Головкин әйгілі британ боксшысын жекпе-жекке шақырды
Головкин әйгілі британ боксшысын жекпе-жекке шақырды
178
оқылды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы Геннадий Головкин британиялық Карл Фрочпен жекпе-жекке шығуға ниетті.

Негізі бұл нұсқаны Головкиннің промоутері Том Леффлер ұсынған. Леффлер екінші орта салмақта әлемнің экс-чемпионы Карл Фрочтың өзінің ескі қарсыласы Джордж Гроувзбен емес, қазақстандық Головкинмен жұдырықтасқанын қалайды. Әсілінде, Головкин мен Фроч кездесуі сонау 2016 жылы талқыланған екен. Алайда Фроч 2014 жылы кәсіби мансабын аяқтайтынын жариялап, бұл келіссөз аяқсыз қалған. Ал қазір ол өзінің бірнеше сұхбатында Гро­вузбен үшінші рет айқасуға дайындалып жатқанын ресми мәлімдеп үлгеріпті. Еске салсақ, 2014 жылы олардың екінші жекпе-жегі атақты «Уэмбли» стадионында өтіп, 80 мың көрермен жинаған еді.

«Біз бұл жекпе-жекті Головкиннің қатысуымен өткізуге тырыстық. Ал қазір жаңа экономикалық жағ­дай аясында Фрочқа қалаған сыйақысын беруге болады. Егер Головкин «Уэмблиде» Карл Фрочқа қарсы шығатын болса, бұл керемет болушы еді», – дейді Леффлер.

Головкин өзінің ке­лесі жекпе-жегін 8 мау­сым күні Нью-Йорк­тегі Madison Square Garden арена­сын­да канадалық 35 жас­тағы Стив Роллс­қа қарсы өткізе­ді. Бұл кездесу – Го­лов­киннің DAZN стри­мингтік сер­­ви­сі­мен келісім жа­сасып, Джо­натан Бэнкс есім­ді бап­кер­мен жаттық­қалы шы­ғатын алғашқы жекпе-жегі болмақ.

Айтпақшы, жуырда Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) жаңартылған рейтингті көпшілік назарына ұсынды. Ол бойынша орта салмақтың көшін Геннадий Головкин бастап тұр. Мейірім Нұрсұлта­нов – 24, Жә­нібек Әлімханұлы 26-орында. Екінші орта салмақта Әли Ахмедов – 18, Айдос Ербосын­ұлы – 32-орынға тұрақтапты. Жастар арасындағы чемпион Садриддин Ахмедов – 31, бірінші орта салмақтағы Батыр Жүкембаев 21-орынға жайғасқан.