Жәрдемақыдан жан қымбат
Жәрдемақыдан жан қымбат
204
оқылды
Төлемнің болғанынан боладысы қызық. Ұлы дүрмекке ат қосып, 7 миллиондай жан «төтенше» төлемге өтініш беріп қойыпты. Оның 3 миллион 482 мыңы алды. Әйтсе де, көбі демеуқаржының атауы «ТЖ кезінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем» деп аталатынына мән бермепті. Енді заңсыз иелену үшін қатаң жаза барын естіп, адамдар 42 500 теңгеден жаппай бас тартып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық өті­ніштің 37%-ы бойынша төлем төлеуге тосқауыл қойылғанын жет­кізді. – ТЖ кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін 42 500 теңге әлеу­меттік төлемді 3 миллион 482 мыңнан астам адам алды. 17 сәуірдегі са­ғат 11.00-дегі жағдай бойынша 6 миллион 671 мың азаматтан өтініш түс­ті, – деп мәлімдеді министрлік. Оның 2,15 миллионына немесе 37%-ына бірқатар себептерге орай төлем тағайындалмапты.  

Бас тартудың сегіз себебі

Сонда неге билік көмекке зәру адам­дар­дың үлкен бөлігін қолдамауға ұйғарды? Бір­неше себебі бар көрінеді. Біріншіден, 157 мыңға жуық өтініште азаматтар же­ке дерегін дұрыс көрсетпеген. Ал заң­на­ма бойын­ша қате құжат назарға алын­бай­ты­ны мәлім. «42 500 теңге төлемге өтініш берген кез­де адамның аты-жөні, туған жылы және ЖСН-і қатесіз жазылғанын мұқият қайта-қай­та тексерген жөн. Осы мәліметтегі 1 әріп немесе сан мемлекеттік ақпараттық жүйе­дегі мәліметке сәйкес келмесе, бұл әлеу­меттік төлем тағайындалмауына соқ­тыра­ды» деп түсіндірді ведомство. Екіншіден, шамамен 80 мың өтініш ие­сі ақша аударылатын банктің деректеме-реквизитін жаңылыс толтырған. «ТЖ тө­леміне өтініш бергенде банк атауы мен IBAN, яғни шотыңыздың 20 белгіден тұра­тын нөмірін көрсету қажет. Көп адам банк картасының 16 саннан тұратын нө­мірін жібере салған. Бұл жағдайда әлеу­меттік төлемді аудару мүмкін емес, өйт­кені банк шотының нөмірі керек. Дұ­рысы мына үлгіде жазылуға тиіс: KZ123456789012345678. Оны банктің ұялы қо­сымшасынан немесе Call-орталығына қоңырау шалып білуге болады», – дейді ме­морган. Мұндай қате жіберілсе, өтініш қо­қыс жәшігіне лақтырылмайды, әрі қа­рай қарауға бағытталады. Оң шешім қа­был­данса өтініш берушіге төлемнің тағайындалғаны, бі­рақ IBAN дерегін нақтылауы керегі көр­сетілген SMS хабарлама келеді. Оған жауап беріп, есепшоттың 20 санды белгісін жол­дау қажет. Үшіншіден, өзінде есепшоты жоқ адам­дар туысының, жолдасының не өзге же­ке тұлғаның банк шотын көрсеткен де­рек кез­десті. Төртіншіден, кейбір өтініш иесінің жұ­мыс орны ТЖ кезінде қызметін тоқ­­­тат­па­ғаны анықталды. Бұлар – ше­неу­­­­­ніктер және бюджеттік ұйым қызметкерлері. Бе­сіншіден, мемлекеттен зейнетақы не­­­­­месе жәрдемақы алатын адамдар да жаңа әлеуметтік төлемді сұрапты. Ең­­бек министрлігі МӘСҚ-тан төлем тө­леу­дің мәні мен мақсаты – карантин жә­не шектеулер енгізілуі нәтижесінде та­бысынан айырылып қалғандарды ма­териалдық қолдау екенін еске салады. Сондықтан тек ресми түрде жұмыс істейтін зейнеткер, мүгедек және жәрдемақы алу­шы ғана төлемнен үміттене алады. Ал­тыншыдан, жұмыссыз жүргендер өті­ніш жіберіпті. Осы үш санаттан кел­ген 863 мыңнан аса өтінішті өңірлік штаб­тар қа­на­ғаттандырмау туралы шешім қа­был­дап отыр. Жетіншіден, төтенше жағдай бұған дейін жалақысын «конвертпен» алған жұ­мыскерлерге қиын тигелі тұр. Олар 42,5 мың­дық төлемнен қағылды. Министрлік азаматтарға жаңа төлем бюджеттен емес, МӘСҚ жинағынан берілетіндіктен, оны алушылардың әлеуметтік сақтандыру жүйе­сіне қатысуы шарт екеніне назар ау­дартады. О баста 12 ай ішінде кем дегенде 3 ай әлгі қорға аударым жасалуы тиіс деген та­лап болды. Халық шағымданғасын және жәр­демге мұқтаждарды кең қамту үшін мем­лекет ол талапты ең төменгі шекке – 1 ай­ға дейін азайтты. Алайда талдау  көрсеткендей, көпте­ген жұмыс беруші және бухгалтерия жұ­­­мыс­шыларға әлеуметтік сақтандыру ау­дарымын жасамайтыны анықталды. Бұдан бөлек, ТЖ төлемін жұмыссыз са­налған, ал шынында таксимен жолаушы та­сыған, киім тіккен, асабалық жасап, той ұйымдастырған және басқа да бизнес тү­рімен айналысқан жандар сұрапты. Олар бұған дейін не салық төлемеді, не зейнетақылық жарна аудармады, ең құ­рығанда бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) рәсімдемеген. Осындай 1 миллион 160 мыңнан астам бейресми табыс табу­шы әшкереленді. Пандемиямен күрес аяқ­тал­ған соң құзырлы органдар ондай өзін-өзі жұ­мыспен қамтушыларды тексерумен ай­налысуы мүмкін. Барлық деректер би­лік қолында бар. Демек, 42,5 мың теңгелік тө­лем төтенше жағдайдан кейінгі кезеңде са­­­лықтық базаның молаюына, өзін-өзі жұ­мыспен қамтушыларды жаппай заң­дас­тыруға серпін беруі ғажап емес. Сегізіншіден, өтініш берушілерді тек­серу барысында қызметкерлерін қа­шық­тан жұмыс істеуге көшірген немесе то­лық емес жұмыс күніне ауыстырған жұ­мыс берушілер де өтініш жолдағаны бел­гілі болды. Мұндай жағдайда жұмысты үйі­нен орындаған немесе жұмыс орнына жар­ты күнге келетін қызметкеріне жұмыс беру­шінің өзі жалақы төлеуі міндет. Егер жұ­м­ысшыларын жалақысы сақталмайтын мә­ж­бүрлі демалысқа жібергені туралы бұй­рық болмаса, билік ондай азаматтарға 42 500 теңге төлемеуге бекінді.    width=  

