Таразы басында – экономика мен халық денсаулығы
Таразы басында – экономика мен халық денсаулығы
Миллиондарды үйіне қамаған коронавирус әр­бір ел­ге және әлемдік эко­номикаға үлкен шы­ғын әкелгені анық. Егер кә­сіпорындар іске қо­сыл­ма­са, өндіріс, сауда тоқ­тап, жұрт табыссыз қалатын тү­рі бар. Осы себепті кей­­­­бір мемлекеттер тәуекелге бел буып, карантин та­лап­тарын әлсіретіп, экономикаға қан жүгіртпек. Бірақ бұл ше­шім­ге бәрі риза емес. Вирус жұқтырған әлем халқы 2,1 миллионнан асты. Пандемия әр елде әрқилы жүруде. АҚШ пен Британияда дерт ушығып жат­­­са, Еуропада инфекциядан ең қатты зардап шеккен Испания мен Италияда жағдай сәл де бол­са түзелгендей. Мәселен, ал­­­дыңғы апталарда Испанияда кү­ніне 700-800 кісі көз жұмса, қа­зір бұл көрсеткіш 300-дің ай­на­ласында. Қауіп сейілмегенін көп­­шілік жақсы түсінеді, алай­да миллиондаған тұрғын төрт қа­бырғада қамалып отыра беру­ден шаршағандай. Оған қоса, эко­номика тұралап қалды. Жұ­мыс орындары жабылды. Та­быс кө­ле­мі күрт азайды. Бұған дейін эко­­номистер Еуроодақ  эко­но­­микалық  дағдарыстан шығу үшін 350 млрд долларға шы­ғын­да­­лады деп болжам айтқан еді. Алайда Еуроодақ мүшелерінің қаржы министрлері жақында дағ­дарысқа қарсы құны 540 млрд еуролық ортақ жоспарды бе­кітті. Яғни, пандемияның зар­да­бы болжанғаннан да көбірек қа­ра­жат­қа – жарты триллион еуроға ба­ғаланып отыр. Италия мен Испания. Аталған фактор кейбір ел басшыларын ен­гізілген карантин талабын әл­­­сі­ретіп, халықты жұмысқа шы­ғару­ға итермелеуде. Мәселен, Испанияда осы апта басынан бері зауыттар қайта іске қосылды. Әзірше 300 мың адам жұмысына орал­ды. Олар карантиннің қатаң талаптарын орындай отырып, жұ­­мыс істейді. Бірақ кафе, мей­­­­­­­рам­хана жабық. Алайда ел құра­мын­дағы Каталония ай­ма­ғы­ның басшысы мұндай кеңдікке бара алмайтынын мәлімдеді. Ви­русты 170 мыңдай азаматы жұқ­ты­рып, 22 мыңы бақилық болған Ита­лия да тәуекелге бел буып, ка­рантин талаптарын кезең-ке­зеңімен алып тастап жатыр. Кі­тап, кан­целярия, балалар киімі дү­кен­де­рі ашылды. Сондай-ақ ағаш өң­дейтін, компьютер шығаратын кә­сіпорындар да іске қосылды. Супермаркеттің жұмыс уақыты ұзартылды. Бірақ дүкендер бүкіл Италия бойынша ашылған жоқ, Пьемонт, Ломбардия вирустан көп зардап шеккен аймақ бо­лып есептеледі. Сондықтан ол жақ­та әлі де ережелер қатаң. Жер­­­­­гілікті баспасөз Италиядағы сән, машина жасау, металл өңдеу са­ласындағы ірі кәсіпорындар ел премьер-министрі Джузеппе Кон­теға жұмыс істеуге рұқсат беруін сұрап, қысым көрсетуде деп жазған еді. Алайда үкімет бас­шы­сы мұндай қадамға барғысы жоқ екенін мәлімдеп отыр. Себебі мұның соңы вирустың қайта ша­­­рықтауына әкелуі мүмкін. Сон­дықтан жалпымемлекеттік ка­рантин 4 мамырға дейін өз кү­шін­де қалып отыр. Скандинав елдері. Карантин талаптарын Солтүстік Еуропа елдері де кезең-кезеңімен алып тастап жатыр. Соның бірі – Дания. Мұнда 11 жасқа дейінгі балаларға мектеп пен балабақшаға оралуға рұқ­сат берді. Осылай үкімет ата-аналарды жұмысқа шығаруды көздеп отыр. Бұл тәуекелі мол қа­дам, біраз ата-ана баласын үй­ден шығаруға қарсы. Осы себепті Данияда Facebook-те «Менің балам тәжірибе жасайтын қоян емес» атты топ құрылып, үкіметтің қадамына қарсылық танытуда. 