Қызыл кітапқа енген үкі

Қызыл кітапқа енген үкі

Сайрам ауданындағы дәмхананың бірінен Қызыл кітапқа енген үкі табылды. Аудандық АПБ-ның Таби­ғатты қорғау полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты М.Ботабек және Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты М.Қуандықов экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында Манкент ауылында орналасқан кафелердің бірінің ауласынан асырауға тыйым салынған үлкен үкіні байқап қалады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дери­ваттарын заңсыз пайдалану» бойын­ша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амал­дары жүргізілуде. Бұл құс Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Филин үкісі болып шықты. Ол Шымкент қаласының хай­уа­наттар бағына жіберілді. Тәртіп сақ­шылары күдікті тұрғынның Қызыл кітапқа енген құсты қандай мақсатта ұстағанын анықтап жатыр. Ал үй иесі бұл құсты 2015 жылдан бері асырап келе жатқанын айтыпты. «Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, сирек кездесетін жануарларды заңсыз ұстағандар үшін 3 мың АЕК дейінгі айыппұл немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», – деді әкімдіктің баспасөз қызметі.  

 Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