Теріскей төрт түлігімен түлейді алайда жайылымдық жер жылдан-жылға тарылып барады
Теріскей төрт түлігімен түлейді алайда жайылымдық жер жылдан-жылға тарылып барады
346
оқылды

Созақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан аудан. Кезінде мұнда үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр, қора-қора қой өріп жүрді. Кеңес үкіметі тұсында аудан, одақ бойынша мал өнімдерін өндіруден алдыңғы шептен көрініп, ауыс­палы Қызыл туды әлденеше рет иеленгені есімізде. Мал шаруашылы­ғын табысты өркендеткені үшін ауданнан 9 Социа­листік Еңбек Ері шықты. Бұл аудан еңбек­керлерінің жемісті жұмыстарын паш етсе керек.

Ата-бабаларынан малсақ теріскей­ліктер төрт түлікті түлетудің жолдарын жақсы білді. Негізінен ауданның табиғаты тарпаң: қысы боранды-буырқасынды, жазы аптап ыстық. Түлік ыңғайымен жиі-жиі жайылым ауысты­рып отыратын малшылардың қысқы қонысы қалың құм іші болатын. Сексеуілі мен жыңғылы тұтасқан Мойын­құм қыста малға пана-ықтасын, адамдарына құтты қоныс еді. Ал Бетпақдала мен Қаратау етегі көктемгі, жазғы және күзгі жайылымы. Бал бұлақ­тары сылқ-сылқ күліп ағып, төске­йінде мыңғырған мал жайылып жататын қарт Қаратаудың базарлы шағы бүгінде көзден бұлбұл ұшты. Неге? Енді бұның жауабы жүрек сыздатады.

Бүгінде ауданда 3 493 772 гектар жайы­­лымдық жер бар. Бұл аудандағы барлық жер көлемінің 85,1 пайызын, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­дің 98,8 пайызын құрайды. Мойын­құм­дағы 895 мың гектар, шабырдағы 502 мың гектар, тау етегі мен жазықтағы 497 мың гектар жайылымдық жер ежелден төрт түлік малға толып жатты. Жоғарыда жазғанымыздай, табиғат қатаңдығына байланысты Бетбақдала жазығы мен Қаратаудың етегінде қыста мал ұстай алмайсыз. Сондықтан шаруа біткен қыста құм ішінен пана іздейді.

Түрлі себептермен қазір малдың көбі қыстау мен жайлауға бара бермейді, ауыл шетін шиырлап жүреді. Сондықтан ауыл маңайындағы жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп келеді. Ал ауыл тұрғындарының басты күнкөрісі – мал. Тақыр жерде мал жұтайды. Әсіресе, Созақ сынды шөл және шөлейт аймақта жайылым мәселе­сі жылдан-жылға қиындап бара жатқаны күн көрісін малдан айырып отырған шаруаларға қиындық туғызып келеді.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, 1998 жылдан бастап Мойынқұм және Мойынқұмды Бетпақдаламен жалғай­тын шабырды, Қаратаудың баурайын­да­ғы 1 015 543 гектар жайылымдық жер орман қорына беріліп кетті. Орман қоры жерін пайдалану «Орман кодексі» және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы №1268 қаулы­сымен бекітілген «Мемлекеттік орман қоры аумағында орманды жанама пай­да­лану қағидаларына сәйкес рет­те­ліп отыратыны белгілі. «Орман кодек­сінің» 44-бабының 2-тармақ­ша­сында орман қорын пайдалану жөнінде шектеулер бар. Осы шектеулер бойынша өсімдік­тер­дің сирек кездесетін ресурстарын дайындауға, шөп шабуға және мал жаюға тыйым салынады. Созақ ауда­нын­да орман қоры деген жерде тал-терек, жайқалған бау өсіп тұрған жоқ. Бұл жерде тек сексеуіл, жыңғыл ғана өседі. Осы екі өсімдік өскен жер орман болып есептеледі. Десек те сексеуілді төрт түлік малдың бірде біреуі жемейді. Ал орман шаруашылығы жалғыз сек­сеуіл өсіп тұрған жерді де өз меншігі­не алған. Міне, қараңыз, Созақ ауданы­ның әкімдігі кезінде өз шешімімен шаруа­лар­дың қолын кескен болып отыр емес пе? Басқа барар жері жоқ малшылар қыста малын құм ішіне жаймағанда қайда жаяды?

