәселенің шешу жолы тал­қыланды.

Талдықорғанда Әміржан Қосановты қол­дауға арналған дөңгелек үстел өтті. Алматы об­лысының орталығындағы Мәдениет са­райын­да өткен іс-шараға 30-ға жуық адам, со­ның ішінде белсенділер мен қоғам қайрат­керлері, облыстың ақсақалдар кеңесі, ардагер­лер мен студенттер қатысты. Үміткердің сенімді өкілдері Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасын таныстырып, құжатта көр­се­тілген негізгі бағыттарды айқындады. Облыс­тық сайлау штабының бастығы Жүкел Хамай кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныс­тырып, «Ұлттық дәстүрлерді дамыту және дәс­түрлі құндылықтарды сақтау» тақырыбында сөз сөйледі.


Айдана БЕГІМ