Алматы қаласында Covid-19 вирусын жұқтырған жүкті әйел дені сау бала туды. 13 сәуірде әйел жүктіліктің 39-шы аптасында вирус жұқтырған адаммен байланыста болған адам ретінде №1 Қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Одан коронавирусқа қарсы талдаулар алынып, оң нәтиже берген болатын. 15 сәуірде дәрігерлер талдау көрсеткіштері бойынша оған кесар операциясын жасап, босандырды. Нәтижесінде салмағы 3,5 келіден асатын бала дүниеге келді. Бұл пациенттің екінші босануы еді. «Жаңа туған нәрестеден де бірден алынған талдаулар теріс нәтиже көрсетті. Нәрестенің дені сау. Қазір ол балалар бөлімшесінде жатыр» деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев. Қазір анасының жай-күйі – қанағаттанарлық. Ол жақын арада емдеуді жалғастыру үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады. Пациент Covid-19-дан сауығып жазылған кезде ұлымен бірге болады. №1 Қалалық клиникалық аурухана провизорлық орталық болып табылатынын атап өткен жөн. Онда КВИ диагнозы бар жүкті әйелдердің босануы тікелей қабылдануда. Соңғы күндері алып шаһардағы ең жағымды жаңалықтың бірі осы болды.