Қорғаныс министрлігі МиГ-31 ұшағы апатының ықтимал себептерін айтты
Қорғаныс министрлігі МиГ-31 ұшағы апатының ықтимал себептерін айтты
Қазақстан Қарулы күштері әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов Қарағандыда құлаған МИГ-31 ұшағына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бүгінде апат себебін анықтау үшін барлық МИГ-31 ұшақтары уақытша ұшуын тоқтатты.
«Комиссия жұмысының қорытындысы шығып, профилактикалық жұмыстар аяқталғаннан кейін ұшақтар қайта сапқа қосылады. Апаттың себебін анықтауда объективтілік болу үшін ұшақты шығарған, жөндеген кәсіпорындарды комиссия қатарына тартамыз», - деді қолбасшы.
1991 жылы шығарылып, 29 жыл қолданылған ұшақтың мерзімі келесі жылы бітуі тиіс болған. 2013 жылы қарашада ол Ресейде кезекті күрделі жөндеуден өткізіліпті.
«Бізде ескі авиациялық техника деген түсінік жоқ. Себебі,  әскери техниканың бәрі жоспарлы тексеруден өткізіліп тұрады. Соған қарамастан, Қорғаныс министрлігі жаңа ұшақтар алуды жоспарлап отыр», - деп айтты Н.Орманбетов.
Қазіргі уақыттта апаттың бірнеше себебі қарастырылып жатыр.
«Авиациялық техника әуеде істен шығып қалуы немесе сыртқы факторлар әсерінен құлаған болуы мүмкін. Сонымен бірге, адам факторын да жоққа шығара алмаймыз. Экипаж өте сауатты әрекет жасады. Ұшақты аман-сау қондыру үшін бар күшін салды», - деп пікір білдірді бұған қатысты ол.
Орманбетовтың айтуынша, ұшақты басқарған подполковник Арман Құрманғалиевтің 900 сағаттық, ал подволковник Иван Гаврилконың 1000 сағатқа жуық тәжірибесі бар екен. Орманбетов апат себебі бойынша комиссия жұмысының қорытындысын күтуге шақырды.