17 сәуірдегі мә­лімет бойынша Данияда 6 879 адам вирус жұқтырып, оның 321-і көз жұмған. Сондай-ақ Нор­вегияда 20 сәуірден бастап бар­лық бал­абақша жұмысын қайта бас­тамақ. Ел тұрғындарына қала сыр­тындағы үйлеріне баруға, спорт­пен шұғылдануға да рұқсат етілмек. Тағы бір аптадан соң сұлулық салондары мен шаштараз да қызметіне кірісе алады. Ал Швецияның үлгісі ешбір елге ұқ­са­май тұр. Мұнда қатаң карантин енгізбей-ақ пандемияны бақылауға алғандай. Әрине, көрші елдер шекарасын жауып жатқанда бұл ел де қарап отыр алмады. Алайда мил­лиондарды төрт қабырғаға «қа­мап» қойған жоқ. Тек жоғары сы­нып оқушылары қашықтан оқып жатыр, 50-ден көп адамның жиналуына болмайды. Ал басқа мектептер, кәсіпорындар, кафелер мен мейрамханалар жұмысын тоқтатқан жоқ. Тек мектепте оқу­шыда инфекция табылса, ол жа­былады. Үкімет жұмыс берушілерге қызметкерлерді үйден жұмыс істеу режиміне ауыстыруға кеңес берді. Қоғамдық көліктер қызметін жал­­ғастыруда. Ел басшылығы қа­таң шектеулерге неге бармай отыр? Себебі үкіметтің пікірінше, адамның еркінен тыс шектеулер Швеция демократиясының не­гіздері мен мемлекеттің саяси бағ­­дарына қарсы әрекеттер екен. Бір қарағанда, саяси еркіндікті бағалаған билік деп тамсанарсың, бірақ бұл елдегі инфекциялық жағ­дай мәз емес. 17 сәуірдегі жағ­дай бойынша, Швецияда 12 540 кісі дерт жұқтырып, оның 1 333-і бұл дүниемен қоштасты. Есепке салсақ, көз жұмғандар ауыр­ған­дардың 10 пайызын құрайды, ал көрші Нор­вегия­да 2,2 пайыз. Оған қоса, Шве­ция­да дәрігерлер коро­навирусты жұқ­тырып, халі тым нашарлағандарға ғана көмек­тесіп, статистиканы қолдан кемі­тіп жатыр деп айыптағандар да табылды. Сон­дықтан вирус талай жанды о дүние­лік етіп жатқанда адам құқығы ең маңызды деп жағдайға нем­құрай­­дылық таныту даулы шешім секілді. Еуропаның ең үлкен эконо­микасы. Германия да карантиннен шығуға дайындалуда. 20 сәуір күні көлемі 800 шаршы метрден аз дүкендерге ашылуға рұқсат беріледі. Әрине, сатушылар мен клиенттер өзара арақашықтықты сақтауы міндет. Мектептер гигиена талаптарын сақтай отырып, тек 4 мамыр күні ашылады. Шаш­тараздар да осы мерзімде жұмы­сын бастай алады. Алайда азамат­тар үй сыртында тек 1 адаммен ғана кездесіп, 1,5 метрлік қашық­тық­ты сақтауы тиіс деген ереже өз күшінде. Концерт, спорт турнир­лері секілді жұрт көп жиналатын қоғамдық шараларды 31 тамызға дейін өткізуге тыйым салынған. Яғни, елдегі Бундеслига секілді алып футбол индустриясы да күзге дейін дамыл табады деген сөз. Мейрамханалар мен кинотеатрлар, шіркеулер қашан ашылары белгісіз.    width= Франция және Ұлыбритания. Экономиканың жайын ойлап, есікті айқара аша қоймаған елдер де табылды. Қазірше ол Франция мен Ұлыбритания. Жақында Франция президенті Эммануэль Макрон қатаң карантин инфекцияның таралуына жол бермейтінін, сол үшін ол тағы бір айға – 11 мамырға дейін ұзартылатынын жариялады. Тек сол уақытта білім ошақтары мен балабақшалар ашылмақ. Ал француздар жиі бас сұғатын мейрамханалардың есігі шілденің ортасына дейін жабық. Жазға дейін Еуроодақ мүшелігіне кірмейтін елдердің азаматтары да Франция шекарасынан аттай алмайды. Мұндай қатаң шешімнің өз себебі бар. Франция - пандемиядан «ауыр соққы алған» еуропалық елдің бірі. 17 сәуірдегі мәлімет бойынша, мұнда 165 мың азамат коронавирус жұқтырып, оның 17 920-сы қайтыс болды. Ал Британияда пандемия өзінің шарықтау шегіне жеткендей. Наурыз айында ғана үкімет каран­тин талаптарын енгізбей, халық дертпен бір ауырып шықса, бойын­да