Ескі техника ес шығарып тұр
Ескі техника ес шығарып тұр
154
оқылды
Қарағанды қаласының маңында апатқа ұшыраған МиГ-31  әскери ұшағы  еліміздің Әскери әуе қорғаныс күштерінің тех­ни­касы болатын. Әрі елімізде апатқа ұшыраған тура осындай мар­калы ұшақтардың  төртіншісі. Әзірге апат се­бептері  бел­гісіз. Әскерилер бір­не­ше фактор әсер еткен болуы мүмкін еке­нін айтады. Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте  Қа­зақстан Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов апатқа ұшыраған  ұшақтың 1991 жылдың наурыз айында  зауыттан шыққанын,  2013 жылы  күрделі жөндеуден  өткенін айтты. Ұшақты пайдалану мерзімі келер жылы аяқталуы тиіс екен. Со­нымен қатар күрделі жөндеуден  кейін қызмет ету уа­қыты   8 жыл  деп белгіленген. Ол да 2021 жылы аяқталуы керек бо­латын. Алайда  ұшақ оған жетпеді. Жалпы, алғаш рет 1979 жылы сериямен шығарыла бастаған бұл ұшақтардың 500-ден астам да­насы жасалған. 13 түрлі модифи­кациясы бар осынау техниканың қазір ары кетсе 200-ге жуығы ғана қалды. Олардың барлығы Ресей мен Қазақстанда. Әрине, көбі көрші елде екені белгілі, ал біз 1991 жылы КСРО тарағанда 40 дана МиГ-31 ұшақтарына иелік етіп қалғанбыз. Бірақ оның 10 данасы әу баста іске жарамайтын ескі техникалар еді. Өзгелерін 2000 жылдардың басында Се­мейден Қарағандыға әкеліп, ел астанасын қорғау міндеті жүк­телген. Содан бері бұл ұшақтар төрт рет апатқа ұшырады. Алғаш рет 2007 жылдың 16 ақпанында Қарағанды маңында ұшақ апаты болып, капитан Денис Фетисов пен майор Андрей Леонтьев қаза тапқан. Апаттың себеп-салдарын зерттеген мамандар қозғалт­қыштың істен шыққанын анық­таған. Ал 2008 жылы Алматы тө­ңірегінде құлаған МиГ-31УБ жер­ден көтеріле бергенде-ақ проб­лемалар байқалған. Ұшқыш­тар оны қайта қондырмақ бол­ғанда басқару жүйесі істен шық­қан. Бір ұшқыш қаза болған. Ма­мандар жөндеу кезінде кемші­лік кеткенін анықтаған. Қоз­ғалт­қыш тозса керек. 2013 жылы тағы да Қарағанды маңында осы тип­тегі ұшақтың бірі құлады. Апат кезінде әуе базасы командирі, полковник Марат Едігеев қаза тауып, майор Руслан Ғалымния­зов аман қалған-ды. Комиссия ресейлік мамандардың дерегіне сүйене отырып, жөндеу жұмыс­тары кезінде жіберілген ағаттық салдары екенін айтты. Сол кезде Бас әскери прокуратураның өкілі Жеңіс Темеков ұшақ апатына зауыттағы күрделі жөндеу жұ­мыс­тары кезіндегі кемшілік себеп болғанын атап өтті. Яғни 2012 жылы жөндеуден өткен ұшақ бір жылдан соң құлаған. Ал соңғы ұшақтың жөндеуден өткеніне 7 жыл болды. Байқасаңыздар, апатқа ұшы­раған 4 МиГ-тің екеуіне қатысты қорытындыда жөндеу жұмыс­тарындағы кемшілік көрсетілген. Соңғы апат себебіне қатысты үш нұсқа айтыла бастады. Адами немесе сыртқы фактор әсер еткен болуы мүмкін. Сондай-ақ техни­калық ақаулардың