COVID-19: енді тегін тексерілуге болады

COVID-19: енді тегін тексерілуге болады

Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай тестілеу басталды. 10 сәуірде өткен Төтенше жағдай режимін қам­та­масыз ету жөніндегі мемкомиссия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тестілеу ауқымын айтарлықтай кеңейтуді тапсырды. Осы арқылы мемлекет елімізде шын мәнінде қанша адамның COVID-19 кеселіне ұшырағанын нақты білмек ниетте. «Тәтті өтіріктен ащы шындық артық» деді Президент. Оның бай­ламынша, бұл бірінші кезекте азаматтар денсаулығын қорғау үшін қажет. Адамзат SARS-CoV-2 коронавирусын емдейтін бірегей дәрі-дәрмекке әзірге қол жеткіз­ген жоқ. Сондықтан бұған шал­дыққан адамдарды өзге қауіпті вирустарға қарсы препараттармен емдеп жатыр. 17 сәуір, түс мезгі­ліндегі жағдай бойынша дүние­жүзінде коронавирус инфекция­сына (КВИ) душар болған адам­дар саны 2 миллион 200 мыңға жуықтады. Соның ішінде 147 мың­нан астам адам қаза тапты. Қазақстанда 17 сәуірде, сағат 18:20 жағдайға сәйкес, корона­вируспен ауырған 1 498 науқас тіркелді. Бірақ бұл тек әшкере­ленгендері ғана. Қаншасы дертін жасырып, ел кезіп жүргені бей­мәлім. Сондықтан оларды анық­тап, қоғамнан уақытша оқшау­лау – ұлт қауіпсіздігінің мәселесі. Оның үстіне уақытында табылса, бұл ауру емдеуге көнеді. Жағ­дайды ел Президенті жеке бақы­лауына алған. Денсаулық сақтау министрлігі адам шығынын барынша азайтуға міндеттелді. Осы орайда елорда алғашқы болып жаппай тегін тестілеуді іске қосты. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова КВИ тегін экспресс-тестінен өту үшін азаматтар елор­дада өтінімді Smart Astana қосым­шасы арқылы жібере алатынын түсіндірді. – Ол үшін не істеу керек? Бі­ріншіден, Smart Astana мобильді қосымшасындағы «Медицина» бөлімінде «COVID-19 тестіне тір­келу» анкетасын толтыруыңыз керек. Екіншіден, Денсаулық сақ­тау министрлігінің эпиде­мио­логтары келіп түскен өтініштерді оқып, олардың арасынан белгілі бір көрсеткіш-нышандары бар азаматтарды іріктеп алады. Үшін­шіден, мәртебеңіздің расталуын күтіңіз. Төртіншіден, «Олимп» кли­никалық-диагностикалық зертханасының операторлары сізге қоңырау шалып, процедура кабинетіне бару уақытын, орны мен күнін жоспарлайды. Айт­пақшы, маска киіп, жеке куәлік­пен келу керек, – деді әкімнің орынбасары. Зертхана қабылдауға жазыл­ғандарды ғана қабылдайды. Бесіншіден, талдау-анализ нәтижесі анкета толтыру кезінде көрсеткен электрондық поштаға жіберіледі. «Бұдан бөлек, Smart Astana мобильді қосымшасында «Мен үйде карантиндемін» функ­ция­сы іске қосылды. Сырқаттармен байланыста болған барлық тұлға қосымшаны жүктегені жөн. Сонда құзырлы органдар сол арқылы азаматтың үй ка­рантині талаптарын қанша­лық­ты дұрыс сақтап отырғаны ту­ралы ақпарат ала алады», – деді М.Бектұрова. Мемлекеттік комиссияның жедел штабының дерегінше, әзір­ге елорда және Алматы қала­ла­рын­­да тегін экспресс-тест тап­­сы­руға мүмкіндік беріліп отыр. Қа­лаған адам анкетаны www.cdl.kz сайтында да толтыра алады. Оның арасынан ДСМ эпидемиологтары ауру белгіле­рі COVID -19 ны­шан­дарына ­сәй­кес келетін адамдар­ды өздері таңдап алады. Зертханада алдымен темпе­ратуралық сканер көмегімен па­циенттің қызуы өлшенеді. Егер қызуы жоғары болса, анализ жүргізуден бас тартылады. Бұл зертхана қызметкерлерін вирус жұқтырудан қорғау үшін жасал­ған. Тестілеу арнайы бөлінген емшара бөлмесінде жүргізіледі. Ол жерде басқа адамдардан қан алынбайды.  

Айхан ШӘРІП