Пайдакүнемдерді жаза күтеді

Сорақы мәселелердің де беті ашылып жа­тыр. Өтініштің онлайн тапсырылатынын өз орайына пайдаланған кейбір ниеті қара адамдар қайтыс болып кеткен адамдар аты­нан өтініш тапсырыпты. Елді тәрк етіп, өзге мемлекетті таңдаған, бірақ қос азаматтығын сақтаған бұрынғы отандастар интернет арқылы Қазақстаннан әлеу­мет­тік төлем төлеуді талап еткен. Осындай 534 өтініш табылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі барлық төлем алған­дар­дың оған қаншалықты заңды қол жет­кізгені төтенше жағдай   аяқталғасын тек­­­серілетінін мәлімдеді. «Жауапкершілік ба­рын білмедім» деген сылтау жарамайды. Өйткені өтініш ұсыну кезінде әр азамат өзі ұсын­ған деректің шынайылығын растап, бел­гі соғады. Бұл ретте адам табысын жо­ғал­­туға дәл ТЖ әсер еткенін дәлелдеуге дайын болуы керек. «Әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар үшін жаза түрі оның жасаған заңсыз әре­кетінің сипатына байланысты болады. Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 190, 195-баптары аясында қарастырылуы мүм­кін», – деді  Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі. Нақтылай кетсек, «алаяқтық» ат­ты 190-бапқа сәйкес айыптының мүл­кі тәр­кіле­ніп, 1 000 айлық есептiк көр­сет­кiш­­ке (2 мил­лион 778 мың теңгеге) дейін айып­пұл салынуы мүмкін. Немесе түзеу жұ­мыс­тары, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қо­ғам­дық жұмыстарға тарту, болмаса 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жа­засы берілуі ықтимал. Ал «алдау немесе сенiм­ді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру» деп аталатын 195-бапта 160 АЕК айыппұл салуды, түзеу жұмыстарына не 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды, не 40 тәулікке қамауға алуды қарастырады.  

