Алматыда 20 сәуірден жұмыс істейтін кәсіпорындарға қойылатын талаптар айқындалды
Алматыда 20 сәуірден жұмыс істейтін кәсіпорындарға қойылатын талаптар айқындалды
© inform.kz
107
оқылды
Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы 20 сәуірден бастап жұмысы жандануы тиіс кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының басшыларымен онлайн кездесу өткізді. Жиналғандар ең алдымен жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселелерін талқылады. «Бұл процесті біз 20 сәуірден бастап іске қосамыз. Басты талап санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау және жұмыскерлердің денсаулығына қауіп төндірмеу», – деді әкім. Қала басшысы бұл талапты бұзған кәсіпорындарға ТЖ аяқталғанша жұмыс істеуге тыйым салынатынын айтты. «Атамекен» ҰҚК, әкімдік, қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлерінен тұратын комиссия алдағы 2-3 күн ішінде кәсіпорындардың дайындығын тексереді. Басты назар жеке қорғаныс құралдарының, санитайзерлермен жабдықталуына, өндірістік және кеңсе үй-жайларын өңдеуге, кіреберістегі қызметкерлердің дене қызуын бақылауға және санитарлық қорғауды қамтамасыз етудің басқа да шараларына аударылатын болады. Жекелеген салалар бойынша арнайы әзірленген хаттамаларда көрсетілген талаптарға сәйкес келген кезде қызметке рұқсат беретін акт беріледі. Тұрақты мониторинг кезінде заң бұзушылықтар анықталған жағдайда акт кері қайтарылып, қызметі тоқтатылады. Кәсіпорын басшылары жұмысты жаңа жағдайда бастауға және өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Олар әкімдік пен Жедел штаб қабылдаған қаланың экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге бағытталған шешімдерді қолдады. Бұған дейін хабарланғандай , Алматыда жұмыспен қамтылғандар саны 728 мың адамға қысқарды. Олардың ішінде қаржы секторында, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік басқару, ақпарат және байланыс салаларында жұмыс істейтін 200 мың адам қашықтан жұмыс жасау режиміне көшкен. 20 сәуірден бастап өнеркәсіп кәсіпорындарының, құрылыс саласындағы компаниялардың, құрылыс материалдарының көтерме сауда нарығының жұмысын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, нотариустар және Алматының Наурызбай ауданындағы ХҚКО-ның бір кеңсесі тек бизнеске қызмет көрсету үшін жұмыс істейді. Осы саладағы кәсіпорындарды іске қосу бір ай ішінде жұмыспен қамтылған халықтың санын қосымша 90 мың адамға ұлғайтуға мүмкіндік береді.