Коронавирус линза арқылы жұға ма?
Коронавирус линза арқылы жұға ма?
124
оқылды
Қазір індет төңірегінде жалған ақпарат көп. Мұны ДДСҰ «біз тек эпидемиямен ғана емес, инфодемиямен де кү­ресіп жатырмыз» деп түсін­дірген. Сондықтан қазір дәрі­герлер мен ғалымдарға сұрақ көп. Соның бірі көзәй­нек пен линза жайында еді. Ғалымдар осы сұрақ төңі­регінде зерттеу жұмысын жүр­гізген. Нәтижесін Contact Lens & Anterior Eye журналына жа­риялаған. Офтальмолог ғалым­дар­дың сөзінше, пандемия кезінде көзге линза тағуға болады. Індет линза арқылы жұғады деуге ешқандай негіз жоқ. Ал «линза тағу керек пе, әлде көзәйнек пе?» деген сауалды ғалымдар адамның өз еркіне қалдырады. Әрине, дә­рігер кеңесін де естен шығармау керек. Бастысы – санитарлық талапты орындап, линза тағу ке­зінде гигиена мен тазалық сақ­тау керек. Мамандар қолды жақ­сылап жуған соң, линзаны құр­ғақ қолмен алып, көзге тағуды жөн көреді. Дезинфекция жасау барысында қапшығын сүртуді де ұмытпаңыз. Ал көзәйнекті сабынмен көпіртіп, ыстық сумен жуған абзал. «Көзәйнек коронавирустан қорғайды» деген ұғым – жалған. Ғалымдар бұл турасында да ғы­лыми дерек жоғын алға тартады. Олар көзәйнек немесе линза тақ­қанда қолды көзден алыс ұстауға кеңес береді. Көзді ұқалауға, ұстау­ға болмайды. Сондай-ақ қол­мен мұрын мен бетті, ауызды ұстау да дұрыс емес. Ал коронави­рус жұқтырған науқасқа линзадан гөрі көзәйнек таққан жақсы екен. Ғалымдардың мұндай мәлім­деме жасауына пандемия кезінде линза мен көзәйнекке қатысты екіұдай пікірдің көбейіп кетуі себеп болған.  

Айбике ЖАНАСЫЛ