Осы қиындықтардан шығу үшін Мойынқұм өңірінің жайылымын пайдалануға теріскейліктер орман және жануарлар әлемін қорғау мемлекеттік мекемесінен арнайы рұқсат алуға мәжбүр. Бұл рұқсат бір жылға ғана беріледі. Сол бір жылға бола ешқандай шаруа қора салып, құдық қазбайды. Қыстауға барды делік, ол жерде енді қысқы қора, малшы үшін тұрғын үй, құдық керек емес пе? Керек. Қораны салу үшін тағы да қиындық туындайды. Біріншіден, құм ішінен жайылымдық жер алу қиын. Екіншіден, мұнда қора-қопсы сала алмайсыз. Тағы да кедергі. Орман шаруашылығының талабы бойын­ша орман қоры ішінен құрылыс жүргізуге болмайды. Бұрынғы құм қой­науындағы қысқы қоралар иесіздік­тен ұстағанның қолында, тістегеннің ауы­зын­­да кетті. Қазір көне жұрты ғана жатыр. Бүгінде құдық қаздырған шаруа­ға Үкімет субсидия береді дегенді естиміз. Қыстауға да құдық немесе ұңғыма керек. Мал қыс бойы қар жалап шықпайды ғой. Оның үстіне кейінгі жылдары құмға қар жұқа түседі. Сол құдықты қаздырайық десек, Мойын­құм­да тұрақты мекеніміз тағы жоқ. Сонда құдықты қай жерден қаздыруы­мыз керек? Жайлаудан дейсіз бе? Жоқ, бұған келісе алмаймыз. Өйткені Теріс­кей табиғаты жағдайында мал жыл бойы­на кемінде бес-алты рет өріс өзгер­теді. Сайрам, Төлеби, Қазығұрт, Түлкі­бас аудандарындағыдай малды қыста қорадан шығармай ұстай алмайсыз. Табиғаты тарпаң Теріскейде жем-шөп дайындап алудың азабын айтпай-ақ қоялық. Қонысы, қорасы, құдығы жоқ құм арасында қыста тіршілік тоқтама­ған­да қайтеді? Созақ ауданының бар­лық ауылы дерлік құм ішінде және жие­гінде отыр.

Құм қойнауы жусан, изен, жантақ, ажырғы, бидайық, торғайоты, басқа да төрт түлік сүйіп жейтін шөпке аса бай. Қоңыр күзде жусанды жайылымда бағылған төрт түліктің қыстай қоңы таймайды. Бабаларымыздың осындай жайылымдық жерді тиімді пайдалану тәжірибелерін тиянақтай келе халық қалаулылары арнайы заң жазып шық­қа­ны белгілі. 2017 жылы 20 ақпанда Мем­лекет басшысы қол қойған «Жайы­лым­дар туралы» заңда күні бүгінге дейін өздігінен реттеліп келген жайылымның мәселесін бағзы бабалар қалдырған жол­мен ресми түрде нақтылануы көңіл­ге қонады. Заңда жеке және заңды тұлға­лар үшін жайылымдардың қолже­тім­д­і болуы көзделген. Осы құжаттың «Жайылымдарды беру және пайдалану тәртібі» атты 15-бабында жайылым­дар­дың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілген нормалары сақтал­ған кезде өрістерді пайдалануға болаты­ны нақты көрсетілген. Сонымен қатар жайылымдардың құқықтық режимі Қазақ­стан Республикасының жер, ор­ман, су заңнамасына, Қазақстан Рес­пуб­ликасының ерекше қорғалатын табиғи аймақтар саласындағы заңнама­сы­на сәйкес жердің қандай да бір сана­тына олардың тиесілігі және рұқсат етілген пайдалану тәртібі негізге ала отырып айқындалатыны көрсетілген. Ауыл­дық округтер мен аудандық әкім­діктермен бірлесе отырып, жайылым­дарды басқару мен оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту де жергілікті органдардың құзыретіне жататыны айқындалған. Солай бола тұра құм қойнауын түгелдей орман шаруашылы­ғына өткізіп жіберу және олардың бар­лық иелікті қолына алуы шаруаларды қи­нап отыр. Құмынан басқа қыстауы жоқ созақтықтар үшін бұл жан-жақты ой­ластырылып барып шешілетін мәселе еді.

Облыстық мәслихаттың орман қо­рын­дағы жайылымды пайдалану туралы 2012 жылғы тәртібіне сәйкес аудандық орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі жайы­лым пайдаланушы агроқұры­лым­дар­дан төлемақы алып келеді. 2015 жы­лы осы тариф қымбаттап, 2012 жыл­ғымен салыстырғанда 9-14 есеге өсті. Мұның өзі орман қорына жатқы­зыл­ған жайы­лымдардағы агроқұрылым­дар­ға бірқатар қолайсыздықтар мен қиын­дықтар тудыруда.

