Кеше Шымкент қаласына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қорынан 1 миллион бетперде келіп жетті. Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде халықтың әлсіз тобына көмектесу бағытында құрылған Birgemiz қоғамдық қорына түскен қаржыдан бұдан бұрын да бірнеше көмек түрі көрсетілген болатын. Бұл жолы аталған қордың Қамқоршылық кеңесі еліміздегі үш мегаполистің, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының әлсіз тобына медициналық бетпердені тегін тарату шешімін қабылдады. Осы бағытта Шымкент қаласына келіп жеткен 1 миллион бетперде 20 мың отбасыға үлестірілмек. Осынау игі шараға Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы өкілдері мен Jas Otan Жастар қанаты мүшелері және еріктілер гуманитарлық автокеруенмен елді мекендерге жолға шықты. Қайнарбұлақ елді мекеніне аялдаған автокеруен алдымен жасы егде тартып қалған Галина апайға бір қорапта 50 данасы бар бетпердені Birgemiz қоғамдық қорының атынан тапсырды. Еріктілер егде жастағы қарияға үйден шықпауын, бетпердені жиі ауыстырып тұруын өтінді. Ал Галина Николаевна қаладағы карантин жағдайына қарамастан осындай игі іске атсалысып жүрген ерікті жастарға,Nur Otan партиясының мұндай қамқорлығына ризашылығын білдірді. Қайырымдылықтың басы-қасында жүрген еріктілерден құралған «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қорының менеджері Асхат Мәуленов бұл шара еліміздегі төтенше жағдайға байланысты індеттің алдын алу мақсатында Nur Otan партиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқанын атап өтті. «Біз дәл осындай қорабында 50 данасы бар бетпердені Шымкент қаласындағы 20 мың отбасына таратып шығамыз. Қаламызда құрылған ерікті жастар тобы осындай қиын сәтке қарамастан үйлерінен шығып, мұндай игі шараларға белсенділік танытып, атсалысып жүр», – деді ол.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы