Қарын тойғызар қанағат жоқ
Қарын тойғызар қанағат жоқ
217
оқылды
Карантин кезінде  Nur Otan мен Jas Otan еріктілері жалғызбасты қарттарға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте қажетті тауарларды, оның ішінде медициналық бетперделер мен антисептика­лық құралдарды таратып жүр. Көпшілік алғысын жаудырып жатыр. Алайда бұл көмекті азсынып, алған үстіне ала беруді ойлайтын азаматтар да бар. Қоғам масылдық психологиясынан, әлеуметтік инфантилизм дертінен неге арылмай отыр? Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, «Біз біргеміз» челленджінің аясында елорда бойынша 500-ден астам ерікті жұмылдырылған. Барлығы үй-үйді аралап, азық-түлік себеттерін апарады. – Біз өткенде бір үйге барсақ, үйінде қара нан мен тұзынан басқа ештеңе жоқ бір ата мен әже наурыз көже дайындап қойған. Екінші бір жерге барған кезде бізге маска сыйлап жатқан ата-апаларымыз бар. Кейбірі батасын беріп, қуаныштан жылап жатады. Ал кей жерлерде «Мына азық-түліктерің аз, тез бітіп қалады. Тағы да алып келіңдер» деп сы­найды. Волонтерлардан қосымша ақша сұрайды. Волонтерлер үйіне бара жатқан кезде телефондарына да хабарласып жатады ғой. Сол телефонға қайтадан кейіннен қоңырау шалып, «Мынадай азық-түлігім бітіп қалды, алып келіңдер, жеткізіп беріңдер» деп те қор­қытып, әкімшілікке, басшылыққа айтамын деп қоқан-лоқы жа­сайды. Ондайда біз волонтерла­рымызға «Сендердің басшыларың жоқ, еркінсіңдер, өз еріктеріңмен жұмыс істейсіңдер» дейміз. Олар­дың ішінде 50-ден асқан аға-апаларымыз да, 20-22-дегі жастар да бар, – дейді Дәулет Кәрібек. Масылдық мәселесі дамыған елдерге де тән. Мысалы, Еуропада кей азаматтар жұмыс істегеннен гөрі әлеуметтік жәрдемақылар мен сақтандыру төлемдері есе­бінен өмір сүреді. Бізде ондай жағ­дай жоқ. Кеңес Одағының ыды­рағанына отыз жылдай өтті. Халықтың жаңа буыны өсіп шық­ты. Алайда қоғамда «мемлекет асы­райды» деген психология мұр­ты бұзылмастан мызғымай қалып қойған секілді. – Кейбір кезде интернетте жа­зып, басқа жерлерде хабарла­сып жатқан соң, біз азық-түлік се­бет­терін алып барсақ, үлкен-үлкен зәулім сарайдай, жаңадан со­ғыл­ған тұрғын үй кешенінде тұратын азаматтар алдымыздан шығып, азық-түлігімізді алып жатады. Оларға біз ескертіп айтамыз: «Жағдайы сізден де өте нашар азаматтар бар, біз соларға жеткізіп тастауымыз керек, сіз­дерге керек болып жатса, кейін­нен жеткіземіз, бірақ бірінші кезекте тұрғандар бұған қатты мұқтаж» дейміз. Олар «Мен сен­дерді әлеуметтік желіге жазамын, жұмыстарыңды жоққа шыға­рамын» деп бопсалайды. Адамның байлығы дүниесімен емес, кө­ңі­лі­мен есептелетініне көз жет­кіз­дік. Өйткені өздері жер­тө­леде тұрып жатқан аға-апала­рымыз, жал­ғызбасты аналарымыз бізге наурыз көжесін беріп, қолдан маска тігіп сыйлауы – осыған ай­қын дәлел, – дейді Дәулет Кәрібек.    width= Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» атты мақаласында жаһандық дағ­дарыстың басты себебі әлеуметтік масылдық болғанын жазған. «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – прак­тикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын. Өйткені мен қазақстандықтар жақсы бі­летіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург болып бастадым», – дейді Ұлт Көшбасшысы. Рас, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналуды көздесек, масылдық психологиядан арылу қажет. Әрбір қоғам мүшесі «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» қағидасын терең түсініп, адал еңбек етуге әрекеттенсе, жаңа­ғыдай жайттар болмас еді. – Бір нәрсені мойындау керек, біздің халықтың тұрмысы нашар, теледидардан көрсеткендей емес. Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде алдағы уақытта, індеттен кейін де мони­торинг жүргізу арқылы мұқтаж жандарды анықтап, әлеуметтік қамсыздандыру жұмыстарын ұмытпауға тиіспіз, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы. Масылдық көктен түскен нәрсе емес. Ол – адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан масылдықпен күрес өмір бойы жалғасады. Кеңестік кезең кел­меске кетті. Нарықтық эконо­миканың қайнаған ортасындамыз. Әркім өз күшіне сенетін заман. Философ Серік Нұрмұратов ма­сылдықтан арылу үшін адам ру­хани тұрғыдан кемелденуі керек деген пікірде. Профессордың сө­зінше, масылдық адамдар ара­сында қандай да бір тарихи кезеңде де көрініс беріп отырған. – Масылдықты теріс құбылыс ретінде талай жырауларымыз, шешендеріміз өздерінің нақыл сөздерінде айтып кеткен. Ма­сылдық айналып келгенде адам­ның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен бо­луынан, рухани жетілмеуінен болады деп есептеймін. Ал шын­туайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді, – дейді ғалым. Келіспеске амал жоқ.  

 width=    Еркебұлан НҰРЕКЕШ