Шалғай аудандағы жайылымдық жердің 1 миллион 200 мың гектарынан астамы Бетбақдала жазығында жатыр. Осында малшылар мамыр айынан қазан айына дейін мал бағады. Осындағы су 150-300 метр тереңдіктен шығады. Мемлекеттік жеңілдікке сүйеніп құдық қаздық делік. Бірақ одан шығатын судың ішуге жарамды боларына ешкім кепіл­дік бере алмайды. Өйткені аудан­ның осы аймағында уран өндірісі барынша дәуірлеп тұр. Уран өндірісіне байланысты Мойынқұм мен Бетбақдала жайылымдарының бірқатар бөліктеріне шектеу қойылған. Мұның өзі шаруаларға едәуір қолайсыздық тудыруда. Осы себепті аталған аймақта қыруар қаржыға құдық қаздыруға агроқұрылымдар мүдделілік таныта бермейді.

2000-2006 жылдары аралығында «Волков­геология» АҚ бұрын пайдала­нып келген 103 скважина суын тексер­ген­д­е су құрамында радионуклид­тер­дің шекті нормадан асып кеткені анықтал­ды. Сондықтан бұл ұңғымалар жабылды. Содан бері де уран өндірісі бірнеше есеге көбейді. Уран өндіру үшін мың-мыңдаған тонна улы химиялық қоспалар жерасты қабатына жіберіледі. Сөйте тұра Мойынқұм мен Бетбақдала жайы­лым­дарындағы жерасты сулары күні бүгін­ге дейін тексерілген емес. 2018 жыл­­ғы 6 желтоқсанда Түркістан облыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пайда­­лануды реттеу басқармасы «Қаз­атом­өнеркәсіп» ҰАҚ-ына, Түркістан об­лысы бойынша экология департамен­ті­не, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне, Созақ аудандық әкімдігіне өздігінен ағатын ұңғымалар­ды жабуды, экологиялық және сани­та­рия­лық-эпидемиологиялық ахуалды анық­тау үшін жерасты суларын тексеріп тұруды ұсынды. Оның қорытындысы жергілікті тұрғындарға күні бүгінге дейін жария етілген жоқ. Соған қараған­да бұл жұмыс әлі қолға алынбаған да шығар. Мойынқұм, Бетпақдала, Арқа өңірлеріндегі суаттардың құруынан жануарлар әлеміне де үлкен зиян келді. Кезінде аталған аймақтарда үйір-үйірімен өріп жүретін ақбөкен, киік, қарақұйрықты бүгінде емге таппайсыз. Қасқыр, қарсақ, қоян, мәлім, басқа да аңдар қайда кеткені белгісіз.

Тағы бір күрделі мәселе, бұл Мойын­құм мен Бетпақдалада уран өндірісінің тым көбейіп кеткені. Осындағы әр кәсіпорынның құм ішінде даңғырлап жатқан өндірістік асфальт жолдары бар. Бірақ олар осы жолмен ұдайы жүре бермейді. Мәселен, 40 тонналық жүк көлік­тері облыстық маңызы бар жолдар­мен ағылып жатады. Соның салдарынан Шолаққорған – Жуантөбе, Шолаққор­ған – Қаратау бағыттарындағы асфальт жол бүгінде ойдым-ойдым болып жатыр. Оны жыл сайын жөндей беруге аудандық бюджеттің шамасы келмейді. Сондықтан жерасты қазба байлықтарды қалағандарынша алып жатқан мекеме­лер­ге облыстық маңызы бар күре жол­дар­ды жыл сайын жаңартып отыруды тапсыру керек-ақ. Міне, сонда жергілікті тұрғындар жапа шекпейді.

Бүгін-ертең Созақ ауданының тұр­ғын­дары отырған жерлерінен үдере кө­шіп кеткелі тұрған жоқ. Сол баяғы ата кәсібімен айналысып, атамекендерінде ұрпақ өсіруді жалғастыра бермек. Иә, мал бағу – қазақтың ата кәсібі әрі мол табыс кепілі. Сондықтан осы саланы өркендетіп, өзіндік құны арзан әрі эко­ло­гиялық жағынан таза мал өнімд­е­рін шығару үшін жайылымдар жеткілікті болуы керек. Теріскей тұрғындарының осы бір өтініші тиісті мекеме басшы­лары­ның құлағына шалынса деген тілек бар.


Батырхан ТАҢАТОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, кәсіпкер,

Созақ ауданы,

Түркістан облысы