Ғылым қоры толыққанды инвестор болуға тиіс. Бұл туралы «Ғылым қоры» акционерлік қоғамында болған Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мәлім етті. Мұнда ғалымдар өздерінің соңғы ғылыми жаңалықтарын таныстырды.
Олардың ішінде сапалы ұзақ өмір сүруге арналған өнімдер, медициналық, косметикалық және спорт орталықтарындағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі гендік тестілеу бойынша қызметтер, ісік ауруларын дәрі-дәрмекпен емдеу, жылыжайлар үшін диодты жарық шамдарының өндірісі, ірі қара малдың өнімділігін арттыруға арналған жем қоспалары мен басқа да өнімдер бар.
Ел экономикасының басым бағыттарына ғылыми жаңалықтарды енгізу деңгейін арттыру үшін «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданған болатын. Заңның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар жасаған жаңа технологияларды коммерциялық тұрғыда пайдалануды ынталандыру. Қор коммерцияландыру жобаларына мемлекеттік қаржыландырудың жалпы көлемінің 14,5 пайызы немесе 5 млрд теңге мөлшерінде жеке бизнестен қосымша қаржы тартыпты.
Қазіргі кезде коммерцияландыру жобаларын іске асыру нәтижелері бойынша 31 жоба өнім шығару кезеңіне шыққаны айтылды. Олардан бюджетке 964 млн теңге салық төленіпті. Жұмыс орындары ашылған.
Сенат төрағасы ғалымдардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдай келіп, «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңға сәйкес, осы қор табыс табуға тиістігін әрі табыс таба алатын толыққанды инвестор болуы керегін атап өтті. Бұл жағдайда ол әрбір бизнес-жобаны өзінің меншігі ретінде бағалайтын болады. Қордың табысы ұлғаяды, ғылым мен бизнес жобаларды көбірек алады. Қаржыландыру көздерін біріктірудің нақты мүмкіндігі де пайда болады.
Сонымен қатар Дариға Назарбаева ғылыми жобалар маркетингін белсенді түрде жүргізіп, ғылыми қызметтердің нәтижелерін ақпарат құралдарында кеңінен жариялау, республикалық телеарналарда арнайы айдарлар жүргізу, бұл іске әлеуметтік желілерді пайдалану және басқа да жұмыстарды қолға алу қажет деп есептейді.
Заңнамалық актілердегі қайшылықтарға байланысты нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ қолданыстағы салық салу жүйесіне бірқатар мәселе бойынша өзгерістер енгізу қажет болып тұрғаны да назарға алынды.