әсері болуы ғажап емес. Бірақ Қорғаныс ми­нистрлігі алдыңғы күні апатқа ұшыраған ұшақтың ұшқыштары тәжірибелі екенін айтады. Демек, адами фактордың ішінде ұш­қыштардың біліктілігіне сын айтылмайтын болар деп болжай­мыз. Олай болса, сыртқы фактор мен техникалық ақауға қатысты нұсқа ғана қалады. Тиісті комис­сия апат себебін анықтай жатар, біз осы тұста ескірген әскери тех­ника мен кеңестік кезеңнен келе жатқан түрлі мифтердің зардабы мол болуы мүмкін екенін айтқымыз келеді.    width= Түрлі сарапшылар, әсіресе кеңестік әскери мектептен шық­қандар МиГ, сол қатарлы техника­ларды жаһандағы ең үздік ұшақ­тардың қатарына қосады. Иә, МиГ-31 ұшақтары 4 буын жой­ғыштарының қатарына кіретіні рас. Алайда ескіргенін мойын­дауымыз керек. Кейбір ашық дерек көздері Қазақстанадғы МиГ-тердің көбін 31Б сериясы екенін айтады. Оларды өндіру 1994 жылы тоқтатылған. Өндіру тоқтаса, оны жөндеудің де оңа қоймайтынын назарда ұстаған дұрыс. Оның үстіне 2012 жылы жөндеуден шыққан бір ұшағымыз келесі жылы құлады. Ал осы жол­ғы ұшақ 2013 жылы жөнделген. МиГ-терді жөндейтін Ресейдің Ижевск қаласындағы №514 зауы­тындағылар 2013 жылғы апат қо­рытындысына қатысты ко­мис­сия шешімімен келіспейтінін айтып, масс-медиа арқылы түрлі ақпарат таратқаны бар. Алайда жөндеу кезінде қате кеткенін ресейлік мамандардың өздері айтқан-ды. Тек зауыттағылар ол мамандарды жерден алып, жерге салған. Мұның өзі теріскейдегі көршінің қару-жарағын алар болсақ, жаңаларына тапсырыс берген дұрыс екенін аңғартады. Әйтпесе, жемқорлық жайлаған, батыстың экономикалық санк­цияларының зардабын тартып отырған елде көңілден шыға­тындай жөндеу жүргізілетініне кепілдік жоқ. Ал теріскейдегі көрші ара-тұра жаңа техника­ла­рын да беретіні бар. Мәселен, Су-30 ұшақтарының біршама жаңаларын алғанбыз. Ал түріктер былтыр Мәскеуден су жаңа С-400 зениттік зымыран кешендерін сатып алды. Сол сияқты МиГ-тердің де тәуірлеріне тапсырыс беретін уақыт келді. Ебін тапса, көрші келісетін шығар. 2014 жы­лы осы ұшақты шығаратын кон­церн басшыларының бірі Сергей Коротков «Қазақстан МиГ-35 ұшақтарына тапсырыс беретін шығар деп үміттенеміз» деген-ді. 2017 жылы сынақтан өте бастаған ұшақтарға тапсырыс бердік пе, жоқ па бізге беймәлім. Бізге мә­лім бір ғана жайт, қорғаныс тех­никасы ұдайы жаңаланып отыру керек. Жамап-жасқағанмен 1970-80 жылдардағы танктер де, ұшақ­тар да, өзгесі де ХХІ ғасыр талап­тарына сәйкес келмейді. Тағы бір мәселе бар, ол қару-жарақ мен ұрыс техникаларын нарығында біз одақтасымыздан аттап өте алмайтынымыз. Біраз шарттар арқылы байлаулымыз. Әйтпесе, тәуекел етіп АҚШ-тың F-35-теріне, немістің «Леопард­тарына» тапсырыс беруге де бо­лар еді. Оған ешкім қой де­мейтін шығар. Бәрін қаржы ше­шеді ғой.  

Ардақ СҰЛТАН