иммунитет қалыптасуы мүмкін деп қол қусырып отырған еді. Ен­ді оның салдары сәуір айында көріне бастады. Дерт жұқтырып, одан жазылып шыққандардың қатарында премьер-министр Борис Джонсон да бар. Алайда бәрінің бұлай жолы болып жатқан жоқ. Қазір 103 мың тұрғын инфекцияға ұрынса, оның 13729-ы бақилық болды. Мәселен, бір апта бұрын көз жұмғандар 8 974 еді. Яғни, Бри­тания коронавирустан осы күндері қатты зардап шегуде. Осы себепті бұл елдің үкіметі карантин талаптарын алып тастауға асығар емес. Ал вирустың бастапқы оша­ғына айналған Қытайдағы Хубэй провинциясында 25 наурызда карантиннің шектеулерін алып тастады. Тұрғындар өзге провин­цияларға сапарлай алады. 8 сәуір күні осы провинциядағы аты­шулы Ухань қаласы да 76 күндік каран­тиннен босатылды. Өйткені қа­таң шектеулер аурудың тарауын тоқ­татты. Енді Қытайда шетелдерден келгендер инфекция таратуда деген ақпарат шықты. Қытай, әсіресе Ресей шекарасын бақылауға алды. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа елдеріне карантин талаптарын әлсіретуге асықпауға кеңес береді. Себебі пандемия екінші рет бұрқ етіп, қайта көтерілуі мүмкін. Оған қо­са, халық тығыз орналасқан Еуропада карантин шектеулерін бір уақытта алып тастамау қажетін айтып отыр. Миллиондар көшеге бір уақытта шығып, ауруды ас­қындырып жіберуі ғажап емес. Ал егер сөз болған Еуропа елдерінің жоспарына зер салсақ, карантинді бір уақытта жұмсартпақ: 20 сәуір және 4 мамыр. Бізді күткен дағдарыс. Коро­навирус қаупі қайтпаса да, біраз ел үкіметтері экономикаға қан жүгірту үшін тәуекелге барып отырғаны мәлім. Себебі көп мем­лекетте басталған эконо­ми­ка­лық дағдарыстың салдарымен күресу үшін бірнеше миллиард долларлық жоспар қабылдағаны мәлім. Мәселен, Францияның эко­номика және қаржы министрі Брюно Ле Мэрдің пікірінше, биыл елінің ЖІӨ 8 пайызға кемиді және бұл дағдарыс Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнен де ауыр болуы мүмкін. Ал Ұлыбританияның қаржы миистрі Риши Сунак, ке­рісінше экономикалық дағдарыс ауыр болса да, уақытша деп есеп­тейді. Не де болса, көптеген мем­­­лекеттің жағдайы ауыр. Мә­селен, Халықаралық валюта қоры­­­ның директоры Кристалина Георгиева қордан 80 дамушы ел құны 2,5 трлн доллар болатын қарыз сұраған. Оған қоса, Сауд Ара­биясы мен Ресейдің келісе алмауы­нан мұнай бағасының күрт құлдырауы біраз елге қосымша соққы болды. Қазірдің өзінде Дүние­жүзілік банк Қытайды қоса ал­ғанда Оңтүстік - Шығыс Азия елде­рінің экономикасы биыл болжан­ған 5,8 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендеуі мүмкін, ал егер жағдай ушықса, онда тіпті 0,5 пайызға жетеді деп болжап отыр. Яғни, бұл аймақтың дамуы 2020 жылы 11 есе азаюы мүмкін. Бұл – мил­лиондаған азамат жұмыссыз қалып, реттелмеген миграция, урбаниза­ция басталады деген сөз. Аталған болжамды Дүние­жүзілік сауда ұйымының бас­шысы Роберто Азеведо да растап отыр. Оның пікірінше, биылғы экономикалық дағдарыс 2008 жылғы қаржы дағдарысынан да ауыр болады. Қысылтаяң кезең АҚШ-та басталып та кетті. Әлем­нің ең ірі экономикасында Bank of America банкінің жетек­ші сарапшысы Мишель Мейер­дің хабарлауынша, үлкен эконо­ми­ка­лық дағдарыс басталған және мұның соңы рецессияға әкеледі. Осы банктің болжамына сай, Аме­рикада ЖІӨ биыл 12 пайызға кемиді және жұмыссыздар саны маусым айында 3,5 млн-ға жетеді.  

 width=    Нұрмұхамед БАЙҒАРА