Киіктерді қорғайтын акция басталды
Киіктерді қорғайтын акция басталды
Фото: Интернеттен алынды
155
оқылды
2020 жылдың 15 сәуірінен бастап Қазақстанда кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды. Аталған акция 2020 жылдың 15 мамырына дейін жалғасады. Браконьерлікпен күресу, Қазақстан Республикасының аумағында киіктердің браконьерлігіне, олардың дериваттарын, сондай-ақ фаунаның басқа да түрлерін сатуға және өткізуге маманданған ұйымдысқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстарын күшейту мақсатында экология, геология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрлерінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының «Киік» табиғатты қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрығына қол қойылды. Осы бұйрықпен табиғатты қорғау акциясын өткізу барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекеттесу бойынша Үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Бірнеше мобильді топтардан құралған 200 инспектор, 6 блокпост, 64 жоғары өтімді автокөлік, 16 КУНГ, 5 мотоцикл мен пилотсыз ұшу аппараты акция барысында браконьерлікке қарсы рейдтік шараларды ұйымдастыру үшін жұмылдырылды. Аталған шараны «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының мамандары Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізеді. Қазақстанда киіктердің популяциясының саны 334 400 басты құрайды. Табиғатты қорғау шараларының өткен жылғы нәтижелері көрсеткендей, киіктердің мүйіздеріне заңсыз сұраныс азаймауда. Мәселен, 2019 жылы киіктерді заңсыз атудың 47 браконьерлік фактісі анықталып, 641 ұша мен 284 киіктің мүйізі тәркіленді. 203 әкімшілік хаттама толтырылып, қылмыстық жазаға 43 заң бұзушы тартылды. Табиғат ресурстарына келтірілген шығын 3,3 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың басынан бастап ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары киіктерді заңсыз атудың 16 браконьерлік фактісін анықтап, 381 ұша мен 367 киіктің мүйізін тәркіледі. Табиғат ресурстарына келтірілген шығынның сомасы 1,08 млрд теңгені құрады. 2019 жылы браконьерлік үшін заңнаманы қатаңдату мақсатында Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодексіне өзгертулер енгізілді және оған сәйкес жасаған браконьерлік фактісі үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейін қатаң жаза қарастырылды.