«Адасқанның алды – жол, арты – соқпақ»

Осы хабарды құлағы шалған көптеген қа­­­зақстандық жаңылып жаза басқанын ай­тып, мемлекеттің шығынын өз бетінше тол­тыруға рұқсат сұрап жатыр. «Президент Қ.Тоқаев төтенше жағдай сал­дарынан табысын жоғалтқандарға тө­лем төлеп жатыр дегенді естіп, өтініш бер­дім. Өтініш жолданған тұста жұмыс беру­шім жалақыны аудармаған еді, оны толық ала­тыныма сенім болмады. Енді төлем де, сонымен бір мезгілде жалақы да түсіп отыр. Бір апта бойы 42 500 теңгені кері қай­таруға тырыстым. Ол кезде қайтару те­тігі пысықталмапты. Тек 16 сәуірде ған­а Халық банкі арқылы ниетімді жүзеге асы­ра алдым. Барлық алған ақшамды те­гіс кері жібердім. Ендеше құзырлы орган­дар менің жұмыс берушімді тексеріп, бос­қа әурелемейді деген үміттемін» деп үрей­ленеді Е.Даулетбаев. Тілектес деген азамат алдағы айда тағы төлем алатынына алаңдаулы. «42,5 мың теңге қолыма тиді. Өтінішті 5 сәуір­де бердім. Ол кезде жұмыссыз едім. 9 сәуірде маған әлеуметтік төлем ау­да­рыл­­ды. Қазіргі кезде 20 сәуірден бастан рес­ми түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігі бе­рілуде. Бірақ төтенше жағдай мерзімі 1 ма­мырға дейін ұзартылыпты. Әрі қарай ұзар­тылса не болады? Егер жұмыс істеп, жа­лақы ала бастаған кезде мамыр айы үшін әлеуметтік төлем тағы да төленсе, не істеймін деп мазасызданып жүрмін», – дейді ол. Жеке кәсіпкер И.Қасенбаев SMS ха­­­барламаға жауап бергеніне өкінеді: «Бар­лық салықты адал төлеп келемін. Же­ке кәсіпкерлігімді жапқан жоқпын, іс­теп тұр. Ол төлем төленетіндер тізіміне қо­сылып кетіпті. Өтініш бермесем де, SMS хабарлама келді. Банк реквизитін көр­сетіп, оған жауап бере салдым. Шын мә­нінде, ондай төлемге зәру емеспін. Есеп­шотыма түссе, кері жіберемін деп отыр­мын», – дейді ол. Б.Сатылғанова мемлекет барлық аза­мат­қа еш шартсыз көмектеседі деп қате тү­сі­ніп қалғанын алға тартады. «42 500 теңгеге өтініш жаздым. Ол кез­де дұрыс ештеңе түсінбедім, мәселенің байыбына бармадым. Жанталас үстінде елдің бәрі шатасты ғой. Еңбек министрі Біржан Нұрымбетовтің өзі соған үлес қос­ты: ол ақпарат құралдары арқылы «БЖТ төлесе 42,5 мыңды тіпті бейресми жұ­мыс істегендер де ала алады», – деді. Мен 2019 жылдың тамызынан бері жұ­мыс­сыз ретінде тіркелгенмін. Алайда ка­­­рантинге дейін репетитор қызметінен табыс таптым. Клиенттермен келісім жа­­­саспадым, зейнетақы жарнасын және әлеу­меттік аударымды аудармадым. Төлем алу үшін 2 651 теңге БЖТ төледім. Заңсыз ал­ғандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны айтылуда. Ендеше ондай кө­ме­гінің түк қажеті жоқ. Өтінішімді кері қай­тарып алғым келеді», – дейді Б.Сатылғанова. Министрлік өтінішті кері алу деген жоқ екенін ескертеді. Тек «өтініш беруші қа­­телесіп әлеуметтік төлем алған болса, бірақ бұл қаражатты қайтару қажет деп са­наса», 42 500 теңгені келесі шотқа жі­бе­ре алатынын нақтылады: алушының атауы: «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» КеАҚ. БСН: 160440007161. БСК: GCVPKZ2A. ЖСК: KZ67009SS00368609110. ТТК: 049. Халық банкі мен Kaspi Bank-те есеп­шоты бар азаматтар «Әлеуметтік төлем­дер­ді қайтару» тетігін таңдай отырып, 42 500 теңгені банктің ұялы қосымшасы ар­қылы қайтара алады.  

   width=Айхан ШӘРІП